Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Қызылордада жер қойнауын пайдаланушылармен мәжіліс өтті

890 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың, «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың және мұнай өндіруші компания басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте мұнай-газ секторын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордада жер қойнауын пайдаланушылармен мәжіліс өтті

Жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев мұнай кен орындарының табиғи сарқылуына байланысты соңғы жылдары мұнай өндіру көлемі төмендегенін айтты. Соңғы 6 жылда 5 млн тоннаға жуық мұнай қорын жоғалтқан.

«Өткен жылы 420 мың тонна жоғалтсақ, биыл 1 млн тоннадан астам мұнайдан айырылып отырмыз. Бұл, әрине, газ өндіру көлеміне де, өнеркәсіптік өнім өндірісінің жалпы көрсеткішіне де әсер етеді. 2017 және 2018 жылдары мұнай, газ және уран өндірудің төмендегеніне қарамастан, біз экономиканың басқа салалары есебінен мұнай өндірудің төмендеуін өтей отырып, жалпы өңірлік өнімді 100% деңгейінде қамтамасыз еттік», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінде облысымыз үшін маңызды боп саналатын мұнай-газ саласы: мұнай мен газ экспортының көлемін арттыру және жаңа кен орындарын игеру мәселелері көтерілгенін атап өтті.

«Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерге сәйкес мұнай компаниялары ішкі нарыққа барлық өндірілетін шикі мұнайдың 75% сатады. Біз Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларына қатысты қазіргі бөлу принципін әділетсіз деп есептейміз. Ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша ең үлкен жүктеме өңіріміздің компанияларына тиесілі», - деді облыс басшысы.

Осыған байланысты Павлодар және Шымкенттің мұнай өндіру зауыттарын шикі мұнаймен қамтамасыз ету бойынша «ҚазМұнайГаз» -бен шамалас батыс өңірлері компанияларының үлесін арттыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Жаңа кен орындарын игеруге қатысты, облыстың бастамасы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жалпы ұзындығы 760 шартты шақырым (геотраверс) болатын магниттік толқындармен геологиялық зерттеулерді қаржыландыру үшін әзірленген жобалық-сметалық құжаттама бойынша республикалық бюджеттік комиссияға өтінім берді. Сондай-ақ Сыр өңірі, Сырдария және Шу-Сарысу ойпаттары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.

Өткен жылдан бастап өңірде 2018-2019 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамытудың Жол картасы жүзеге асырылуда. Жол картасының келісімшарттық аумақтары шегінде мұнай компанияларының қаражаты есебінен 3,5 мың метрге дейінгі тереңдікте 62 мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылауды қамтиды. Алайда, Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушылары өздерінің келісімшарттық аумақтарын 5 мың метрден астам тереңдікте зерттеу қажет. Осы ретте, «ҚазМұнайГаз»қаражаты есебінен 5 мың метрден астам тереңдікте тірек-параметрлік ұңғымаларды бұрғылау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Қызылорда облысының әкімі көтерген барлық мәселелер орынды екенін атап өтті.

«Біз аймақтағы мәселелер туралы хабардармыз және сіздің ұстанымыңызға түсіністікпен қараймыз. Оларды шешудің жолдарын қарастыру мақсатында келдік. «ҚазМұнайГаз» бұл мәселелерді шешу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыратынын атап өткім келеді», - деді А. Айдарбаев.

Жиын барысында аймақтағы жергілікті мұнай өндіруші компаниялардың басшылары Сыр өңіріндегі көмірсутек шикізатын өндіру жағдайы туралы айтып, бірқатар ұсыныстарын да енгізді.

«ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев бастаған делегация Қызылордаға жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында «ҚазМұнайГаз» басшысы «Қазгермұнай»БК» ЖШС және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамында болды. Сонымен қатар Сырдария ауданының ардагерлерімен кездесіп, Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың құрылысымен танысып, қалалық мұражайды аралап көрді.