Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

5 баланы құтқарған азамат Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды

962 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының ТЖД-де бес баланы құтқарған 25 жасар батырға құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Оқу орталығының қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

5 баланы құтқарған азамат Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды

Адамдардың өмірін құтқаруда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Нұрқанат Мұратұлы Дүйсен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Ішкі істер министрінің атынан Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өрт сөндіру қызметі генерал-майоры Серік Әубәкіров Дүйсен Нұрқанатқа  аталған марапатты салтанатты түрде табыс етті.

Серік Ғабдолұлы жалғыз өзі жанып жатқан үйдегі бес баланы жалыннан аман-есен алып шыққан Дүйсен Нұрқанаттың кәсіби тағылымдамадан өтуіне, сондай-ақ оған ерекше жағдайларда әрқашанда дайын болуға үйреткен командирлеріне алғыс айтты.   

Өрт 2019 жылғы 11 наурыз күні сағат 18.00-де Алматы қаласының Жетісу ауданындағы Первомайский көшесінде орналасқан жатақханада болды.

Өрт сөндіру бригадалары келгенге дейін үйдің жанынан өтіп бара жатқан Дүйсен Нұрқанат терезеден айғайлаған дауысты естіп, тез арада көмекке ұмтылған болатын.