Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Өрт сөндіруші оқушыны өлімнен құтқарды

1195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы бойынша Төтенше жағдай департаменті Балпық би ауылындағы №32 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Нұржан Сапаш 15 жастағы оқушыны тосын ажалдан арашалап қалды.

Өрт сөндіруші оқушыны өлімнен құтқарды

Оқиға 6 наурызда болған екен. Баспана иелеріне өрт қауісіздігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін көше аралауға шыққан сержант Нұржан Сапаш кезекті үйдің есігін қаққанда, көмек сұраған бозбаланың дауысын естиді. Бұл кезде үйде 16 жастағы Ерасыл мен інісі Темірлан екеуі ғана бар еді. Қақпа сыртынан естілген дыбыстан оянған естияр Ерасыл інісіне дем жетпей, денесі құрысып жатқанын көреді. Өз бетінше көмек көрсете алмаған ол жанұшыра айқайлап жібереді. Осы кезде үйге кірген өрт сөндіруші Темірланды көре сала, бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріскен. «Жедел жәрдем» келгенге дейін Нұржан демі тарылған жасөспірімді құтқаруға күш салды. Баланың «құрысу синдромымен» ауыратынын  естіген соң, оның тілін жұтуына жол бермей, тыныс алуына жанын салды. Дәрігерлер де жылдам жетіп, Темірланға екпе салып көмек көрсеткен.

- Сол күні кезекшілікте болған дәрігер енді 1 минут кешіккенде баламыз құрысу мен ауа жетіспеуінен өліп кетуі мүмкін екенін айтты. Сержант біздің үйге дер кезінде келген екен. Ұлымыздың құтқарушысына алғысымыз шексіз. Өз ісін адал атқаратын Нұржан сияқты жастардың ісін қоғам біліп, дәріптеп жүрсінші, - дейді Балпық би ауылының тұрғыны Жексембаевтар отбасы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы