16 Наурыз, 2019

Қысқы президенттік көпсайыс аяқталды

1474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық полиция департаменттері арасында қысқы президенттік көпсайыстан ішкі істер министрлігінің чемпионаты екі күнге жалғасып, жеңімпаздар анықталды.

Қысқы президенттік көпсайыс аяқталды

Өңірлерден келген 12 команда өкілдері мергендігін, күш пен жылдамдығын өзара сынасты.  Алғашқы күні макаров тапаншасынан атудан астаналықтар 335 ұпай жинап, мергендер тобын бастады.

Командалық есепте жеңістің ең биік тұғырына  Астана қаласы полиция департаменті көтерілді. Екінші орынды алаң иелері, үшінші орынды қостанайлықтар иеленді.  

Жекелей біріншілікте ерлер арасында петропавлдық Олег Гурский үздік атанды.  Қарағандылық Бауыржан Абзал екінші, астаналық Нұрлан Байкенже үшінші орын алды.

Нәзік жандылар арасында солтүстікқазақстандық Лидия Логиноваға теңесер қарсылас табылмады. Сөре сызығын екінші болып астаналық  Нұрсәуле Дәуітқалиева қиды. Үшінші орын қостанайлық Екатерина Детковаға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен заттай сыйлықтар табыс етілді.

СҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов  қорытынды сөзінде «Болашаққа есірткісіз!» бағдарлама аясында өткен  спорт жарысы жастарды саламатты өмір сүру салтына баулитынын атап көрсетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы