Қазақстан • 24 Наурыз, 2019

Наурызда айтылған бата

1538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыздың қазақ даласында бір күн ғана емес, тоғыз күн тойланғанын ғалымдар айта бастады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы өзінің Тілдерді оқыту орталығымен бірігіп, Наурыз мейрамын атап өтті. 

Наурызда айтылған бата

Осы ұжымда істейтін қызметкердің енді жүріп жүрген кішкентай Әнуар атты ұлының тұсауын кесу құрметін көпшілік жазушы Ғұмар Ғарифұлына ұсыныпты. Ол кісі сәбидің тұсауын кескен соң:

«Бұл сәбиге айтарым:

Отаныңды, туған халқыңды сүй!

Сені мәпелеп өсірген ата-анаңды сүй!,

Ер жеткенде есейіп,

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Ешкімнің ала-жібін аттамай,

Жаның таза, пейілің ақ,

Абыройың асқан азамат бол!

Басыңа баянды бақ қонсын,

Отырған орның төр мен тақ болсын!

Үлкен әулеттің иесі атанып,

Іші ұл мен қызға толсын!

Өмірде Айың солыңнан, Күнің оңыңнан тусын!

Жортқанда жодасың Қыдыр болып,

Әрқашан Қайып Ерен, қырық Шілтен қорғап жүрсін!

Алла-тағала өзіңді от пен судан, пәле-жаладан, қайғы-қасіреттен сақтасын!

Дәулетің судай тасысын,

Қосағыңмен қоса ағарып,

Жасың жүзден ассын!

Осы берген батамды Алла қабыл етсін!»

деп батасын берді.

– Жасымыз болса, біразға келді. Әр жерде менен бата сұрайды. Соны білемін де, көпшілікке бас қосқанда, осылай батамды алдын ала жазып әкелемін. Сөйтіп, бата беріп болған соң, қалтамнан шығарып, әлгі батамды жазған бір парақ қағазды жастардың қолына ұстатып кетемін. Кейде бата берген жеріңде қалып кетеді, жұрт көп есіне ұстамайды. Ал мына он айлық сәби ертең өскенде анасы оған өзіне арналған осы батаны оқытып отырса, «жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, оның саналы, тәрбиелі азамат болып өсуіне ықпалы болар деген тілек, –дейді Ғұмар ағамыз.

Бұл да рухани жаңғыруымыздың, дәстүр-салтты алдағы ұрпақ кәдесіне жаратудың бір көрінісі деп қабылдадық.

Нәзира Жәрімбет,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ