Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин Қатар мемлекеті елшісімен кездесті

931 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қатар мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ахмед бен Әли Әл-Тамимимен кездесті. Қос тараптың алғашқы кездесуінде елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызды мәселелері талқыланды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин Қатар мемлекеті елшісімен кездесті

Н. Нығматулин Қатар Қазақстанның маңызды серіктесі екенін алға тарта келіп, әріптестікті одан әрі белсенді түрде тереңдету қажеттілігіне тоқталды. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 26 жыл ішінде, Қазақстан мен Қатар көп бағытты әріптестікті нығайтуда жоғары табыстарға қол жеткізді. Тараптардың айтуынша, ол екі мемлекет басшыларының өзара түсіністік пен достық ниетке негізделген тиімді жұмыстарының нәтижесі . Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Қазақстан мен Қатардың сауда-экономикалық әлеуеті өте зор.

Осыған орай, Н. Нығматулин Қатар кәсіпкерлерін Қазақстандағы қаржы саласы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық, туристік инфақұрылымдарды дамыту бойынша инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды. Өз кезегінде Ахмед бен Әли Әл-Тамими мырза, Қатар Әмірі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір бастамасына аса құрметпен қарайтындығын және екі ел арасындағы қатынасты дамытуға әрқашанда ынталы екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қатар мемлекеті саяси, экономикалық басқа да бағыттарда қолдау көрсете отырып, қос мемлекетке тиімді жобалардың барлығына қатысуға дайын екендігін білдірді.

Одан әрі кездесу иелері халықаралық және парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз етті. Палата Спикері екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда парламентаралық ықпалдастықтың рөлі зор екенін айтып ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы өзара сапарлар практикасын енгізу қажеттігін, ол заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретініне тоқталды. Кездесу барысында Мәжіліс төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясына 25 жыл толуына орай Астанада өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының төртінші кеңесіне де баса назар аударды.