Әдебиет • 15 Наурыз, 2019

Алматыда ақын Исраил Сапарбайдың «Рух мейманасы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді

1180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен QAZYNA қазақша кітап үйі бірлесіп ақын, драматург, композитор, «Парасат орденінің»,  тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбайдың «Рух мейманасы» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді.

Алматыда ақын Исраил Сапарбайдың «Рух мейманасы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы негізінде жазылған «Рух мейманасы» атты ғылыми-танымдық кітабының тұсаукесерін белгілі ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырды. И.Сапарбайдың өлеңдері сыршыл сезімнің, нәзік мұң мен азаматтық ой алмасқан ізгілік пен ақиқаттың алдаспаны болса, әншілер сыбызғыдай сызылған әндерін қымбат бойтұмарындай шабытпен шырқап келеді. Ақын поэзия есігін лирикалық өлеңдермен ашып, ақындық толысудың бірнеше кезеңін артқа тастады. Бірте-бірте парасат биігіне қарай қадам басып, өз аудитория-алаңын қалыптастыра алған санаулы ақындардың бірі әрі бірегейі.

Әдебиетке бірнеше өлең жинағын, драматургиялық шымыр туындыларды, өнерге өміршең әндер сыйлаған И.Сапарбай оқырмандарға жаңа кітабының жазылу тарихы туралы қысқаша баяндап өтті. «Рухани жаңғыру... Ойлануға, дұрысы ой бағуға тура келеді. Аспан, жерді шарламасақ та, өзіміздегі бармен қоса бұрынғы, бүгінгі оқыған-тоқығанды қайта бір електен өткізіп, елестен нақтылыққа иек артпақты нысаналайсың. Бірақ ол оңай ма? Рас, руханият, рухани білім-білік, рухани дағдарыс, тағы сол сияқты рухпен байланысты құндылықтар қашаннан бері күнделікті қолданысымызда бар. Рухтың өз ныспысына келгенде кідіріп, мүдіріп қалатынымыз тағы аян. Ауызға алғанымыз болмаса, қолға ілініп, көзге түсер түрі де, түсі де жоқ. Алайда, киелі сөз, қастерлі ұғым» дейді ақын қашан да азаматтық толғанысынан айнымайтын қалпы.

Дүние-дүрмекке бей-жай қарауды білмейтін, көргенін-түйгенін жүрек сүзгізінен өткізіп, көсемсөз жанрында көсіле жазғаны жаңа кітаптың өн бойынан аңғарылады. «Ұйқыдағы ұлттық рух», «Наданын көріп налыған Абай ғана емес», «Малданғанымыздан алданғанымыз көп», «Рухтың сүйеніші – Ар, Ождан һәм Намыс», «Бостандығымыз ғана – Бозбала», «Жаңғыру мен жаңару», «Оқымау мен оқылмау», «Мәдениет пен әдебиет егіз» деген сияқты  жазбалар топтамасы қоғамның бүгінгі көкейкесті мәселелерін кеңінен қозғайды. Оқырманға ойталқы ретінде ұсынады. Өз сөзімен түйіндегенде, «Ақынның аузына Алла сөз салатыны рас болса, үнсіз, мұңсыз жүру бізге де сын. Қолыңыздағы «Рух мейманасы» осыны меңзейді».

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ