Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Өмір сапасы су сапасына тәуелді

1209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан об­лысында соңғы екі жыл­­да 110 елді мекенге таза ауыз су жеткізіліп, 2 мың ша­қырымдық су желі­сі пайдалануға беріл­ді. Соның ішінде был­тыр 51 ауылда тұра­тын 56 мың адам сапалы таза судың игілігін көрді. 

Өмір сапасы су сапасына тәуелді

Әрине, бұл аз жұмыс емес. Бірақ тоқмейілсіп тоқтап қалуға да болмайды. Өйткені осынша қыруар жұмыс атқарылғанның өзінде облыс бойынша елді мекендердің тек 46%-ы, яғни 204 ауыл ғана таза сумен қамтылды. 2017 жылы ауылдардың 76,6 пайызы ашық су көзін тұтынатын, таза сумен қамтылуы жөнінен еліміз бойынша ең соңғы орында тұрған еді. 

Былтыр атқарылған қо­мақ­­ты жобаның бірі – 16 мың тұрғынды орталық­тан­ды­рыл­ған ауыз су жүйесіне қоса­тын, ұзындығы 180 ша­қы­рым болатын Жаңақала су жүйесі екені даусыз. 7 ай ішін­де 2,5 млрд теңгенің жұ­мы­сы атқарылып, 16 мың­нан аса адам таза суға қол жеткізді. 

– Жаңақалада таза су мәселесі 2012 жылдан айтыла бастады. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегия­сын­да келешектегі елге түсер қиындық – ауыз су жетіс­пеушілігі болатынын көре­ген­дікпен атап көрсетіп, Үкі­метке оны шешу жолдарын қазірден бастап қол­ға алу керектігі жөнінде нақ­ты тапсырма берген болатын. Президенттің ауыз су мәселесін шешу туралы нақты тапсырмасы алыстағы ауыл тұрғындарының кеу­де­сіне үміт отын жақты. Тұр­ғын­дардың ертеңіне сенім пайда болғ­аннан кейін Құлшық елді мекенінен су тарту жөнінде аудан азаматтарының атынан Парламентке бірнеше мәрте хат жолданды. Ел­басы тапсырмасына орай өңі­рі­мізге келген Премьер-Ми­нистр облысымыздың оң­түс­тік аймағындағы жар­ты­лай шөлейтті өңірге ор­на­лас­қан Жаңақала ауданы тұр­ғындарының ауыз суға мұқтаждығын мұқият ескеріп, нәтижелі шаралар қабылдаған еді. Міне, Үкі­мет­тен бөлінген қаржыны мер­дігер тиянақты игеріп, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап шықты. Осылай­­ша Елбасымыздың халыққа деген қамқорлығы нақты көрініс тапты. Нәтижесінде Жаңақала ауданының 10 ауылы мен елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз етіл­ді. Елбасына халықтың ри­за­­шы­лығы шексіз. Себебі Жа­ңа­қала газбен қамтылған, жолы жөнделген аудан бола­­тын. Таза ауыз су әр үйге құбыр­мен кіріп келгенде қала мен ауылдың айырмашылығы бол­май қалды. Мемлекет бас­шы­сының өзі қалалықтар мен ауылдықтардың өмір сүру деңгейінің арасындағы тең­сіздікті жою жөнінде тап­сыр­ды емес пе? Міне, бұл орын­дал­ды, – дейді Жаңа­қала аудан­­дық мәслихаты­ның хат­шы­сы, ақын Зәкәрия Сисенғали.

Әдетте өркениет игіліктері алдымен ірі елді мекендерге, халық көп қоныстанған ауыл­дарға жеткізіледі. Бүгінгі көр­сет­кіш бойынша об­лыс­та ауыл халқының 80 па­йы­зы таза ауыз сумен қам­тыл­­­ған деп есептеледі. Бі­рақ шағын ауылдардың көбі мұндай бақытқа қол жеткізе алмай отыр. Өңірдің елді мекендерінің 54 %-нда әлі орталықтандырылған сапалы су жүйесі жоқ.

«Алдағы 2019-2020 жылдары тағы да 28 елді мекенді таза ауыз сумен қамтып, өңір­дегі 441 ауылдың 232-сі­не сапа­лы су жеткізу жоспар­лан­ған» дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Сәкенұлы. 

Қазір Парламент пен Үкі­метке облыстағы Сырым ауданын сумен қамту бо­йынша «Кеңащы жерасты су кен орнынан аудандағы елді мекендерді сумен қамту жүйесі құрылысы» жобасы ұсынылған.

– Бұл жоба жүзеге асса, Сырым ауданындағы Жым­питы және Өлеңті ауылдары­ның тұрғындары сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтылатын бо­­ла­ды. Бұл екі ауылда 7 мың­­дай адам тұрады, – дейді Сы­­рым ауданының әкімі Төле­ген Төреғалиев.

Жымпиты – Сырым ауда­ны­ның орталығы, тарихи жер. Қазақстанның Жал­пы­ұлттық киелі нысаны қатарына кір­ген – Алашорданың Батыс қана­тының орталығы осы ме­кен. Самара-Шымкент халық­ара­лық автожолының бо­йын­дағы ірі елді мекеннің осы күнге дейін ауызсудың зардабын тартып отырғаны шындық.

– Жымпитылықтар ауыл маңын­дағы шағын су көзінен тазар­тып тартылған суды пай­даланып отыр. Жалпы, нор­ма бойынша Жымпиты мен Өлең­ті ауылына күні­не 1000 тон­­на су керек. Бірақ жаз ке­зін­­де тартқан су көлемі 500 тон­­­на ғана болады. Шілде-та­мыз айларында жерасты су дең­гейі мүлдем түсіп, қажет­ті с­у­дың жартысын да ала ал­май қаламыз. Одан бөлек 5 ел­­ді мекенде де су тапшы. Мы­салы, Жетікөл мен Жам­был ауылдарына суды тасып жет­кіземіз. Ал бұл жерде 1,4 мыңдай адам тұрады, – дейді Төлеген Серікқалиұлы.

Жерасты су қоры мол, бұ­лағы көкке атқылап жатқан Кеңащы өңірінен құбыр тартып, Сырым ауданының жеті ауылын сумен қамту жо­ба­сын «Казэкология жоба­лау» ЖШС жасапты. Су желісінің ұзындығы – 76,954 шақы­рым электр желісінің ұзынды­ғы – 18,027 шақырым бола­тын жобаның қаржылай құны 2,4 млрд теңге 10 ай ішінде таза су құбыры әуелі Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына жетпек. Сонымен қатар алдағы уақытта Шағыр­лой, Бұлан, Жам­был, Қособа және Жыра­құдық ауылдарын ауыз сумен қамтуға зор мүмкіндік туады. Бұл аталған елді мекендерде 3 мыңға жуық халық бар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы