Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Қостанай облысында полицейлер азаматтық алып берді

733 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құжатсыз жүрудің қандай қиыншылықтары болатынын азаматтығын уақытылы ала алмаған жандар жақсы біледі. Арқалық қаласы менҰзынкөл ауданының тұрғындары полицейлерге осы мәселені тез арада шешіп бергені және тиянақты жұмысы үшін алғысын айтты.

Қостанай облысында полицейлер азаматтық алып берді

Соңғы уақытта Ресейде көп жылдар тұрған Светлана Бернацкая Арқалыққа қайта оралған болатын. Ол қалалық полиция бөліміне азаматтық алу үшін кеңес сұрағанда өзі де таңқалып қалды. Ол бұл іс ұзаққа созылатын болар деп, қиналып жүрген еді. Оның азаматтығы қысқа уақытта шешімін тапты. Полиция қызметкерлері Олжас Иманбеков пен Мейрамкүл Байсалбекова Светлананың кәмелетке толмаған қызына азаматтығы жоқтығы туралы құжат алуына көмектесті.

Сонымен қатар Ұзынкөл ауданындағы Күлзәбира Қисықова көш-қоң бөлімі қызметкерлерінің тиянақты, жедел жұмыстары арқасында інісінің құжатын дұрыстап, көңілі тынды.

«КСРО тарағаннан кейін менің інім құжатсыз жүрді. Әскер қатарынан кейін тұрмыс тауқыметімен Ресейде қалды, онда құжаттарын жоғалтып алыпты. 15 жыл бойы біз оған құжат жасағымыз келіп жүгіргенімізден еш нәтиже шықпады» дейді Күлзәбира.

Олар аудандағы Көші-қоң қызметіндегі полиция капитаны Арман Батырхановқа осы мәселесін айтқанда, ол тез арада қолға алып, істің оңға басуына көмек берді. Қазір Күлзәбираның інісі жеке басының куәлігін және Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.

Облыстық Көші-қоң қызметінің бастығы Қайрат Дүтбаевтың айтуынша, жергілікті жерлерде адамдардың мәртебесін бекітетін қажетті құжаттарды жинау жөніндегі жұмыстар қордаланып қалған. Оларды аудандық бөлімдер облыстық Полиция департаментіне жіберіп жатады. Ал жергілікті жердегі мамандардың іскерлігі арқасында адамдарды әуре-сарсаңға салмай, істі осылай жедел шешуге де болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай