Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

Алматыда Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдерінің басқосуы өтті

898 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар мемлекеттің  басты байлығы. Олардың кәсіпкерлікпен айналысуына, терең білім алуына барынша мүмкіндік тудыру игі табыстарға жеткізеді. Ал жас буын өз потенциалын толық пайдалана алып жүр ме, ҚХА қызметінде жастар қозғалысының рөлі қандай,  қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығы, ел жастарының бәсекеге қабілеттілігін қалай арттыруға болады деген сипаттағы маңызды сауалдар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Алматыдағы Достық үйінде өткен алқалы жиында кеңінен сараланды.

Алматыда Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдерінің басқосуы өтті

Этномәдени бірлестіктер ең алдымен  Қазақстанның мәдени-тілдік байлығын сақтай отырып, өздерінің халықты біріктіру жөніндегі қоғамдық рөлін орындаулары керек екенін жеткізген Жансейіт Түймебаев, таяу болашақта бірлесе атқарылатын міндеттер төңірегіндегі пікірін ортаға салды.  Атап айтқанда, республикалық этномәдени бірлестіктерге өз этностары арасында жүргізілетін жұмыстарды жандандырудың, ҚХА-ның барлық құрылымдарының қызметіне қатысуды кеңейтудің маңызын, өздері шыққан елдермен халықтық дипломатияны дамытудың, соның ішінде технологиялар трансфері, инвестиция тарту мүмкіндіктерін пайдалану, мемлекеттік тілді үйренуге басым көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті.

«ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы шеңберінде этностардың жастар ұйымдарының жұмысына мән беруінің маңызы зор. Сіздердің құрылымдар азаматтық қоғамның қуатты институттарына айналуы керек. Бұл үшін этностарды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге кеңінен тартуды қамтамасыз ете отырып, олармен ұдайы жұмыс істеу қажет», – деді ол өз сөзінде.

Ассамблеяның алдағы сессиясын өткізуге күш жұмылдыру,  «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы ортақ мақсаттардың маңызы кездесуде баса айтылды.

«Қазақстан әзербайжандарының қауымдастығы» республикалық ҚБ төрағасы Абилфас Хамедов: «Елбасы Қазақстан Халқы Ассамблеясына зор сенім артып келеді. Сол сенімнің межесінен шығу үшін ел игілігі жолында адал қызмет атқарып, тәуелсіз Отанымыздың гүлденуіне бәріміз қалтқысыз қызмет етуіміз қажет. Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық бәрімізге ортақ құндылық. Президентіміз өткен жылы Ассамблеяның әлеуетін арттыруда қалалар мен облыс басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, бірнеше маңызды жобаны бірлесе іске асыруда тапсырды. Бұл талай шаруаларды ілгерілетті. Биылғы атаулы  жылда ел ертеңі саналатын жас буынды жан-жақты қолдау қажет», – дейді.

Басқосуда сөз алған, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нурумов, «Мицва» Қазақстанның еврейлер қауымдастығының төрағасы Александр Барон, «Белорус мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Леонид Питаленко республикалық этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы айтып берді. Жиын қорытындысына сәйкес, 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен нақты міндеттер айқындалды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ