20 Наурыз, 2019

«Ұшқынның» редакторы Тамимдар Сафиев

1601 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
«Ұшқынның» редакторы Тамимдар Сафиев

Орынборға ревком мүшелері де келді. Бөкейден Меңдешев, Оралдан Қара­таев, Әйтиев, Арғаншиев келді. Мәс­кеуден ревком бастығы болған Пестков­ский келді. Бұлар да кеңселерін ашып, орналасып жұмысқа кірісті. Бірақ Қырғыз (Қазақ) орталық мекемелерінің ке­ліп орналасуына, Орынбордың Қырғыз (Қазақ) республикасының орта­лы­ғы болуына Орынбордағы ұйымдар онша жақсы қарамады. Наразылау болып тұрғандары сезілетін еді.

Солай етіп Орынборда мен «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін тағы шығаруға дайындалдым. Бірақ бір күні Сейтқали Меңдешев мені шақырып алды, оныменен бірге Әйтиев отыр еді. Ол қазақша газет шығару мәселесін қозғады. Қазір «Соғыс комиссариаты хабарлары» емес, ревком органы қазақ­ша газета шығару керек деді. Сол отырыста не деген газета шығарамыз, аты қалай болады деген мәселе болды. Меңдешевтің ұсынуы бойынша газетаның аты «Ұшқын» болатын болды. Мені соғыс комиссариатының саяси бөлі­мінен шақырып алып, «Ұшқын» деген қазақша газета шығаруды, редак­ция ұйымдастыруды тапсырды. Сол уақытта Орынборда қоңсы Бөрте болысынан оқушылар қазақ жігіттері бар еді. Бернияз Күлеев, Қамбетов, Мерғали, соларды жұмысқа шақырып, редакция ұйымдастырдым. Ревком редколлегия составын көрсетіп таныс етті. Редколлегияға мені председатель қылды. Күлеев, Ишмұқамбетов, Ахметсапа Юсупов редколлегия мүшелері болып белгіленді. Ахмет Байтұрсынов редколлегияда болған сияқты. Ұмытпасам, Орда­дан уақытша келген Халел Есен­ба­ев, Шақат Бегалиндерді уақытша редак­цияға жіберді. Біраздан кейін Тұн­ғашин Тоқтамыс келді. Ташкеннен келген Хайретдин Болғанбаев біраз уақыт істеді. Солай етіп ноябрь айын­да Орынборда қазақша «Ұшқын» газе­тасы шыға бастады. Редакцияға Орын­бор­дың бір (Неплюевская) көшесінен жай берілді. Бастап «Ұшқын» жұма­сына бір рет, соңынан екі-үш рет шығып тұрды. Газета екі беттік сары қағазға басылып тұрды. Осы күнге дейін ұмыт­па­ған бір жұмысым: ол кезде Орынборда «Бізің жол» деген татарша газета шығатын. Сейтқали Меңдешев сол газетаға бір мақала жазып, Қырғыз (Қазақ) ревкомының келгенін, Орынбор Қазақ республикасының орталығы бол­ға­нын айтып бір мақала жаз, татар көп­ші­лігіне білдір, таныстыр деп маған тап­сырды. Мен сол тапсыру бойынша татар газетасына мақала жаздым. Ол мақалам сол газетаның бір нөмірінде басылып шықты. Солай етіп «Ұшқын» газетасы Қазақстанның бірінші сиезіне дейін шығып тұрды. Бірінші сиез белгілі 1920 жылы октябрь айының басында (октябрьдің 4 күні ескіше) ашылды...

«Ұшқын» Қырғыз (Қазақ) ревкомы­ның органы өлкелік газета болып шы­ғып тұрды. Сол кез­дегі жағдайды, рев­ком­­ның жұмы­сын көпшіл­ікке таныстыру, бірінші сиезге даярлық жұмыс­та­рын көп­шілікке білдіріп отырды.

1919 жылдың аяғы, 1920 жылдың бас күндерінде Батыс Алашорда үкі­ме­­ті адамдары Совет үкіметіне бас иіп беріліп, Орынборға келіп берілді. Бұлар­­дың ішінде үкімет составы Жа­һанша Досмұқам­бетов, доктор Халел Дос­мұқамбетов, Кәрім Жале­нов, Кү­сеп­­­қалиев тағы басқа­лар бар еді. Бұлар­мен­ен бірге кел­гендердің ішінде Алаш орда әскер отряд­та­рының коман­дир­­лері, 25-30 адам бар еді. Әскер­лердің ішінде Бисенов, Мұрат Қаратаев тағы бас­қалар бар еді. Осылар қатарында Колчак әскері қапталында деректориа­да болған бөкейлік Уәлидхан Танашев келді.

Қырғыз (Қазақ) ревком бастықтары Алаш орданың бастықтарын қабыл алып, ұшырасулары болған күні Алаш орданың басшыларын қабыл алып ұшырасу кешін ұйымдастыруды маған тапсырды, бұның үшін арнаулы азық-ауқат, қаржы берді.

«Ұшқын» газетасы редакциясында ұшырасу кешін ұйымдастырып, жас­тармен ұшырасу болды.

Әлі ұмытпаймын, мәжіліс кешін ашқанда мен сөзімді «Адасқанның айы­бы жоқ, қайтып елін тапқан соң» деп халық мақалымен бастап едім.
Алаш ордашыларды қабыл алу осындай жағдайда өтті, барлығы өздерінің тиісті орындарына орналас­ты.

Осы 1919 жылдың аяқ кезінде пар­тия­ға адам алу туралы Ленин жұмалығы (Ленинская неделя) болды. Сол жұмалық күн­дерінде партияға кіріп, мен партия билетін алдым. Партия қатарында болып, тағы жұмысымды істей бердім. Мен (Сафиев) «Ұшқын» газетасы ред­кол­легиясының председателі болып, 1920 жылдың май айына дейін істедім...»

Орда мен Оралда

Мамыр айында Тамимдар Сафиев қатты сырқаттанып қалады. 10-15 күн төсек тартып жатып, азырақ тәуір болған соң дема­лысқа сұранып, Бөкейге, Орда­ға жү­­ріп кетеді. «Ұшқын» газетін шыға­­­рып, менің орнымда Ахметсапа (фами­­лиясы ұмытпасам Юсупов еді) қал­ды. Басқа қызметкерлер Бернияз Күлеев, Тұнғашин Тоқтамыс, Мұқан­ға­ли Ишмұқамбетовтар еді» деп жазады кейіп­­керіміз.

Бір қызығы туған жеріне келген Тамим­дар Сафиевті жерлестері жібер­­­мей қояды. Меңдешевке тікелей хабар­ла­­сып, «Сафиев Бөкейде кооператив ұйымдастыру жұмысына қажет» деп арнайы сұрап алады. Сөйтіп ол кооператив ұйымдастыру үшін Талөпке, Жаңақала уездеріне уәкіл болды. Бұл кезде оның досы Халел Есенбаев та Талөп­кеде уез атқару комитетінің төр­аға­сы болып қызмет етуші еді.

Тамыз айында Сафиев қайтадан Орынборға шақырылады. Ревкомның тапсыр­масымен Жымпиты уезінде газет шығару, баспахана ісін ұйым­дас­­тырады. Қыркүйек айында Ордаға барып, қазанда Орынборда болатын Бірінші Қазақстандық сиезіне делегат болып сайланады.

«Октябрьдің 4-і күні Қазақстанның бірін­ші сиезін Радус Зенкович ашты. Сиез делегаттарының ішінде еңбек­­ші­лер делегаттарымен қатар, алаш­ор­да­­шылар, байлар партиясында болған­дар­дың да делегат болып сайлан­ған­да­ры бар еді. Мен білгеннен сиезге делегат Әлихан Бөкейханов, Аббас Ермеков, Уәлидхан Танашев, Ахмет Бай­тұрсынов, тағы сондай адамдар бар еді. Сиезде бұл адамдар туралы сөз болды. Бірақ оларға шешуші дауыс берілмей, кеңесте дауыс берілді, соны­мен қатар оларды сиездің төрі алдыңғы қатарға өткізбей, есік жаққа оты­руға мәжбүр етті. Сиез 8-10 күндей созыл­­ды, күн тәртібіне қойылған мәсе­ле­лер шешілді, тиісті қарарлар қабыл етілді. Сайлау болды. Совнарком пред­­се­дателі Радус Зенкович болды. Орта­­­лық атқару комитетінің (ЦИК) пред­седателі Сейтқали Меңдешев, секре­­тары Бөкейханов Ғабдол болды. Бөкей­ден келген делегаттардан бір­неше жолдас Залиев, Құлшурин, Те­мір­алиев, Шомбалов, Милютин үкімет составына кірді. Қалған бір сай­лану Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев Орталық комитет мүшелеріне канди­дат­тар қатарына кірдік.

Сиездің жабылар күндерінде, бір күні бірқатар қазақ оқығандарының жиналысы шақырылды. Бұл жиналыс ол кезде шығып тұрған «Ұшқын» газета­­сының редакциясында болды. Бұл жиналысқа келгендерден менің есімде қалғандар Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Саматов, Садуақасов, Халел Есен­баев, Тамимдар Сафиев, Бернияз Күлеев, Ахмет ... бар еді.

Жиналыста таза сайланған (ЦИК) Орталық атқару комитетінің органы етіп газета шығару, ревком органы «Ұшқын» газетасының атын өзгерту мәсе­лесі қаралды. «Ұшқын» газетасын Қазақ Орталық атқару комитетінің органы етіп, атын өзгерткенде не деп ат қоямыз? – деген сөз болды. Қысқасы жиналыс «Ұшқын» газетасының аты өзгер­тіліп, «Еңбекші қазақ» болсын, ревком органы емес, Қазақ Орталық атқару комитетінің органы делінсін деген қарар қабыл етті. Газетаның редакторы болып Маннан Тұрғанбаев белгіленсін делінді, редакция коллегиясына кімдер сайланғаны есімде жоқ...»

Тамимдар Сафиевтің кейінгі өмірі де газет жұмысымен байланысты. Ол 1920-1923 жылдары Бөкей облысы тұтынушылар одағының басқарма мүшесі, 1923-1925 жылдары Бөкей губерниялық сотының аға хатшысы болып қызмет еткенімен, кешікпей газет ісіне оралды. 1925-1928 жылдары Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет етті. 

«Жолдас Тәмем!

Сенің жауапты хатшы болып, маған орынбасар болып екі жыл баспасөз майданында бірге қызмет істесіп, мазмұн-құрылыс жағынан газет есебіне кіргізген, «Қызыл туды» аяққа бастырған, жұртқа көсем қылып танытқан еңбегімізді, қолға қол ұстасқан күндерімізді ескеруің үшін осы суретімізді алдыңа тартам. 

Баспасөз – тап құралы, баспасөз майданы – адал майдан, еңбекші (жұмыскер) табының қарауында тұратын, көсем болатын майдан. Біз сол майданда келешекте де тұруымыз тиіс. 

Жолдасың Рақым. 

2.ХІІ.1927. 

Орал қаласы» – деп жазады «Қызыл ту» газетінің 7 жылдық тойында есте­лік­ке түсірілген ұжымдық фотоның сыр­тына басылымның сол кездегі редак­то­ры, кейін «халық жауы» атанып ату жазасына кесілген тағы бір арыс Рахым Сүгіров. 

Кейінгі өмірі

Тамимдар Сафиевтің өмірінің бір кезеңі туған ұлтына – қарақалпақ ұлт­тық баспасөзінің қалыптасуына арнал­ғаны мәлім. 

Қарақалпақ жазушысы Қаллы Айым­­бе­тов өзінің «Халқ даналығы. Өткен күнлерден елеслер» атты кіта­бын­да (Нөкис, «Қарақалпақстан» баспасы, 1988): «Т.Сафиевтиң анкетасында миллети қарақалпақ деп жазылғаны ушын «Қызыл туў» деген газетада ислеп атырған жеринен оны Қарақалпақстанға жиберипти» деп жазады. Біздің ойымызша Т.Сафиевтің Нөкіске ауысуына сол кездегі саяси оқиғалар да себеп болуы мүмкін. Саяси сауатты, келе жатқан қауіпті алдын ала сезетін сауысқаннан сақ Тамимдар 1921 жылы «ұлтшылдығы үшін» деген жаламен ВКП(б) қатарынан бір мәрте шығарылған болатын. Ол 1920 жылдардың соңында Қазақстанда тағы бір саяси қуғын-сүргіннің бұлты үйіріле бастағанын сезген сияқты. Партия қатарына 1925-1927 жылдары үміткер бола жүріп, тек 1927 жылы ғана қайтадан қабылдана алған екен.

Сонымен, 1928 жылы Т.Сафиев Қарақалпақ обкомының орталық органы «Мийнеткеш Қарақалпақстан» газе­тінің жауапты редакторы болып тағайындалып, 1931 жылға дейін жасайды. 1931-1933 жылдары Бүкіл­одақ­тық коммунистік журналистика уни­вер­ситетінде оқып келген соң, «Қыз­ыл Қарақалпақстан» газетінің бас редак­торы болады. Алайда 1935 жылы «ұлтшыл әрекеттері үшін» айыпталып, партия қатарынан шығарылады. Бұл сүр­г­іннен оның қалай аман қалғаны бел­гі­сіз. Әйтеуір Мәскеуге кетіп, қара­қал­пақ тіліндегі оқулықтарды шы­ға­ру­мен айналысатын «Учпедгиз» баспасына жұмысқа тұрады. Сол кеткеннен Нөкіске де, Қазақстанға да оралмай, Мәскеуде қалып қояды. 1958 жылы Н.А.Баскаковтың жетекшілігімен шық­қан «Қарақалпақ-орыс сөздігі», 1967 жылы «Орыс-қарақалпақ сөздігі» кітап­тарын шығаруға атсалысады.

Шәрип Бабашевтің дерегінше, Т.Сафиев 1975 жылы 9 қаңтар күні Мәскеу қаласында қайтыс болған.

Батыс Қазақстан өңірін­дегі қазақ басы­­­­лым­дарының қалып­­тасуына көп ең­бек ет­кен, ел газеті «Egemen Qazaq­­­stannyń» бас­тауындағы «Ұш­қын» газетін шығару­шылардың бірі болған Тамимдар Сафиевтің аса құн­ды естелік­терінің жазылуына, сақ­тал­у­ы­на себепші болған – аяулы қазақ зерт­теушісі Мұстафа Ысмағұлов екен. Өйт­ке­ні бес дәптерден тұратын араб жазулы естеліктерінің басында Тамимдар Сафиев бұл жазбаларды Мұстафаның сұрауымен жазғанын анық айтады. Мұстафа ағамыз тарих үшін өте құнды бұл естеліктердің түптің түбінде қажет бола­рын сезіп, жаздырып алған әрі қорық­пай сақтаған.

Қазақ ССР тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының Әдебиет және жазба секциясының жолдамасымен 1979 жылғы 6 маусым-29 шілде аралығында арнайы іссапарда болған Мұстафа ағамыз 30 маусым күні Мәскеуге келіп, марқұм Тамимдар Сафиевтің үйіне арнайы барғанын жазыпты. 

«Тамимдардың әйелі казак-орыс қызы еді. Олардан туған Вера Тамим­дар­қызы Сафиева әкесінен қалған жазба мұраларды мұқият сақтап отыр екен. Қолжазбалардың арасында қазақтар мен қарақалпақтардың фольклорлық мұралары, көне фотосуреттер көп. 17 беттен тұратын «Жұмбақтар», 17 беттен тұратын халық әндері, Тамимдар Сафиевтің ата-анасымен бірге түскен фотосуреті, т.б. дүниелерді алдым. Бір үлкен кітап шкафындағы кітаптар өте құнды. Вера Тамимдарқызы оны музейге немесе кітапханаға сатқысы келеді. Оның мекенжайы 121406, Мәскеу облысы, Пушкино қаласы, Маяковский көшесі, 7 үй, 22 пәтер, Степанова Вера Тамимдарқызы» деп жазады іссапар есебінде Мұстафа Ысмағұлов. Тамим­дар Сафиевтен қалған ол архив­тің кейінг­і тағдыры белгісіз. Бірақ Мұс­та­фа ағамыз алып қалған деректер бү­гін­де Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейінің қорында мұқият сақтаулы. Бүгін назарыңызға ұсыны­лып отырған естеліктер мен көне суреттер – осының айғағы. 

Батыс Қазақстан облысы