Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Серікқазы Қорабай: Жеке қорымда 7000 кітап бар, 1000 кітапты Абай кітапханасына табыс еттім

1276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласына орай және «Туған жерге тағзым» акциясы барысында Алматыдан Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай арнайы келіп, 1000-нан астам кітабын кітапхана қорына табыс етті.  Осыған орай енді Абай атындағы кітапханада «Серікқазы Қорабайдың жеке қоры» деп аталатын қор жұмыс істейтін болды.

Серікқазы Қорабай: Жеке қорымда 7000 кітап бар, 1000 кітапты Абай кітапханасына табыс еттім

Қорды Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков пен Журналистер Одағының мүшесі, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатовтар қиып, жастарды Серікқазы Қорабайдан үлгі алуға шақырды. «Кітап оқыңдар!»  деп абзал тілектерін білдірді. Кездесу барысында Шәкәрім университетінің жанынан құрылған Абай институтының директоры Ақмарал Смағұлова Серікқазы Қорабайдың  ұлтжандылығы мен туған жерге құрметін және Абайды зерттеуде қосқан үлесін ерекше атап айтты. Серікқазы Қорабай да көптеген игі әңгімелерімен, туған жерге деген сағынышымен бөлісті. Абай атындағы кітапхананың Ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жаңылгүл Манжибаеваның айтуынша,  ғасырдан ұзақ тарихы бар қара шаңырақ Абай атындағы кітапхананың төл тарихы кемеңгер ақын Абай есімімен егіз өрілетіндігін мақтан етеді.

- 1883 жылы қазан айының 3-і күні біздің кітапхана есігін ең алғаш рет өз оқырманына айқара ашқан күннен бастап Абай Құнанбайұлы тұрақты оқырмандарының қатарында болған. Тіпті өмірінің соңына дейін кітап алып, үзбей оқығанын абайтанушы ғалымдардың, жерлес жазушылардың шығармаларынан айқын білеміз, - деді Жаңылгүл Манжибаева. Абай мен көне шаһар Семейдің қоғамдық кітапханасының байланысын тарихта ең алғаш жазған адам ол Джорж Кеннан еді. 1885 жылы қаламызға саяхаты барысында болған американ публицисі Джорж Кеннан өзінің 1906 жылы орыс тілінде шыққан «Сібір және сүргін» кітабында осыны дерек ретінде жазса, бұл көрініс көркем әдебиетте Мұхтар Әуезовтың қаламымен «Абай жолы» роман-эпопеясында көрініс тапқан болатын. Қазіргі уақытта Абай атамыздың өзі сияқты осы кітапханадан жастар рухани азық алсын деп, жиғандарын табыстап отырған Абайды зерттеуші профессор Серікқазы ағамыздың табыстап отырған кітаптарына біз дән ризамыз.

Жаңылгүл Әділбекқызының бұл айтқан сөзін растағандай Серікқазы аға өзі де Абайды зерттеу үшін  Мәскеуге сапарында ғылыми орталықтарда, мұрағаттарда болып, жоғарыда айтылған Джорж Кеннанның естелігін мысалға келтіріп, және сол заманда ғана жарық көрген көптеген философиялық шығармалармен Абайдың таныс болғаны туралы ақпараттар жинағанына  риза екендігін жеткізді. Серікқазы Қорабайдың айтуынша, өзінің жеке қорында 7000-ға тарта кітап бар екен. Сөйтіп,  семейлік оқырман қауымға 1000 кітапты сыйға тартуды шешкен.  Жастарды кітап оқуға баулу, рухани және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шара соңында Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева  айтулы жобаға ақ жол тілеп, Серікқазы Қорабайға алғыс хат тапсырып, өз аттарынан Абай елі туралы жазылған кітапты сыйға тартты.

Раушан НҰҒМАНБЕК,                                 

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ