15 Наурыз, 2019

Атырауда көрісу күні аталып өтті

925 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

14 наурыз,  Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Көрісу Fest» халықаралық фестивалі өтті,  деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда көрісу күні аталып өтті

Атыраудың мыңнан аса тұрғыны мен қонақтары ұлттық дәстүр көрісуді атап өтуге жиналды. Алаңда ұлттық құндылықтар,  салт-дәстүрлер туралы «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында әдеби-музыкалық театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды.

Шараға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан көрісу мейрамымен құттықтау лебізін арнады.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарихын білетін, бағалайтын, мақтанатын халықтың болашағы жарқын деп атап өткен болатын. Бұл қағидалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан , - Президент осы іске үлес қосуға шақырды. – деді Нұрлан Ноғаев Бүгінгі шара да осы мақсатқа бағытталған. Мерекеге ұлт мақтаныштарына айналған Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, Мереке Құлкенов, Нұртілеу Иманғали секілді белгілі тұлғалар қатысып отыр. Президент тапсырмасымен құрылған «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінді бөлек атап өткім келеді.

Мерекелік шараға Ресейдің Самара, Саратов, Астрахан облыстарынан өкілдер келді. Қазақ халқы Наурызды ұлыстың ұлы күні деп атайды. Бұл күні өкпе-реніш ұмытылады. Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі.

- Бүгінде еліміз тұрақты дамып келеді, мұнда атыраулықтардың да үлесі бар. Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде мемлекеттің әр қазақстандықтың әл-ауқатын көтеру үшін барлық мүмкіндігі бар екенін айтты. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдында инфрақұрылымды дамыту, табысты арттыру, тұрғын үймен қамту, өскелең ұрпақтың лайықты тәрбиелеу міндеттері тұр. Президент нақты тапсырмалар берді, -деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі алда да бірлігімізді сақтап, нығайтуымыз керек екенін айтты.

- Құрметті жерлестер, Сіздерге ашық аспан, зор денсаулық, береке тілеймін. Әр көрісуді, Наурызды қуанышпен қарсылай берейік. Еліміз өсіп, өркендей берсін. Шын жүрегіммен бақыт, береке, шаңырақ шаттығын тілеймін, - деп қорытындылады сөзін Нұрлан Ноғаев.

Көрісу күнін мерекелеу барысында Атырауда «Ойдағы ел қырдағы елмен амандасып» тақырыбында халықаралық ақындар айтысы, республикалық батагөйлер байқауы да ұйымдастырылды. «Көрісу Fest» халықаралық фестивалі аясында суретшілер плэнері ұлттық бұйымдар көрмесі, ұлттық тағамдар мен сусындар жәрмеңкесі, «Жастар жарыса көрісіп қауышады» байқауы өтті.