26 Наурыз, 2019

Инфляциялық нысаналы бағдар 2022 жылдан бастап 3-5 пайызға төмендетіледі

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Инфляция бойынша нысаналы бағдар 2022 жылдан бастап 3-5 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Үкімет пен Ұлттық Банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімі жөнінде» баяндаған ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инфляциялық нысаналы бағдар 2022 жылдан бастап 3-5 пайызға төмендетіледі

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламалар мен құрылымдық реформаларды іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қою бойынша бастама жасайды. Келісімде Үкімет пен Ұлттық банктің экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және бағалардың тұрақты деңгейін қолдау бойынша бірлескен қызметінің қағидаттары мен негізгі бағыттары белгіленеді», - деді ол.

Оның айтуынша, келісімде 10 негізгі міндет айқындалған. Бұл ретте теңестірілген салық-бюджет саясаты толық Үкіметтің құзыретіне жатады.

«Ұлттық банк төмен инфляцияны қолдауға, сондай-ақ елдің экономикалық дамуының орнықтылығын және халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне басымдық бере отырып инфляциялық таргеттеу режимін сақтайды. Бұл ретте инфляция бойынша нысаналы бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6 пайыз дәлізін сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%  дейін төмендету және ұзақ мерзімді перспективада осы дәлізде сақтау ұсынылады», - деді ҰБ басшысы.

Е.Досаевтың айтуынша, Ұлттық банк базалық ставка деңгейін нақты көрсеткіште оң болатын 3-3,5 пайыз шегінде қолдауға ұмтылатын болады.

«Инфляциялық процестер күшейген және инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізден асу тәуекелдері артқан кезде ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін», - деді ол.