20 Наурыз, 2019

Мәдениет үйінің басшысы мәдениетсіз бе?

1453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәдениет үйінің басшысы мәдениетсіз бе?

Кейде кейбір басшылардың өзіне артыл­ған міндетті басқаша түсініп, келген бақты көтере алмай кері кететін әдеті болады. Көбі­несе басшылық дегенді өзгеге сес көр­сету, өзінен төменге қырын қарау деп түсіну де адамды жарға жығатын кесел. Мәсе­лен, мұндай келеңсіз көріністер қоғам­да жап­пай болмаса да, ара-тұра бой көрсетіп қала­ды. Бұл жерде өзіне сеніп тапсырылған жауап­кер­шілікті жүре сезіну, қол астындағы азаматтармен ортақ тіл табыса алмау сияқты жат әдеттің бел алуы басым.

Бұлай деуімізге, Шу қалалық мәдениет үйінің директоры Маратхан Әденовке қатысты жағымсыз пікірдің шығуы себеп болып еді. Қызметке келгеніне төрт ай енді болған басшы қызметкерлеріне дөрекі мінез көрсетіп, бейәдеп сөздер айтады екен. Тіпті бір келіншекті ұрып-соққаны жайлы да ақпарат тараған. Басшыларының мұндай мінезіне шыдай алмаған мекеме ұжымы Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың атына арыз да жазыпты. Мәдениет үйінің мінезді басшысының бұл әрекетінің анық-қанығына жету мақсатында біз Шу ауданына арнайы барып, тиісті азаматтармен жолықтық. Әуелі Шу қалалық мәдениет үйінің директоры Маратхан Әденовті іздеп барып, орнынан таба алмадық. Көрші ауылға көкпар көруге кеткен басшы сол күні таптырмады. Ал әлгі директорға тікелей басшылық жасайтын Шу қаласының әкімі Бақытжан Тұрғынбаев басшы мен ұжымның арасында мұндай әңгіменің бар екенін растады. Әкімнің айтуынша, аудан бойынша қызметтік зерделеу мақсатында комиссия құрылған. Директордың орнында қалу, қалмауын он бес күн ішінде сол комиссия мүшелері шешеді. Заң бойынша оны орнынан бірден алып тастай алмайтынын айтқан Шу қаласының әкімі өз сөзінде мұндай адамдардың басшылық қызметте отыруға лайық емес екенін айтты. 

Шу ауданы әкімдігінің аппаратынан қалалық мәдениет үйінің он төрт қызметкері қол қойған хатты алып, танысқанымызда, ұжым аудан әкіміне директордың қызметкер­леріне адами тұрғыдан қарамай, қоғамдық қыз­метке жат, өрескел қылықтар көрсетіп, мәде­ниет қызметкерлерімен санаспай бейпіл ауыз сөздер айтып, өзімшілдік көрсетіп отыр­ға­нын айта келе, оны директорлық қызмет ор­ны­нан босатуын сұрапты. Ал директордан ауыр сөздер естігені былай тұрсын, тіпті таяқ же­ген Айнұр Самбековамен кездес­кенімізде де, ол Маратхан Әденовтің өзіне жат қылық көр­сет­кенін, онымен қоймай қол көтергенін растады. 

Оқиға былай болыпты. Шу қалалық мә­дениет үйінің ұжымы биылғы жылы 22 ақпан күні жұмыс уақытынан тыс кезде басқосу жасайды. Яғни, келмеске кеткен кеңес өкіметі­нің кезіндегі 23 ақпан мерекесін тойлайды. «Сол отырыста директор Маратхан Әденов отырғандардың бәріне «Сендерді жұмыстан шығарып жіберемін» деп өзінен-өзі соқтығу­мен болды. Сол кезде мен жасымның үлкен­дігін сыйлайтын шығар деген оймен әріптестері­ме ара түсіп едім, мені арт жағымнан келіп қылқындырып, ұрды. Мен де жүрген біреу емеспін. 15 жыл бойы осы мәдениет үйі дирек­торының орынбасары болып жұмыс істеп келемін. Егер менің жұмысым, болмаса өзім нашар болатын болсам, мұның алдын­дағы басшылар мені шығарып жіберетін еді ғой. Бұл кісі осы уақытқа дейін мекеме қарауылын да ұрған болатын», дейді Айнұр Самбекова. Алайда, А.Самбекова әлеуметтік желілерде жазылғандай өзінің ауру­ханаға жатпағанын, аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева сияқты басшылар­дан ешқандай да «қорқытып-үркіту» болмағанын айтты. Керісінше, Шу қалалық мәдениет үйі­нің ұжымына аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппановадан келген хатта «Арызда көрсетілген мән-жайлар, яғни ди­рек­тор М.Аденов тағайындалғаннан бері қызметкерлеріне дөрекі мінез көрсетіп, бейәдеп сөздер айтып ұрысатындығы, қоғамға жат қылықтар көрсетеді делінген уәждері расталды», делінген. Сонымен қатар директордың өз қызметкеріне қол көтергені де қазіргі таңда құқық қорғау органдарымен тексерілу үстінде екен. 

Мәдениет үйі өнердің бастауы екені анық. Ұлт өнерінің киесі қалықтаған осындай шаңырақтың басшысы бейәдеп сөздер айтып, қызметкерлерін ұруға дейін барса, не болмақ. Мәдениет мекемесін басқарып отырған басшының өзінен мәдениет кетсе, қалғаны қайда барады? Келгеніне төрт ай болған жаңа басшының ендігі мәсе­лесі аудан әкімдігінің мүшелерінен құрыл­ған комиссияның қарауында белгілі болады. 

Хамит ЕСАМАН, 

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы