Қазақстан • 25 Наурыз, 2019

Нұр-Сұлтан атауының берілуі өте орынды әрі лайықты шешім болғаны анық - Әнуарбек Мұхтарханов

861 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ елінің тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи өте маңызды шешімін жария етті. Әлеуметтік желілерде халықтың қимастықпен, сондай бауырмалдық сезіммен жазып жатқан пікірлерін оқып, Елбасымызбен марқая мақтанып отырмыз. 

Нұр-Сұлтан атауының берілуі өте орынды әрі лайықты шешім болғаны анық  - Әнуарбек Мұхтарханов

Жеке мемлекет болып құрылған алғашқы күннен бастап тәуелсіз Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты межеге алды. Дамудың дара жолында халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, экономикалық өсім мен ұлттық рухты асқақтату, халықтың рухани жаңғыруына баса көңіл бөлу ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін аңғартса керек.

Қазақстан да бірер жылдан кейін үш ондықтың белесін артқа тастамақ. Бұл аралықта Азия кеңістігінде экономикасы тұрақты, әл-ауқаты артқан елдің көшін бастаған мемлекетіміз әлемнің алпауыт державаларының алдында биік беделімен дараланды.

Біздің Шығыс Қазақстан үшін, ұлы Абайдың елі үшін Елбасы еңбегінің жоғары жетістігі – ядролық қарудан бас тартуы. 130-дан астам ұлттың өкілін біріктірген жас мемлекеттің бірлігі төрткүл тарапқа өнеге болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы – «Nur Otan» партиясының Көшбасшысы, негізін қалаушы тарихи тұлға. Президенттік міндеттен кетсе де, жүрегі, тілегі, алға қойған межесі – халықпен бірге болу. Олай болса, Көшбасшымызбен бірге нық қадам баса отырып, партия тарихының жаңа кезеңін бастаймыз.

Ал Елбасымыздың Елордамыз – Астананың салынуына, аяғынан қаз тұруына, әлемге танылуына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Сондықтан Астана қаласына Нұр-Сұлтан атауының берілуі өте орынды әрі лайықты шешім болғаны анық.

Әнуарбек МҰХТАРХАНОВ,

 «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

ӨСКЕМЕН