Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Тегін сүт таратып жүр

1081 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл қандай батпан құйрық дерсіз. Бірақ расы сол. Қармақшы ауданындағы жас кәсіпкер өзі тұратын Дүр Оңғар ауылындағы әлеуметтік жағынан аз қорғалған 12 отбасыны тегін сүтпен қамтып отыр.

Тегін сүт таратып жүр

Талапты һәм табанды адам­ға алынбайтын қамал жоқ. Данияр Шаянбаев «Zhas Рroject» жобасы жайында интернеттен көріп, кәсіпкерлікті бастауға үл­­кен мүм­кіндік екендігін түсінді. Сөйтті де, аудандық «Жастар ресурсы» орталығына барып, тренингтерге қатысты. Өзінің жаңа жобасын ұсынып, 1 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. 

Аяқ астынан миллионер болып шыға келген Данияр кейбір құрдастарындай қызық қуып кетпей, үш бас сауын сиыр сатып алады. Сүтті үш сиыр баға білгенге әжептәуір байлық. Сүттен қай­мақ айырғаннан бөлек, айран ұйы­тып, құрт, ірімшік, сары май алған Даниярдың жұмысы жүріп сала берді. Бизнес жобадағы бастамасына орай 12 отбасының азығын айырған жас жігіт бұл жетістігіне тоқмейілсіп отырған жоқ. Қасына ауылдағы жұмыссыз жүрген үш жас­өспірімді тартып, айлық төлеп отыр­ған Даниярдың ендігі меже­сі Жас­тар жылына орай берілетін 3 млн теңгелік грантты жеңіп алу бо­лып отыр. Бір миллионмен-ақ бір­талай әлеуметтік мәселелерді шеш­кен жігіт өзінің келешекте мықты кәсіпкер боларына сенеді.

Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ибрахим «Zhas Рroject» жобасы бойынша ауданда 30-дан аса жоба ұсынылғанын айтады. Со­ның ішінде жұмыс­сыз жүрген 13 жас қайтарымсыз грант ұтып алған.

Мемлекеттік көмектің қолтық­тан мықтап демерін сезінген жас­тар бизнес несиелер мен бизнес гранттардың оқыту курстарына көптеп жазыла бастаған.

«Zhas Рroject» – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Елбасы «Nur Otan» съезінде мемлекеттік қол­даулардың әлі де тиімді пайдаланылмай жатқаны жайлы айт­қан-ды. Расында, миллиардта­ған қар­жының ізі жоқ сағым жоба­­­лар­ға салынып, талан-тараж болуы жиілеп кетті. Сондай «су аяғы құрдым» жобалардан гөрі аз ғана ақшамен үлкен нәтижеге жеткен Данияр сияқты жастарға қолдау көрсетілгені әлдеқайда тиімді екені сөзсіз.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы