26 Наурыз, 2019

Ірі кәсіпорындар Ақтөбедегі ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру туралы меморандумға қол қойды

958 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыс көшпелі болғандықтан Ақтөбе мұнай жабдығы зауытында өтті. Оның жұмысына студенттерден басқа, жоғары оқу орындарының, колледждер мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорын басшылары қатысты.

Ірі кәсіпорындар Ақтөбедегі ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру туралы меморандумға қол қойды

«Біз отырысты зауытта бекер өткізіп отырған жоқпыз, өйткені біздің бүгін қарастырғалы отырған сұрағымыз – техникалық мамандығы бар түлектерді жұмысқа орналастыру. Студенттер оқу бітірген соң қайда және немен жұмыс істейтіндерін түсіну үшін осындай өндіріс орындарында жиі болулары керек. Статистикаға сәйкес, орташа алғанда біздің облыста жоғары білімі бар түлектер шамамен 70 %-ы жұмысқа орналасқан. Біз проблеманың неде екенін, неге толық жұмысқа орналаспағанын түсінуіміз керек. Сондықтан бүгінгі отырысқа жастармен қатар осы сұраққа тікелей қатысы бар оқу орындары мен кәсіпорын басшылары қатысып отыр. Нақты шешу жолдарын анықтайтын құрылымды сұхбат болады деп сенемін»,- деді шараны ашқан Оңдасын Оразалин.

Отырыста білім имиджін көтеру, оқу орындарында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мәселелері қаралды. "Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вэй Юйсян, «АРБЗ» ЖШС бас директоры Валерий Обилец студенттерге жас мамандардың жұмысқа орналасуы мен олардың қызметтік өсуі жайында айтып берді. Айта кетейік, өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары мен жастар қос тарапты оқытуды дамыту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Облыс әкімі: «Қосарлы кәсіби оқыту жүйесі жоғары білікті мамандарды даярлаудың неғұрлым тиімді формасы ретінде бүкіл әлемге танылды. Оны енгізу жұмыстары бізде жоғары оқу орындарымен қатар колледждерде жүйелі түрде жүргізілуі тиіс»,- деп атап өтті.

«Мұнда мәселе сапалы білім беру жайында. Біз оған баса назар аударамыз, сондықтан біз жоғары оқу орындарында оқып жатқандардың өндірісте тәжіриден өткендерін толық қолдаймыз. Мысалға, жыл сайын біздің ақтөбелік кәсіпорындарда 160-тан астам студент тәжірибеден өтеді. Тек өткен жылдың өзінде біздің өндірістерге елуден аса студент жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, бізге 600-700 жұмысшы мамандары қажет екенін айтқым келеді»,- деп атап өтті «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов өз кезегінде.

Облыс әкімі кәсіпорындардың дені барлық техникалық құжаттамларды өкінішке қарай, орыс немесе шетел тілдерінде жүргізетіндерін байқады.

«Бұл өкінішке қарай, біз тұрған зауытта да байқалып тұр. Барлық пакеттер, стендтер не ресми, не шет тілінде жазылған. Осы тұрғыда зауыттармен қатар оқу орындарында да қазақ тіліндегі кәсіби терминологияны дамыту үшін бірдеңе қылу керек»,- деді облыс әкімі.

Өңір басшысы сондай-ақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының аудармашысына да басшысының сөзін орыс тіліне аударғаны үшін жұмсақ тілмен ескерту жасады.

«Сіз қытай тілін жақсы меңгергенсіз. Қазақ тілі қытай тілінен қиын емес деп ойлаймын. Отандастарыңыздың алдында қытай тілінен ана тіліңіз - қазақ тіліне аударма жасағаныңыз дұрыс болар еді»,- деді О.Оразалин.

Отырыс кезінде өңір басшысы ауыл жастарының жұмысқа орналасу мәселесін қозғады.

Оңдасын Оразалин: «Ауыл жастарына, соның ішінде қалаға келген жастардың жұмысқа орналауы мен білім алуы үшін барынша қолдау көрсету қажет. Бүгінде бастысы ниет болу керек, сонда ғана жастар тегін білімді де ала алады, лайықты еңбекақысы бар жұмысқа да тұра алады. Бастысы, олардың алға ұмтылысы болса, ал жауапты мемлекеттік органдар, оқу орындары мен жұмыс берушілер жан жақты қолдау көрсетсе»,- деген сенімде.

Шамамен екі сағатқа созылған кездесуде студенттер түрлі сұрақтатын қойып, ұсыныстарын айтты. Жастар буын өкілдері қоғамның прогрессивті бөлігі ретінде нағыз талқыланып жатқан тақырып – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін айналып өтпеді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы тақтан кетсе де, бізге әрқашан халықпен бірге болып, олардың мүддесін ойлайтынын ұқтырды. Мен Ақтөбе облысы жастарының атынан біз де Ұлт көшбасшысымен бірге екенімізді айтқым келеді»,- деді отырыста сөз сөйлеген Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ магистратурасының екінші курс студенті Нарқозы Қартжан.

Оңдасын Оразалин: «Нұрсұлтан Әбішұлы жастардың дамуына әрқашан көңіл бөліп келді. Сол үшін оның бастамасымен көптеген мемлекеттік бағдарламалар, жобалар жасалды. Ол әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ өсу үшін қашанда ел жастарының алдына үлкен мүмкіндіктер мен перспективалар ашуға тырысты. Бәріңіз де Ұлт көшбасшысының үмітін ақтап, оның Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз ел қатарына ену туралы тапсырмасын орындауға өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін»,- деп жауап қатты.

Кездесу өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің жұмысқа орналасуы туралы меморандумдарға қол қоюымен жалғасты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «ТД Фотон» ЖШС, «Қазақстан мұнай жабдықтары» ЖШС, «ПО Глобал-спецожежда» ЖШС мен «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіпорындары жұмыспен қамтамасыз ету міндеттерін өз мойындарына алды.

Отырыс соңында облыс әкімі елу жас маманға жаңа «Жастар» бағдарламасы бойынша пәтерлердің кілттерін табыс етті. Шарттары жеңілдетілген бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Тұрғыүйқұрылысжинақбанкі» филиалы жұмысшы жастар мен жас мамандарды баспанамен қамтамсыз ету үшін бірігіп жасаған. Бүгін ипотеканың 350 мың теңге көлеміндегі бастапқы жарнаны жинай алған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын, көпбалалы отбасылардан шыққан жастар, мұғалімдер мен дәрігерлер, полицейлер мен құтқарушылар, мәдениет қызметкерлері баспанаға ие болды.

«Анам, ағам және мен 11 жыл бойы пәтер жалдап келдік және өз үйіміздің болғанын армандадық. Отбасымның ең үлкен арманы орындалғанына қуаныштымын. Біздің облыста жұмысшы жастар үшін осындай бастапқы жарнасы көп емес бағдарламаны іске қосқандары үшін қуанып тұрмын. Бізге жасаған осындай қамқорлығы үшін мемлекетке рахмет»,- деді қуанышымен бөліскен №60 мектеп қызметкері Нұрасыл Үсенов.

Бақытты жаңа қоныс иелерінің қатарында Ғ.Жұбанова атындағы филормония хорының 23 жасар қызметкері Серік Жұбатқан да бар.

«Мен ата-анаммен, ағаммен және бала-шағаммен тұрамын. Енді өз үйімнің барына қуаныштымын»,- деді филормония әртісі.

Айта кетейік, «Жастар» бағдарламасының алғашқы пәтерлері осы жылы 14 ақпанда әлеуметтік салада еңбек ететін жас отбасыларға берілген болатын.

Соңғы жаңалықтар