26 Наурыз, 2019

Биыл 1 маусымнан бастап бір жарым миллион түрлі кәсіп иелерінің жалақысы көтеріледі — Ә. Смайылов

897 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Президенттің бюджет саласының төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеруді а. ж. 1 шілдесінен 1 маусымына шегеру бойынша тапсырмасының орындалу барысы туралы айтып берді.

Биыл 1 маусымнан бастап бір жарым миллион түрлі кәсіп иелерінің жалақысы көтеріледі — Ә. Смайылов

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет саласының төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеру мерзімін ауыстыру қосымша 37,8 млрд теңгені қажет ететінін жеткізді.

«Нұр Отан” партиясының кезекті съезінде ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласының төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің жалақысын жалпы 30%-ға дейін және аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі жұмыскерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға көтеру туралы тапсырма берілді, сол кезде біз 169,7 млрд теңге шамасындағы қаржыландыру көлемін 2019 жылға арналған республикалық бюджет жобасына салдық. Бұл қаражатпен бір жарым миллион адам қамтылады. Жуырда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың жалақыны көтеру мерзімін 1 шілдеден 1 маусымға шегеру қажеттігі туралы тапсырмасы берілді, яғни, бір ай бұрын іске асырылатын болады, осыған байланысты  бұл мақсаттарға қосымша 37,8 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр», — деп түсіндірді А. Смайылов.

Оның айтуынша, алушылар сол қалпында қалады: олар түрлі кәсіп иесі болып табылатын табысы төмен бір жарым миллион адам.

«Шығындар көлемінің өзгеруі бойынша тиісті ұсыныстар қазір Мемлекет басшысына келісуге жіберілді, одан кейін жақында олар Парламентке жолданатын болады», — деп нақтылады қаржы министрі.