Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Қарасай ауданында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады

1301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің аймақтарында кемінде бұралық спортты дамытуға арналған 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасы Алматы облысында тиянақты орындалуда.

Қарасай ауданында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады

Оның жарқын мысалын өткен жылы Алакөл, Қарасай, Талғар аудандарында ашылған 3 бірдей әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуінен байқау болады. Ал биыл бұл жұмыс жемісті жалғасуда. Жалпы Жетісу өңірінде 2022 жылға қарай барлық аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылатын болады.

Қазір Алматы облысының Қарасай ауданында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аумағы 3660 шаршы метрді алып жатқан заманауи нысанның бірі Райымбек ауылдық окруігінде салынуда. Екі қабаттан тұратын ғимаратта бокс пен күреске арналған жаттығу алаңы, волейбол, баскетбол, гандбол және минифутбол залынан бөлек киім ауыстырып, жуынатын бөлме орналаспақ.Сондай-ақ, келушілерге қызмет көрсететін сауна, массаж бөлмесі, бильярд залы мен 60 адамға лайықталған кафетерий сияқты қосымша орын да ашылмақ. Ауыл тұрғындарының спортпен шұғылданып, демалысын көңілді өткізуге сеп болатын сауықтыру кешенінінде түрлі жарыс өткізуге арналған алаң мен 300 адам сиятын көрермен трибунасы да бар.

Ал Шамалған ауылында бой көтерген екінші дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы 7300 шаршы метр екен. Нысан 6 блоктан тұрады. Волейбол, баскетбол, гандбол және минифутболға арналған әмбебап залда жарыс тамашалау үшін 300 орындық жеке трибуна болады. Шығыс жекпе-жегі, бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне арналған жаттығу залына жапсарлас 160 адамдық көрермен залы бөлек салынуда. Жүзу бассейніне де сұраныс көп болатын түрі бар. Бұл кешен бір мезгілде 300 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік бермек.

Жалпы, биыл жыл соңына дейін Қарасай өлкесінен бөлек Ақсу, Көксу, Кеген, Райымбек аудандары мен Қапшағай қаласында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып бітіп, іске қосылмақ. Қызу жалғасқан құрылыстың төртеуі мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің негізінде басталған екен.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы