Әлем • 15 Наурыз, 2019

Әуе тасымалы қаншалықты қауіпті?

1431 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр әуе апаттарынан көз жұмғандардың саны 2017 жылмен салыстырғанда күрт өскенімен, азаматтық авиация тарихындағы қауіпсіз кезеңдердің санатына қосылды.  

Әуе тасымалы қаншалықты қауіпті?

Нидерландыда ор­наласқан Aviation Safety Network (Авиа­ция­лық қауіпсіздік желісі, ASN) ұйымының деректеріне қара­ғанда, өткен жылы авиа апаттардан 556 адам көз жұмған.

Олардың ішіндегі ең ірісі Ин­донезия көгінде тіркелді. Lion Air компаниясына тиесілі «Боинг-737 MAX» әуе кемесі 29 қазан күні Джакартадан ұшып шыққан бойда теңізге құлап, борттағы 189 адам түгелдей опат болды. Арнайы құрылған комиссия бұл әуе кемесі техникалық жарақсыздығына байланысты көкке көтерілмеуі тиіс еді, деген қорытынды жасап үлгерді. 

Ал 18 мамыр күні Cubana de Aviacion авиакомпаниясының «Боинг-737-201» ұшағының Га­ва­­наға таяу жерде құлап, 112 адам­­ның қаза табуының себебін ма­ман­дар адами фактормен байла­­ныс­тырды. 

Сондай-ақ Катманду әуе­жайы­ның тұсында 12 мамыр күні 51 адам қаза болған Bombardier Dash Q-400 ұшағының апатына тех­никалық ақау себеп болды де­ген салмақты пікірлер жария­ланды. 

Ал ақпан айында Иран мен Ресейде болған ірі ұшақ апаттарынан бас-аяғы 137 жолаушы бақилық болды. Ирандағы апат ауа райының қолайсыздығымен бай­ланыстырылған болса, ресей­лік­тер бұл қайғылы оқиғаға адам­ның қателігі себеп болды деген мәлімдеме жасады. 

Жоғарыда аталған ASN ұйы­мы­ның деректеріне сүйенсек, был­тыр адам шығыны болған 15 әуе апатында 12 жолаушылар ұша­ғы және 3 жүк тасымалы ұша­ғы қираған екен. Егер, бұған әс­кери-транспорттық ұшақтардың апаты қосылса, апат саны 25-ке, ал қаза тапқан адамдар саны 917-ге жетеді. 

Халықаралық ұйымның статистикасы 2018 жылы әрбір 2 520 000 ұшудың тек біреуінде ға­на адам шығынына ұласқан апат болса, 2017 жылы әрбір 7 360 000-шы тасымалда кісі өлі­мі тір­келгендігін көрсетіп отыр. 

Осындай жантүршігерлік дерек­терге қарамастан, ASN өкіл­дері соңғы уақыттары азамат­тық авиация саласындағы ахуал­дың едәуір түзелгендігін айтуда. Осы орайда «Еуроньюс» арнасы ұйымның бас директоры Харро Рантердің «Егер, апат­тар саны осыдан 10 жыл бұрын­ғы­дай болса, былтыр адам өліміне соқ­тырған 39 әуе оқиғасы тіркелген болар еді. Ал 2000-шы жылдардың деңгейінде қалсақ, төтенше оқиғалар саны 64-ке жетер еді», деген пікірін келтірген. 

Мұндай шүкіршілік тек сала ма­­мандарына ғана жұбаныш сый­­ласа керек. Өйткені көкте ша­ра­сыз халде қаза тапқан мың­ға жуық адамның әрбірінің азап­ты өлімі мен отбасындағы қиын­шы­­лық­тарын адам айтып тауыса алмас. 

Аталған ұйымның деректеріне қарағанда, әуе апаттарына көбіне әуе кемесінің басқаруға «көнбей» қалатындығымен бай­ланысты орын алады екен. Мә­селен, соңғы бес жылдағы 25 апаттың онында ұшақтар еш­қандай басқаруға келмей қал­ған. Осы орайда «Boeing» ком­паниясы жүргізген тексерулерге сүйенсек, 2007 жылдан бері қа­рай адам шығынына әкелетін қай­­ғылы оқиғалардың 11 пайы­зы ұшудың крейсерлік, яғни қо­лай­лы биіктігінде болған екен. Ал 24 пайызы төмендеу және қо­­ну кездерінде тіркелген. Өз кезе­гін­де әуе кемесінің көтерілуі ке­зін­дегі апаттардың үлесі 6 пайыз болса, ұшақтың биіктікті бағын­дыру сәтіндегі апаттардың саны да 

6 пайыздық межеден аспай­ды екен. 

Ал әлемдегі әуе апаттарының 50 пайыздан астамына ұшқыш­тар­дың қателіктері себеп болған. Одан кейінгі орындарда ғана ұшақ ақауы мен ауа райының қо­лай­сыздығы тұр. 

Жалпы, біздің елімізге қатысы бар әуе апаттарының хронология­сына қарап отырсақ, ең алғаш ресми тіркелген апат 1941 жылы Алматы маңында болған. 26 жел­­тоқсан күні Ақмола мен Қостанай облыстарына бет алған Орта­лық комитет басшылары мін­ген Г-2 ұшағы ауа райының қо­лай­сыздығынан Бақанас маңында құ­лаған. Бұл апаттан ұшақтың құй­рық жағында отырған 8 жолау­­шы аман қалған. Ал экипаж мү­шелерін қосқандағы 26 адам мерт болған. Ұшақ жерге соғылған сәтте қақ бөлініп, көретін жарығы таусылмаған сегіз адам жан жаққа шашылып кеткен.

Ал қазір құрдымға кеткен «Эйр Қазақстан» компаниясына тиесілі ұшақтың қатысуымен болған апат әлемдік авиация тарихындағы ең ірі оқиғалардың бестігіне енеді. 1996 жылы Шымкент – Дели бағытында көк­ке көтерілген Ил-76 ТД ұша­ғы Үндістанның Чархи Дадри қа­ла­сы­ның маңында әуеде Сауд Арабия­сына тиесілі «Боинг» ұшағы­мен соқтығысып, екі ұшақ­тағы 349 адам көз жұмды. 

Одан бергі уақытта да әлем ел­дерінде небір апаттар болды. Ғылым мен техниканың қарыш­тап дамығандығына қарамас­тан, ғұлама ғалымдар мен өрелі өнер­тапқыштар да, ауызын айға біле­ген компаниялар да әуе апаттарында адамдарды құтқарып қа­лу­дың оңтайлы жолын тапқан жоқ. 

Бірақ әлемде секунд сайын бір әуе кемесі ұшып, енді бірі қо­нып жата­тын­дығын ескерсек, әуе тасымалы жолаушылар үшін қор­қы­нышқа айналмауы тиіс. Мә­селен, www.flightradar24.com сай­тында онлайн режимінде ұшақ­тар қозғалысын бақылауға бо­лады. Сонда ғана мыңдаған ша­қы­рымдық биіктікте қанша темір көліктің аман-сау қалықтап жүр­гендігіне көз жеткізесіз.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»