Аймақтар • 18 Наурыз, 2019

Экспортқа кедергі келтіретін жағдайлар талқыланды

938 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер палатасында  Кеден одағының жоба түріндегі және күшіне енген техникалық регламенттерін қарау жөніндегі Ақтөбе өңірлік штабының кезекті жиыны өтті.

Экспортқа кедергі келтіретін жағдайлар талқыланды

Отырысқа өңірлік штаб мүшелері, кәсіпкерлер, Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті, Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Ақтөбе облысы «Мемсараптама»РМБ Ақтөбе филалы,  «ҚазМетрИн» РМК АФ, «Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл» ЖШС өкілдері және т.б қатысты.

Штабтың бүгінгі басқосуында экспортқа шығарылатын тауарларға белгіленген стандарттардың орындалуы мен 2018 жылдың 5 қазанында мемлекет басшысы қол қойған стандарттаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты пікірлер тыңдалды. Ақтөбе облысы стандарттау және метрология департаментінің басшысы Күлшат Омарбековнаның айтуынша, экспортталатын тауарлардың кеден бекетінен өту барысында көптеген кемшіліктер орын алады. Сәйкесінше, тауарлар шекарадан өткізілмей, кәсіпкерлер шығынға бататын жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Оған сәйкестік туралы құжаттарды беретін жеке компаниялардың құзіреттілгінің төмендігі және олар берген кейбір анықтамалардың жарамсыздығы себеп болуда.

«Көп жағдайда кәсіпкердің өнімдері сапалы болғанымен, құжаттарының халықаралық стандарттаға сай жасалмауы тауарды экспорттауға кедергі кетірілуде. Бұл мәселе жалпы эконмикамыздың бәсекелестікке қабілеттілігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, өнімді сапалы өндірумен қатар, оны сапалы рәсімдеу де қажет. Бұл үшін кәсіпкерлердің заңнамалардағы жаңа  талаптардан үнемі құлағдар болып, қызығушылық танытуын сұраймын», дейді Күлшат Омарбекова.

Мамандардың айтуынша, экспортталатын тауарды сапалы етіп, шығару аздық етеді, оны шығарылатын елдің заңдарына сәйкес дұрыс рәсімдеу қажет. Ол үшін кәсіпкерлердің техникалық бақылау нормаларын қатаң сақтауы-міндетті.Кәсіпкерлер оны нарыққа шығуға қолбайлау емес, керісінше, мүмкіндік деп қабылдағаны жөн. Техникалық талаптар сапасыз тауарларға тосқауыл болып, бәсекеге қабілетті тауарлардың шығарылуына мүмкіндік береді.

«Техникалық бақылау талаптары халық қауіпсіздігін сақтауға бағытталғаны белгілі. Біздің заңдарымыз заң талаптарын орындайтындар үшін ыңғайлы, ал оны бұзғысы келетіндер үшін мейлінше қаталдық көрсетеді. Біздің кәсіпкерлер сапалы тауарлар шығаруға ынталы, олардың көбі бәсекелестікке қабілетті өнімдер өндіріп отыр. Сонымен бірге, дүкен сөрелері мен базарлардағы кейбір импорт тауарлардың сапасы сын көтермейді. Сүт, шұжық өнімдерінің бағасының тым арзандығынан-ақ оның сапасыздығын байқауға болады. Табиғи сүт пен ет арзан тұрмайды. Ендеше, стандартқа сай емес осындай тауарлардың сатылымда тұруын қалай түсіндіруге болады? Бұған жауапты кеден саласының мамандарын бүгінгі кездесуден көре алмай тұрмын», деді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Осы орайда штаб мүшелері келесі отырысқа құзырлы органдардың түгел қатысуын қамтамасыз ету үшін штабтың республикалық орталығы арқылы мемлекеттің басқару органдарына тиісті нұсқау беру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, жиналғандарға 2019 жылдың 11 сәуірінен бастап, қолданылуы тиіс «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» туралы ҚР Заңына енгізілетін өзгерістер туралы талқылады. Бұл өзгерістер аталған заңның терминалогияларды өзектілендіру және ЕАЭО келісім-шартына сәйкестендіру, өлшеуді қамтамасыз ету жүйесінің құрылымын өзгерту, құжаттарды қолдану туралы ережелерді өзгерту, мемлекеттік реттеуге жататын өлшем тізімдері арқылы мемлекеттік реттеу үлгісін өзгерту, аккредиттеу субъектілерінің және мемлекеттік эталондар калибрлеуіне  көшу бөлімдеріне қатысты болмақ.

Сондай-ақ, қатысушыларға  «ҚазМетрИн» РМК порталында өтінімдерді онлайн тәртібінде тіркеуге болатын метрологиялық қызмет түрлері таныстырылды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

 Ақтөбе