Медицина • 19 Наурыз, 2019

Дәрі-дәрмек бағасы назарда ұсталады

1398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Дәрілік заттардың айналымы және дәрілермен қамтамасыз ету өтінімдері туралы баспасөз конференциясы өтті. Жиында Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің өкілдері дәрі-дәрмек бағасын назарда ұстайтындықтарын айтты. 

Дәрі-дәрмек бағасы назарда ұсталады

Дәрі-дәрмек бағасы жылына екі рет тексеріледі

Жыл басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республи­касы­ның кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен меди­циналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сәуір айынан бастап жүзеге асатын заң бойынша дәрі-дәрмектің шекті бағасын жылына екі мәрте, яғни қаңтар және шілде айларында тексеретін болады. Дәрілердің шекті бағасын қалыптастыру үшін үстеме бағаның мөлшерін талқылау мақсатында 12 наурызда «Ашық НҚА» порталында Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының жобасы жарияланған. Ереже жобасы ашық деректер порталында 19 наурызға дейін талқыланады.

Фармация комитетінің төр­айымы Людмила Бюрабеко­ва­ның айтуынша, бөлшек баға­лардың икемді регрессивті жү­йесі әзірленіп қойған. «Дәрі-дәр­мектерді бөлшек саудада өткізуге арналған үстеме баға  құны 500 теңгеден аз дәрі-дәрмектер үшін 68%-дан басталады. 100 мың теңгеден асатын дәрі-дәрмекке қосылатын үстеме баға 10%-ға дейін болады. Ал көтерме саудада сату үшін үстеме баға көлемі 21-ден 10 пайызға дейін өзгереді. Қазір бізде 8 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген және бүгінге дейін дәрілік заттардың 5500-інің ба­ғасы белгіленген. Бағаны реттеу ережелерін бұзғандарға субъект санатына қарай 70 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе фармацевтикалық қызметке лицензияның қолданылуын тоқтата тұру түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бүгінде препараттардың 10 па­йыз­ы тіркеу куәлігі болғанына қарамастан, елге әкелініп, сатыл­мағанын анықтадық. Бұл өндіру­шілермен тиісті жұмысты жүргі­земіз», деді комитет төрайымы.

Екі айда 1,1 млн рецепт жазып берілген

Елімізде диспансерлік есепте тұрған пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары қаңтар айынан бастап жүріп жатқанын жет­кізген Фармация комитеті төр­айымының орынбасары Ержан Жүнісов Бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы 45 нозология бо­йын­ша емделушілер тегін қамта­масыз етілетінін айтты. «Қазірге дейін 25,4 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер жөнелтілді. Жылдың алғашқы екі айында 4,9 млрд тең­ге сомаға 1,1 млн рецепт жазып берілген. Оның 4,5 млрд тең­­гесіне рецептілер қамтамасыз етілді», деді Е.Жүнісов. 

Оның айтуынша, медицина­лық ұйымдар 499 дәрі-дәрмекке қажеттілік туралы мәлімдеген. Оларға 105,1 млрд теңге сомаға дәрі-дәр­мектер сатып алынады. Ал 2019 жылға Бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алу кезіндегі үнемдеу 19,6 млрд теңгені құраған. «Алдағы уақытта үнемделген қаражат Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеттік комиссиясының қа­рауына шығарылады. Бұл қара­жатты тапшылық анықталған жағдайда дәрі-дәрмектерді қо­сымша сатып алуға немесе ме­дициналық ұйымдардың басқа да мұқтаждықтарына бөлу туралы мәселе қаралады», деп түсіндірді ко­митет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ ол пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тұрақты мониторингілеу үшін министрлік халықпен байланысты күшейткенін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы оны алғандығын растайтын СМС-хабарлама жү­йесі, сондай-ақ 1439 нөмірі бо­йынша халықты тегін дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша Бірыңғай дис­трибьютордың байланыс орта­лығы іске қосылған.

Сапасыз дәрі-дәрмектер ел нарығына жіберілмеді

Л.Бюрабекова жақында Қазақ­­стан ЕАЭО елдерінің аума­ғында алғашқы медици­налық қолдануға арналған дәрілік препараттың тіркеу куәлігін бергенін айтты. Бұдан басқа, ЕАЭО аясында Қазақстан былтыр референттік мемлекет ре­тінде дәрілік заттар сараптамасын жүргізуге шетелдік және отандық фармөндірушілерден 23 өтінім қабылдаған. «2018 жы­лы барлығы 6,5 мыңнан астам дәрілік заттар мен меди­­циналық бұйымдардың сарап­та­масы жүргізілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Жүргізілген сарап­тамалардың жалпы санынан 3% (176) – тіркеуден бас тартты, яғни сапасыз дәрі-дәр­мектер мен медициналық бұйым­дар Қазақ­стан нарығына жібе­рілмеді», деді Л.Бюрабекова.

Оның айтуынша, жыл сайын Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы елімізге әкелінетін жә­не шығарылатын дәрілік препа­раттардың қауіпсіздігі мен сапасына шамамен 63 мыңға жуық қорытынды береді. «2018 жылы бұл санат бойынша бас тарту саны 1%-ды немесе 863 препаратты құрады», деді ол.

Отандық фармацевтерге басымдық берілмек

Жиын кезінде комитет басшысы дәрі-дәрмектердің жанама әсерлерін мониторингілеу бойынша да жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. «Өткен жылы Қазақстанда дәрілік зат­тардың жанама әсері туралы 3200 хабарлама, биылғы алғашқы екі айда 398 өтініш тіркелді. Оның ішінен кейбір медициналық препараттар уақыт­ша немесе толық айналымнан алынды», деді Л.Бюрабекова.

Сондықтан да отандық фар­ма­цевтикалық өнім өндіру­шілерге мемлекет тарапынан инвестициялық көрсетілмек. «Жақында Бірыңғай дистрибьютор мен отандық тауар өн­дірушілер арасында 10 жылға дейінгі мерзімге келісімшарт жасауға арналған кезекті кон­курс­тың қорытындысы шыға­рылды. Конкурсқа 24 әлеуетті өнім беруші қатысты. Былтыр біз конкурс номенклатурасын бекіткен болатынбыз. Онда 3 мыңға жуық медициналық бұ­йымның атауы болатын. Конкурс қорытындысы бойынша 15 отандық өндіруші маңызды инвес­тициялық артықшылыққа ие болып, алдағы 4 жыл бойы 2 668 медициналық бұйым елдегі бірыңғай дистрибьютер арқылы медициналық мекемелерге жеткізілетін болады», деді ол.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»