16 Наурыз, 2019

Қостанайда тұңғыш рет халықаралық би фестивалі өтіп жатыр

1079 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда бірінші рет «Наурыз достарды шақырады» атты І халықаралық би фестивалі өтіп жатыр. Оған Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейдің Санкт-Петербург және Челябі қалаларынан, Татарстаннан және Астана қаласы мен Қостанай облысының қалалары мен аудандарынан би ұжымдары келді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шамиль Фахруддиновтың бастамасымен, облыс әкімінің қолдауымен шақырылды. 

Қостанайда тұңғыш рет халықаралық би фестивалі өтіп жатыр

Фестивальдің ашылу салтанатында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың фестивальге қатысушыларды құттықтауын жеткізді.

«Би фестивалінің Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп отырғаны тегін емес. Наурыз мерекесі халықтық дәстүрлерді жаңғыртумен қатар, достық пен бірлікті ту етеді. Ал өнер де адамгершілікті, достықты, махаббатты жырлайды. Қостанай жері тек кен мен нанға ғана емес, өнер дәстүрлеріне де бай. Қостанайда таланттарды қанаттандыратын халықаралық ірі байқаулар өтіп тұрады. Өнерде шекара жоқ» деп жазылған Архимед Бегежанұлының құттықтауында.

Фестивальге қатысушылар мұндай іс-шаралардан әр ұжымның үйренері көп екенін айтады. Ең бастысы, достық салтанат құрады.

«Осындай фестивальдер жиі өтуі тиіс. Бишілер негізінен балалар, олар бір-бірімен араласады, үйренеді. Фестивальге қатысушылардың барлығы дерлік халық билерін әкелген, би халықтық дәстүрлерді, салтымызды, ұлттың барлық қазынасын қимылмен көз алдыңа әкеледі. Рухани жаңғыру дегеніміз осы емес пе?» дейді Шамиль Фахруддинов.

Фестивальге 11 би ансамблі қатысуда. Шамиль Фахруддиновтың айтуынша, фестиваль аясында қостанайлықтар бес концерт тамашалайтын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар