21 Наурыз, 2019

Түркі әлемі айрықша құрметпен қарайды

1064 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен өкілеттігін тоқтату­ға шешім қабылдауы түркітілдес елдердің халықтарына да айрықша әсер етті. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарына назар аударсақ, бауырлас мемлекеттерде Елбасының қызметтен кетуін бұқараның қимастықпен қабылдағаны байқалады. Әрі бұл шешім қазақстандықтарға ғана емес, түркі халықтары үшін де күтпеген жағдай болғаны байқалып тұр. 

Түркі әлемі айрықша құрметпен қарайды

Жалпы, түркі халықтары Нұрсұлтан Әбішұлын ақсақал ретінде таниды. Өйткені Елба­сы түркі интеграциясының ар­хи­тек­торына айналған тұл­ға. Тү­ркі интеграциясында шешу­­ші рөл атқарып отырған Түр­­кі кеңесі, Халықаралық Түр­­кі акад­емия­сы, Түркі мәде­ниеті жә­не мирасы қоры тәріз­ді құ­ры­лымдар­дың жасақ­талуы­на ықпал еткен қай­рат­кер әрі түркі бірлігі мәсе­лесіне үнемі көңіл бөліп келе­ді. Сон­дықтан да болар, тәуел­сіз түркі мемлекеттерінде ақ­сақал деп ерекше құрмет көр­сетеді. Былтыр Түркі акаде­мия­сы ұйымдастырған «Түрк баро­метр» атты әлеуметтік зерт­­теу­лерде түркі әлемінде Нұрсұл­тан Назарбаев өте таны­мал екені анықталған. Яғни, Қазақ­станның Тұңғыш Прези­дентінің саяси қадамдары түркі­тілдес халықтардың көңілінен шығатын болса керек. Сол се­бепті, Елбасының қызметтен кетуі жайлы мәлімдемесі түркі ел­дерін елең еткізді. 

Мәлімдеме жарияланған бетте Түркияның «Анадолу» агент­тігі «Назарбаев 30 жылда Қазақстан экономикасын 15 есе дамытты» деген тақы­рып­­­пен мақала жариялады. Ал Түр­кияның бірқатар телеарналары Елбасы шешіміне бай­ланысты арнайы хабарлар таратты. Мәселен, NTV телеар­на­сы жаңалықтарында қосым­ша сарапшыларды қатыстыра отырып, Қазақстан басшы­сы­ның шешімін талқылаған эфир өткізді. Аталған бағдарлама­ға ­телефон арқылы қосылып, пі­кірін білдірген профессор Куршат Зорлу Н.Назарбаевтың шешімін елдегі билік алмасу үдерісінің жан-жақты ойлас­ты­рылғанымен түсіндірді. Сарап­шы Қазақстан билігінде жастар­ға мүмкіндік беруге ай­рықша назар аударылғанын атап өт­ті. Сонымен бірге Елба­сы­ның шеші­мін «мемлекет бас­қарудағы жаңа модель» деп атады әрі демократия про­цес­терінің әр елдің салт-сана­сына, мәдениеті мен тарихына бай­ланысты болатынына тоқ­талды. «Ол соңғы үш жылда елін­дегі шенеуніктердің орташа жасын төмендетіп келеді. Жаңа буын жайлы айтуы мен бір­неше ай бойы жастарға бағыт­талған месседж жолдауы осы бас­тамасының нәтижесі. Яғни, ол ел басқаратын кадрларды жасарту бағытында әрекет етіп отыр», деді Куршад Зорлу. 

Сонымен бірге түрік басылымдары Елбасының 2015 жылы Сирия төңірегінде ре­сей­­лік әскери ұшақтың атып түсірілуіне байланысты Түр­кия мен Ресей арасында туын­даған кикілжің кезінде Реджеп Тайип Ердоған мен Влади­мир Путиннің арасында араа­ғайын­дық жасағанын атап өтті әрі 2016 жылдың 15 шілдесінде бүлікшілердің төңкеріс жасау әрекетінен кейін Түркияны қолд­ағанын, оқиғадан соң Ан­караға бірінші болып ат басын тіреген шет мемлекет басшысы болғанына да назар аударды.

Ал Әзербайжан Респуб­ликасы Милли Меджлисі­нің депутаты Эльман Насиров бұл оқиғаны алабұртқан көңіл­мен қабылдағанын, Түркі дү­ние­сінің ақсақалы ретінде Н.Назар­баевтың Қазақстанды түрлі сын-қатерлерден сақтап қана қоймай, түркітілдес мем­лекеттерді де назардан тыс қал­дырмағанын айтты. Әзербай­жан депутаты Таулы Қарабақ мәсе­лесінде Елбасының ұста­ны­мы мығым болғанын, әрқа­шан Әзербайжанның тер­ри­ториялық тұтастығын жақ­таға­нын айтты. Сол себепті, әзер­бай­жандықтардың Елбасын жақ­сы көретінін атап өтті.

Қырғызстанның қоғам қай­раткері Османакун Ибра­гимов Елбасы билік алмасу про­це­сін бейбіт жолмен жүргізе ал­ғанын, ұшқары әрекеттерге жол бермегенін атап өтті. Қыр­ғыз саясаткері Назарбаевты көреген қайраткер ретінде баға­лаған. Ал Қырғызстан Жогорку кенішінің депутаты Қаныбек Иманалиев Елбасын Мұстафа Кемал Ататүрік, Мохатхир Мохамад сияқты тұлғалармен қатар қоятынын жеткізді. Соны­мен қатар Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті қыз­метіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың да білікті сая­сат­кер екендігіне, қазақ-қыр­ғыз қатынастарын одан әр­і терең­дете түсеріне сенеті­нін атап өт­ті. Тағы бір қыр­ғыз саясаткері, Қырғызстан Жогор­ку кенешінің экс-спикері, тарихшы Зайни­дин Курманов Елбасын мықты менеджерге теңеді. «Оның инженерлік көзқараспен ойлай білуі, жобалап қана қоймай, сол жобаларды жүзеге асыра білуі, мақсаттар мен міндеттерді ай­қын белгілеуі, қатаң тәртібі, сая­си жігері, еркін мінезі, алысты болжай білетін көрегенділігі мен даналығы оны әлемдік деңгейге шығарды. Ол қандай істі бастаса да үздік екендігін көрсетті. Оның өмірбаяны мен қызметін зерттеген барлық ғалым Нұрсұлтан Назарбаевты өте мықты менеджер ретінде мойындайды», деді З.Курманов.

Жалпы, Елбасының қыз­меттен кетуіне түрлі баға берген азаматтардың қатары көп бол­ды. Белгілі ғалым, АҚШ-тың Мичиган университетінің про­фессоры Тимур Қожаоғлу Ел­ба­сының шешімін Орталық Азия елдерінде тұңғыш рет бол­ған оқиға деп атап өтті. Яғни, Орта­лық Азия мемлекеттерінің ішін­де жоғары лауазымды қыз­метінен мерзімінен бұрын бас тартқан президент бұрын-соңды болмаған. Мұның өзі бірқатар басшыларға үлгі болуы тиіс. Өзбекстандық саясаттанушы Шарофоддин Туляганов болса, Назарбаевтың әрекетін 1999 жылы биліктен кеткен Ресей президенті Борис Ельциннің қадамымен салыстырды. «2019 жылдың 19 наурызы. Бұл күн тарихта Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың ортаазия­лық Дэн Сяопинге айналған күні ретінде қалады. Бір жағынан Назарбаевтың шешімі Жаңа жыл қарсаңында биліктен кет­кен Ельциннің әрекетіне ұқсай­ды. Қазақстан басшысы ұлт­тық жаңа жыл қарсаңында қыз­меті­нен бас тартты. Алайда Ель­цин өз қызметінен бас тарт­қан соң мемлекеттік саясатқа ара­ласу мүмкіндігінен толық айы­рыл­ған болатын. Ал Назар­баев­тың бұл тұрғыда Ресейдің тұңғыш президентінен үлкен айырмашылығы бар. Қазақ басшысын осы ретте Дэн Сяо­пинмен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Әбішұлы пре­зи­дент лауазымынан бас тарт­қаны­мен, Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде қызметін жалғастыра береді. Бұл өз кезегінде ел­дегі саяси ахуалға ықпал ету мүм­кіндігін беріп отыр. Менің­ше, бұл Қазақстан үшін ең дұрыс шешім болды. Қазақ көш­бас­шысы Қазақстанды жаһан­дағы үздік елдердің қатары­на қосуды армандаған еді әрі тура сол бағытынан тан­ба­ды. Осы саясаттың нә­ти­же­сінде Қазақ­стан өнеркәсібі мен ғылым-білімі дамыған елге айналып келе­ді. Сондықтан Назарбаев сая­сатының дұрыстығына ешкім күмән­данбауы тиіс», деді. 

Амангелді ҚҰРМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»