Қазақстан • 15 Наурыз, 2019

Тіл биігіне ту тіккен

1312 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаевтың дүниеден өткеніне бір жыл толуы қарсаңында еске түсіп, қаламға ілінген жазбалар

Тіл биігіне ту тіккен

Бәрі дәл бүгінгідей есте. «Ағалап» ке­ліп алдымнан шығып, жел тұрса «мен кеттім» деп тұра жөнелуге да­йын қара шашын салалы саусақтарымен бір қайырып тастап, жезкөмейден шығатын жарқын дау­сына жұмбақтау бір рең жүгіртіп, өзгеге қызық, өзіне мінез қосатын пейіл­мен тосын сырдың тиегін ағытуға дайын ыңғайын көріп, құлақ пен күлкіні қатар делбеп, бір иығымды бейімдейтін едім. «Аға, осы мен көп адамға жақпайтын секілдімін, өзім жайсызбын ба, әлде сөзім жайсыз ба, әсіресе әкім-қаралар мен жақындағанда түлкібұлаңға салып, түрін өзгерте қояды. Соны көргенде желкемде жүрген жыным жаныма жетіп келеді де, садағы келген сөз-жебесін тартамын да жіберемін, осыған қалай қарайсыз?» дейді менен емтихан алып отырғандай жауап күтіп.

Оңай-ақ сұрақ сияқты, жауабын да жеделдеп бере салуға болатындай. Бірақ соңында салмағы, алмағы мен аңдамы, қауып түсер қармағы мен бүгулі бармағы бар сұрақ. Ойлана, талай жайды ойға ала жауап беруге тура келеді. «Меніңше, се­ні он адамның сегізі жақсы көреді, мүм­кін екеуі жақсы көрмес, азшылық көп­ші­лікке бағынған заң бойынша, жеңіс сенің жағыңда» деймін әзілге иық беріп. Әй­теуір мен сені жақсы көрем, өзіңді іні тұтқасын ба, сенің әр сөзің қаттаулы құ­пия, жаттаулы жария деп санаймын. Шын­дық деген ащы болатынын өзің де білесің, көзіңнен жас, көңіліңнен сора ағызады.

Жасаған адамды жаратқанда тәні мен жанын ретке келтіргенмен, мінезін пен­денің өзіне берген дейді ғой дін дәр­гейлері. Рахымжан әдебиетке мінезбен кел­ді. Ақындық мінезбен келді. Ашық аспаны кенет құбылып, бұлт басып, дауылдатып кететіні бар-ды. Сол мінезбен өзінің 7 баспатабақ өлеңін ақынжанды досының қанжығасына байлап жібергені де бар. Қайтып алмады. Әлгі досы содан танымал ақын болып шыға келді. Қырдан соққан қара желден теңселіп тұрған қарағайдай болған тұрқына қарасаң, иілгенмен сынбайтын еді. 

Бір болған оқиға еске келе қалды. Рахымжан онда Астанадағы Ұлттық кітап­ха­наның директоры болатын. Қараша айының басы. Қара суық, қара дүрсін жел. Осында өтетін шараға қатысу мақсатында келген Сауытбек Абдрахманов, Ұлықбек Есдәулет және мен сыртта әңгімелесіп тұр­ғанбыз. Анадай жерде шашы желден қо­бырап Рахымжан келе жатыр екен. Жалаңбас. Жанымызға келіп амандаса бергенде, Сауытбек: «Сөздеріне қарасақ билер сияқты» деді әзілге иық бергендей. Ұлықбек: «Түріне қарасақ киллер сияқты» деді ұшындырып. Рахымжан маған жалт қарады. Мен: «Жазғандарына қарасақ Шиллер сияқты» дедім. Рахымжан: «Аға, құтқардыңыз, рахмет» деп мені құшақтай алды. Ол тапқыр сөзге табынып өскен азамат еді. Әрқашан тауып айтатын, мінезі келгенде, кейде қауып айтатын. Оны қа­лың оқырман біледі деген ойдамын.

«Қазақтың қара сөзін бір кісідей құ­был­тамын, қойдай айдап, қораға қа­май­мын, маған сөзден түйін түю қиын емес, ойдан түйін түю қиын, қа­ламның кейде өзіңе де бағынбай кететін мі­незін сіз де білесіз ғой, бірақ артында арам­дығым жоқ, ақиқаты осы болар деп алыс­қа тартатыным бар, әйтпесе ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, жер өртеп, ат шы­ғаратын да адам емеспін. Айтсам тілім жазықты, жазсам қолым жазықты» дейді ол өзіне тән шешендігіне қол артып. Жа­зуын жазғанмен, әр шығармасына әдеп пен әділдіктің өлшемі, шындық пен ақи­­қаттың теңшемі қажет екенін терең ұғы­­натын талант екеуара сыр ағысында бұл тұрғыда айтарын талай рет ортаға салғаны бар.

Кезінде, әлі де, азаттық таңы шапағын түре қоймаған кезде Рахымжан «Қазақ әде­биеті» газетінде қызмет атқарды. Сол кездегі ұран да, ұрыс та айдынын алып қашқан Арал теңізінің тағдыры ту­ралы өрбитін. Ақ дариға теңіздің екі бұрымы – Әму мен Сыры теңізге жетпей жұтылып, су басындағыға ұтылып, жоспар деген құтырып тұрған кезінде «Қазақ әдебиетінде» Рахымжан: «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мақалалар шоғырын қоздатты. Су мен шу қатар ағып, қаламгердің қапысын тауып айтқан қос сөзі нақылдай нақышталып, ауыздан ауызға, қаламнан қаламға көшті.

Көпшілік нақылға айналған бұл тір­кесті ауызда ойнатты, жария етіп жайнатты. Жас қаламгерге мақтануға тұратын жағдай еді. Тарихи әділдікке жүгінсек, бұл сөз – ақиқат сөзі болатын. Миллиондаған жылдық тарихы бар, кезінде Тетис атты ұлы мұхиттың шүңгүлі болған Көк теңіз – Кердері теңізі – Арал жағалауына жа­пыр­­лай қонған талай елдің тағдыры да, ән-жыры да болғанын ешкім жоқ­қа шы­ғара алмас. Құлындай тулаған қаязы мен сары бауыр сазаны бастатқан сан ба­лықт­ың атасы да осы айдында дүрмеп кө­шіп, дүркіреп жосылып жататын. Ел айы­рылғанда еншімізден де қол үздірген Еділ бойы аштыққа душар болғанда кешегі көсемнің хатына он төрт вагон ба­лық жіберіп, жалпыкеңестік жария­ға жалпыұлттық еңбекпен жауап берген Арал еді бұл. Қазақтың несібесін қазанға сал­ған қазына еді қарт теңіз.

Бірде, тәуелсіздіктің алғашқы ке­зеңін­де, «кезінде Арал тағдыры – адам тағ­­дыры» деп жазып, қалың елді үміт қан­жығасына байлап қойғаным бар еді. Бірақ Аралдың орнына келмейтінін біле жүріп, елді елеңдетіп жазып, үмітін алдадым ба деп кейде ұялатын болдым. Сөз оңай, іс қиын екенін білетін жасқа келдік қой, соным қате, асығыстық болды-ау деп өкінемін. Көпті алдағандай болып, көп ұялатын болдым, бұған не дейсіз дегені бар-ды. «Арал тағдыры – аран тағдыры» болды деп күйзелетін қаламгер. Бұл да оның аузынан оқыста ұшып шыққан оқ секілді сөз болатын. Сөзі жүйрік, жазғаны сүйрік болатын. 

Арал туралы сиырқұйымшақ сөз болса, қысыр мәжіліс түзілсе, Рахымжанның осы айтқаны есіме келеді де тұрады. Кешегі күнгі Жайық атты жанды судың, Қи­ғаш атты қанды судың, тепсініп келіп тебіскен, қылыш пен найза көріскен Теп­тердің бойын бірге аралаған кездерде, Сарайшықтың кешегісін жыл са­йын шайып,­ ­ертеңінің ендігін кесіп бара жатқаны да­ әңг­імеге тұздық болып, жазатын нәрсе көп, қазатын кім бар, айтатын нәрсе көп, алатын кім бар деп бірге те­біренген шақтарымыз да енді бәлду-бәлду бәрі өтірік секілді.

«Жазсақ осыны жазайық, қазсақ осы­ны қазайық, жағасында жүрсің ғой, қала­мыңды қыса ұста» дегенмін. Кейінгі кезде осы сөзімізді тірілткендей болып, жақсы жа­ңалық Жайық бойын шарлап кетіп еді. Ойда жоқта Жайықтың бойы қырылған балықтың қырманы болып, ел елеңдеп, жергілікті жұрттың аузына бірде тиіп, бір­де тимейтін қызыл балықтың да жүз­ден астам тоннасы пешке жағылып, көп­шілік түтінге ысталып жатыр. «Өзіңе өзің бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз еске түсіп, жұмбақтың жауабын таппай жал­тақтап жатырмыз.

Сарайшықтың басында тұрып, оның болашағы туралы пайымды пікір, айым­ды сөз айтқан сәттеріміз дерекке дәт, жан­ға қуат болып еді. Айтылған сөз қағаз жүзінде қалмай, Жайықтың жағасы жар­қын іске толса деп күтіп жүрміз. «Жиен ел болмас» дегендей, қаһарлы Гроз­ныйдың жасағынан қирандыға айналған Сарайшықтың мөлдір көлінде жүзген ханшайымның алтын қайығын түптің түбінде табатын шығармыз деп сенеміз. Мұны сен көре алмай кеттің, Рахымжан. Бірақ рухың сезіп жатқан болар. «Анамды жұт­қан Ақ Жайық осы» деп жағасында мұңайып тұрып сыр айтқаның да есімде. Енді Ақ Жайықтың жағасында өзің де жа­тырсың. Рухың анаңмен табысқан болар. 

Рахымжан өмірінің соңғы жылдарында, әсіресе кейінгі бес жылда жанкешті жұ­мыс жасады. Бар уақытын жазуға, шығар­масының түпқазық идеясын шира­туға, жаңа тақырыптарды игерудің терең тылсымына бойлады. Баспасөзде шыққан мазмұнды сұхбатында жары Сәуле де осы­ны баса айтқан екен. Асықты ма екен, әлде соңғы кездері жиі сыр бере бастаған жү­­рек жұмбағы қайтпас уақыттың қапы­сыздығын сездірді ме екен, қашанда суыт, асығыс, алаңшыл жүрді. Бірде Қытайға, бірде Еуропаға, енді бірде Аты­рауға ұшып бара жатады. Жоспары бас­тан асатын. Онысын жан-жақты ашып айта да бермейді, бірақ шығармашылық шамырқануы оның жүрдек жүрісінен анық байқалып тұратын. 

Оның қаламынан туған тосын тіркестер мен үзік-үзінді ойлардың өзі оқыр­манның іздеп жүріп оқитын, оқып болып көңілге тоқитын туындыларына айналып жатты. Әсіресе «Жас Алашта» жарияланған қысқа да нұсқа, өткір де өмір­шең бірқақпайлары, төгіліп түскен тір­кестері көптің көзін ашып, мақұлдап бас шұлғытты. Ащысы да бар, тұщысы да бар. Оқырман бірақ тұтас оқып, тұтас қабылдады. Заманға да, қоғамға да, адам­ға да өкпе-реніші де бой көрсетіп, Фариза апасы: «Талантты болу қауіпті, талан­т­сыздардың ішінде» дегендей, тегеурінді таланты қайраттанып та, қамырығып та қа­латыны байқалатын.

Рахымжанның қазақ прозасындағы қолтаңбасы – айшықты, өзгеге ұқсамай­тын қолтаңба. Оның шағын әңгімелерінің өзі үлкен әдеби жанрдың жүгін көтеріп, әлеу­меттік-тұрмыстық, адамгершілік-иман­дылық, азаматтық-салауаттылық мәсе­лелерін тереңнен қозғап, оқырманның көңіл пердесін ашып, қарапайым өмірдің аса күрделі ағыстарын танытып, ойлантып, кейде опындырып отыратын. Төгіл­ген тілдегі өрілген тіркестерді бы­лай қойғанда, оның астарындағы юмор мен сарказм, күлкі мен көз жасы, шара­сыздық пен шалдуарлық қасиеттер туын­дыларының тегін жазылмағанын жайып көрсететін.

Әлеуметтік пен әлеуеттілік, әулекілік пен әумесерлік секілді бір-біріне қоңсы қона бермес жайттар оның қаламында автор­лық ремаркада ажарын ашып, адам мінезінің сан алуан құбылыстары қоғам өмі­ріндегі келеңсіз көріністерді көз ал­дыңа әкеліп, қаламгерлік шеберлігі тәнті етіп отырады. Қазақтың сөзін қолындағы ал­тын сақадай үйірген жазушы алған тақы­рыбын аша алатын қалам қуатына ие еді. Оның прозалық шығармалары шын­шыл болмысымен, драматургиялық туын­дылары ақиқатшыл мінезімен, пуб­лицистикасы азаматтық келбетімен танылды. Кезінде Елбасымыздан алған: «Қазақ­станның болашағы – қазақ тілінде» деген сұхбаты мемлекеттік тіл­ді дамыту үмі­тіндегі үзеңгі көзқарас бол­ған еді.

Әдетте, жазушының ерекшелігі неде деген кезекші сұрақ көлденең тартылады. Біріншіден, ол ерекше тілді жазушы. Көркем әдебиеттің қозғаушы күші де, оқырманды баурайтын құпиясы да осын­да жатыр. Яғни, тілдік фактажы орасан ауқымды әрі шұрайлы. Екіншіден, қоғам мен уақыттың тынысын тап басып танып, оның жүрек соғысын дәл айқындай алатын қаламгер болатын. Үшін­шіден, оның шығармаларындағы астар мен уытты тұспал жұртшылықтың жанды жеріне тиеді. Тұщы етке ащы таяқтың тигеніндей болмыс танытатын туындылары тұсаусыз төгілетін. Төр­тіншіден, әлеуметтік әділетсіздік пен аза­маттық әлсіздік та­қырыбы ашық позицияда бой көрсетіп, проблемалық па­рал­лель қоғамның рухани портретін ашып көрсететін. Бесіншіден, оның әрбір шы­ғар­маларындағы үстірт қарағанға жеңіл әзіл, уытсыз күлкі болып көрінетін бейімбеттік сарказм пенделіктің пердесін ашып тастайтын. Алтыншыдан, әуелде әдебиетке ақын болып келген қаламгердің ақындық болмысы әлі де өз орбитасын тас­тап шықпай, шеберлік шеңберінде шырқ айналып жүретін. Жетіншіден, ол көп ізденіп, көп оқып, талай теңді ақтарып, та­рихат пен ақиқаттың ара жігін аша алатын. Әдеби дискуссияға түскенде мүйізі қара­ғайдай, тарих пен шежіренің майталманы болған көрнекті қаламгердің де ауып түскен алаңын, таппай түскен таланын, әдеби плагиаттыққа бір табан жақын бар­ған сәттерін қара жіпке ақ моншақ тізгендей етіп дәлелдеп бере алатын әдеби қуаты болатын. 

Рахымжан мемлекеттік сыйлық алу­­­ додасына үш рет түсті. Екінші бір­ түс­кен сәтінде, көрнекті қаламгер аға­­мыз­ Бексұлтан Нұржекеұлы бәйге ал­ған­ жылы, оның шығармасы туралы өз ойым­ды айтып, қолдау көрсеткенім бар. Бі­рақ жасырын дауыс жібермеді. Со­ны біреуден естіген Рахымжан: «Аға, менің шығармам туралы жоғары жаққа айт­қаныңызды естідім, сізге екі дүниеде ра­зы­мын» деп ағынан жарылғаны бар. Жал­пы, Рахымжан ақжарылқап азамат еді. 

Жеңіс тек қана соғыста емес, бейбіт күнде де болады. Жеңістің қадір-қасиетін тү­сінген Қасымғали ағамыз ұлына Рахым­жан деген есімді бекерден-бекер бермеген болар. Аға Рахымжан Рейхстагтың төбе­сіне жеңіс жалауын қадап еді. Асыл аға­мыздың ардақты атын Рахымжан да биікте ұстады. Іні Рахымжан бейбіт заманда тіл биігіне ту тікті! Оның тіккен туы қазақ көркем сөзінің асқар биігінде жел­біреп тұр. Желбірей де береді. Ойлы оқыр­маны, қара орман қазағы тұрғанда рухы биік Рахымжанның әдеби биігі аласармайды.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты