Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Г.Әбдіқалықова Ақтөбеде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау жөнінде кеңес өткізді

849 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Г.Әбдіқалықова Ақтөбеде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау жөнінде кеңес өткізді

Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова Ақтөбе рельсбелағаш зауытында Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың басшыларымен, «Атамекен» ҰКП және бірқатар кәсіподақтық ұйым өкілдерімен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мәселелерін талқылады. Жұмысшылардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік серіктестікті және бизнес жауапкершілігін дамыту мәселелеріне көңіл бөлінді.  

Айта кету керек, кездесуде «АқтөбеМұнайГаз» ЖШС басшысы С. Естемісов өзінде жұмыс істейтін 4 бала тәрбиелеп отырған және шағын ғана уақытша тұрақты жалдап тұратын К. Садықовтың отбасына үй сатып алуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Нектар» табысты құрылыс фирмасының төрағасы Ш. Каспранов та өзіне үлгі ала отырып, өзінде жұмыс істейтін бетоншы Б. Ақберлиевке 2 бөлмелі пәтер сатып алып беруге уәде берді. Оның отбасында 7 бала өсіп келеді, жұбайы «Алтын алқа» иегері. Бүгінде олар жатақхананың шағын бөлмесінде, тар жерде өмір сүріп жатыр.

Еске сала кетейік, Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен Қазақстан өңірлерін аралап жүр. Жұмыс тобының құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, журналистер мен блогерлер кіргенін айта кеткен жөн.