Спорт • 18 Наурыз, 2019

Ел үміті – Элизабетте

907 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

18-24 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Айтулы жарыс қарсаңында біз осы спорт түрінің тарихына қысқаша тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. 

Ел үміті – Элизабетте

Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы дүниежүзілік доданың тұсауы сонау 1896 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ке­сіл­ген болатын. Небәрі төрт спортшы ғана бас қосқан бәсеке германиялық Гильберт Фукстың жеңісімен аяқ­талса, аустриялық Густаф Хюгель мен жарыс қожайыны Георгий Сан­дерс жүлдегерлер санатына қосылды. 

Содан бергі 123 жыл уақыт ара­лы­ғында айтулы дода тек үш мәрте ғана өтпей қалды. Атап айтсақ, 1915-1921 жылдары І Дүниежүзілік соғыс және 1940-1946 жылдары ІІ Дүниежүзілік соғыстың оты өршігені белгілі. Ал 1961 жылы Нью-Йорктен Брюссельге бағыт алған ұшақтың апатқа ұшырап, борттағы 72 адамның қаза табуына байланысты Чехословакияның астанасы Прагада өтуге тиіс жарыс кейінге шегерілді. Сол ұшақ­та мәнерлеп сырғанаудан АҚШ құрамасының 18 спортшысы және 9 делегация мүшесі болған еді. 

Ерлер сайысында әлем чем­пио­натын ең көп ұтқан спортшы – Уль­рих Сальхов. 1897, 1899 және 1900 жылдары өткен жарыста кү­міс медальды мойнына ілген Швеция­ның саңлағы 1901-1911 жылдар аралығында 10 мәрте теңдессіз деп танылды. «Сальхов» және «ілгек» секілді тәсілдерді ойлап тапқан айтулы спортшының басқа да толып жатқан атақтары бар. Ол 1908 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының жеңімпазы, Еуропаның 9 дүркін чемпионы. 

Ульрих Сальховтан басқа да мәнерлеп сырғанаушылар кезінде өз дәуірінің теңдессізі деп та­ныл­ды. Мәселен, аустриялық Карл Шефер – 7 мәрте (1930-1936 жылдары) және америкалық Ричард Батон – 5 мәрте (1948-1952) чемпиондық атаққа қол жет­кізді. Аустриялық Вилли Бекль (1925-1928), америкалық Скот Ха­мильтон (1981-1984), кана­далық Курт Браунинг (1989-1991, 1993) және ресейлік Алексей Ягу­дин (1998-2000, 2002) 4 реттен дәл сондай құрметке бөленді. Солар­дың қатарына АҚШ-тың туы астын­да өнер көрсеткен ағайынды Джен­кинстерді де жатқызуға болады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Хейз Алан дүниежүзілік додада төрт мәрте дараланса, оның туған інісі Дэвид үш рет топ жарды. 

Соңғы жылдары ең үздік нәтиже көрсеткендер арасында канадалық Патрик Чан мен испаниялық Хавьер Фернандес сынды саңлақтар бар. Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі 2011-2013 жылдар аралығында үш мәрте алтын тұғырдан қол бұлғаса, Пиреней түбегінің тарланбозы екі рет бас жүлдені олжалады. Былтыр Италияның Милан қаласында ұйым­дастырылған додада 19 жас­тағы АҚШ-тың өрені Нэтан Чен топ жарса, жапониялық Сема Уно мен ресейлік Михаил Коляда жүлдегерлер санатына қосылды. 

Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 1906 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. Швейцарияның Давос қаласында өткен тұсаукесер жарыста ұлыбританиялық Медж Сайерс жеңімпаз атанды. Келесі жылы да ол өз көрсеткішін қайта­лады. Одан кейін венгриялық Лили Кронбергер (4 рет) мен Опика фон Мерай Хорват (3 рет) және аус­триялық Херма Сабо (5 рет) сан мәрте бас жүлдені олжалады. 

Көп ұзамай норвегиялық Соня Хенидің дәуірі басталды. Скан­ди­навияның сұлуы өрелі өнерімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырып, 1927-1936 жылдар аралығында қатарынан 10 рет алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ даңқы дүркіреген мәнерлеп сыр­ғанаушылар қатарында Кэрол Хэйсс (1956-1960) пен Мишель Кван (1996, 1998, 2000-2001, 2003) және германиялық Катарина Витт (1984-1985, 1987-1988) сынды арулар бар. АҚШ спортшылары бес реттен, ал неміс қызы төрт мәрте үздік деп танылды. 

Соңғы жарыстарға келер болсақ, 2015-2017 жылдар аралығында Ре­сей спортшыларының шоқты­ғы биік болды. Шанхайда Елиза­вета Тоқтамышева конькиден от ұшқындатса, Бостон мен Хельсин­кіде Евгения Медведеваның мерейі үстем болды. Былтыр Миланда жалауы желбіреген жарыста 23 жастағы Канаданың сұлуы Кэйтлин Осмондқа тең келер ешкім табылмады. Жапонияның қос жұлдызы – Вакаба Хигути мен Сатоко Мия­ха­ра күміс пен қола медальды ие­ленді. 

Одан бөлек, жұптық сайыс пен спорттық биден де түрлі-түсті жүлделердің сарапқа салынатынын ес­теріңізге сала кетейік. Бұл жарыстардың да өз жұл­дыздары бар. Ол жайында газетіміздің келесі сандарының бірінде баяндайтын боламыз. 

Біздің елде спорттың осы түрі­нің шоқтығын биіктеткен Денис Тен екені даусыз. 2013 жылы Кана­­даның Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында 19 жас­тағы отандасымыз тек канада­лық Патрик Чанды ғана алға жі­беріп, күміс медальды иеленді. Бұл – Қазақстанның мәнерлеп сырға­нау­шыларының әлемдік додада жеңіп алған алғашқы жүлдесі еді. Араға екі жыл салып Тен қола медальды қоржынға салды. Шанхайдағы бәсекеде ол испаниялық Хавьер Фернандес пен жапониялық Тацуки Матидадан ғана қалып қойды. 

Денистің әлі де еліне, ел спор­тына берері көп еді. Алайда был­тырғы жылдың жазында даңқты жерлесіміз Алматының қақ ортасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ол небәрі 25 жаста еді...

Бүгін Жа­понияның Сайтама қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионатында барша қа­зақстандық жанкүйерлер Элизабет Тұрсын­бае­ваға ерекше сенім артады. 19 жастағы аруымыз бұған дейін де көптеген халықаралық дода­ларда табысты өнер көрсетті. 2016 жылы жасөспірімдердің Дү­ние­жүзілік Олимпиадасында қола медальды еншіледі. Одан кейін Азия ойындарын үшінші орынмен қорытындылады. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда алауы тұтанған қысқы Олимпия ойындарында 12-сатыға табан тіреді. Әлем чемпионаттарына үш мәрте қатысып, мынадай нәтижелерге қол жеткізді: 2016 жыл – 12-орын, 2017 жылы – 9-орын және 2018 жылы – 11-орын. Оның сыртында, басқа да толып жатқан турнирлерде жеңіп алған жүлделері бар.

Жуырда ғана Ресейдің Крас­ноярскі қаласында аяқталған қысқы Дүниежүзілік Универсиадада Тұр­сынбаева күміс медальды мойнына ілді. Осы нәтижеге қарап, қазір оның бабы өте жақсы екенін байқауға болады. Оның үстіне, бұл күндері Элизабеттің тәжірибесі де толысып, күрделі элементтерді асқан шеберлікпен орындап жүр. Енді барша Алаш жұрты айтулы спортшының жолына үлкен үмітпен қарауда. Күншығыс елін­де өтетін жарыста Элизабет Тұр­сынбаева әлем чемпионатында жүлде алған қазақ қыздарының көшін бастаса, керемет болар еді...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»