17 Наурыз, 2010

ҰЙЫМНЫҢ БАСШЫ ОРГАНЫ – ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

1653 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Қа­зақстан халқына Жол­дау­ында Қазақстанның халықаралық беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы еліміз үшін үлкен абырой екендігіне тоқтала келіп: “Біз қауіпсіздіктің негіз қалаушы мәселелері бойынша, сондай-ақ Ұйымның өзін дамыту мәселелері бойынша консенсустық алаңды кеңейту және нығайту ниетіндеміз... ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді”, – деп атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың 14 қаң­та­рын­да Вена қаласында өткен Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Тұрақты ке­ңесінің отырысында Қазақстан Рес­публикасының ЕҚЫҰ-ның төраға­лық қызметіне кірісуіне байла­ныс­ты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуін Ұйымға қатысушы 56 елдің делегациясы аса ықыласпен тыңдады, сондай-ақ Үндеу Хофбург сарайындағы Нойер залынан Интернет жүйесі арқылы бүкіл әлемге тікелей эфир бойынша таратылды. Қазақстан басшысы Үндеуінде ЕҚЫҰ саммитінің он жылдан бергі үзілісі Ұйымның кон­сенсустық дағдарыс жағдайында бол­маса да, тоқырау ахуалында тұр­ғанын аңғартатынын айта келіп, 2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшы­лары мен үкімет басшыларының жо­ғарғы деңгейдегі саммитін ша­қыру туралы бастамасын қолдауға шақырды. Жолдауда Президент атап өт­кендей, бүгінде Қазақстанның бас­тамасын Ұйымға қатысушы мем­ле­кеттердің басым көпшілігі қолдай­тындарын мәлімдеп те үлгерді. Өйткені, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер аума­ғында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты күрделі мәселелер жеткілікті, оның үстіне Ауған­стан­ды саяси және экономикалық жа­ғынан тұрақтандыру проблемасы ұзақ жылдардан бері әлі шешімін тапқан жоқ. Бұлардан басқа да өзекті де өткір мәселелер бар­шы­лық. Сол мәселелер мен проб­ле­ма­ларды шешу жайы Ұйымға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының қатысуымен өтетін жоғарғы деңгейдегі саммитте қабылданған құжаттарды іс жүзіне асырудан басталады. Сондай-ақ, биылғы жылы Хельсинки Қоры­тын­ды актісіне қол қойылғанына – 35 жыл, Париж хартиясының қабылданғанына – 20 жыл, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқтал­ға­ны­на 65 жыл толады. Осынау айтулы мерекелер аталып өтілетін 2010 жылы олардың қатарына ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі саммиті қо­сылатын болса, ол еңселі елор­дамыз – Астана қаласында өтетін болса, мұның Қазақстан үшін, бар­ша қазақстандықтар үшін орны бөлек үлкен тарихи оқиға болатыны даусыз. ЕҚЫҰ-ның басты органы – Жоғарғы деңгейдегі кездесулер, яғни Ұйымға мүше елдердің Мем­лекет басшылары мен үкімет басшыларының саммиті. Саммитте өңірдегі жағдайларға баға беріліп, Ұйым қызметінің негізгі бағыттары айқындалады. Ал ЕҚЫҰ тарихында Ұйымның жоғарғы деңгейдегі бес кездесуі өткен екен. Олар өткен ғасырдың соңғы онжылдығының ен­шісіне тиеді әрі талқыланған мә­селелерімен және қабылданған құжаттарымен тарихта қалды. Енді жоғарғы деңгейдегі кездесулер мен онда қаралған мәселелер, сондай-ақ қабылданған құжаттар жайына тоқталайық. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғарғы деңгейдегі алғашқы сам­миті 1990 жылдың 21 қарашасында Парижде өтті. Осы кездесуде жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойылып, “қырғи-қабақ соғыс­тың” бұлты сейілді. Саясаткерлер мен сарапшылардың бағалауынша, сол жылдардан бастап Ұйым қыз­ме­тінің жаңа тынысы ашылып, ол келіссөздер мен үнқатысуларды бел­сенді жүргізетін халықаралық құ­рылымға айналды. Ал Париж хар­тиясы жаңа Еуропаның қауіп­сіз­дігі үшін ЕҚЫҰ алдына тың мақ­сат­тар қойып, “қырғи-қабақ соғыс­тан” кейінгі кезеңдерде көрініс беруі мүмкін жаңа қауіп-қатер­лер­дің алдын алуға міндеттеді. Осы мін­деттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ұйым жанынан бірнеше институттар мен мекемелер құ­рылды, кездесулерді тұрақты негізде өткізіп тұру ұйғарылды. Париж хартиясында “Еуропаның жіктелуі аяқталды. Мемлекеттер арасындағы қатынастар өзара құрметтеушілік пен ынтымақтастыққа негізделетін болады” деп атап көрсетілді. Саммитте, сондай-ақ саяси кон­сультациялар жүргізудің үш сатылы механизмі құрылды. Оның біріншісі – Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының кездесуін екі жылда бір рет өткізіп тұру. Саммитте өңір­лік және жаһандық басты проб­лемалар талқыланып, Ұйым қыз­ме­тінің принципті бағыттары айқын­далуы және Ұйымның негізгі құ­жат­тары қабылдануы қажет. Екін­шісі – Ұйым аясында саяси кон­сультациялар өткізетін орталық форум – Сыртқы істер министр­лері­нің кеңесі. Бұл кеңес Еуро­па­дағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тықты нығайтуға қатысты мәсе­лелерді қарастырады және тиісті шешімдер қабылдайды. Ал саяси үнқатысулардың үшінші құрылымы – аға лауазымды тұлғалардың ко­ми­теті. Комитеттің функциясына Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің отырыстарын әзірлеу, оның шешімдерін орындау және ағым­дағы мәселелерге шолу жасау кіреді. Жоғарғы деңгейдегі алғашқы саммитте, сондай-ақ Ұйымның хат­шылығы, жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталық және еркін сайлау жөніндегі бюро құрылды. Па­риж хартиясында көрсетілген аталған құрылымдар Ұйым кеңіс­тігінде көрініс берген қауіптерді жедел реттеуге ықпал етті, ал тұрақ­ты қызмет ететін органдар бола­шақ­та Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жүйесін ұйым­дастыруға негіз болды. Сонымен қатар, хартияда Ұйым қызметіндегі негізгі үш өлшем – қару-жарақты бақылау, қауіпсіздік пен сенім ша­раларын нығайту; экономика, ғылым мен техника, қоршаған ор­та­ны қорғау салаларындағы ынты­мақтастықты дамыту; гуманитарлық және басқа салалар бойынша өзара іс-қимыл жасау да көрініс тапты. Бұлардан бөлек кездесуде мемлекет басшылары мен үкімет басшылары 1990 жылғы 19 қарашада 22 мемлекет қол қойған Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қолдау білдірді. Осылайша ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғарғы деңгейдегі алғашқы саммитінде қабылданған Париж хартиясы жаңа Еуропа үшін жанжалдардың алдын алып, оларды бейбіт жолмен реттеуге күш сала­тын және жалпыеуропалық ынты­мақтастықты дамыту мақсатын көздеген құрылымдардың дүниеге келіп, олардың жұмыс істеуіне негіз қалап берді. Сонымен қатар, хартия “қырғи-қабақ соғысты” қорытын­дылаған, Еуропа құрлығында Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың жаңа дәуірін бастап берген көпжақты тұңғыш әрі тарихи құжат болып табылады. Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының жоғарғы деңгейдегі екінші кездесуі 9-10 шілдеде Хель­синки қаласында өтті. “Хельсинки-2” деген атаумен тарихта қалған бұл саммитте еуропалық қауіпсіздік тұ­жырымдамасының жаңа архитек­тура­сын әрі қарай дамыту жайы айқындалды. Өйткені, сол кезеңде бірқатар өңірлерде кикілжіңдер мен жанжалдар көрініс бере бастаған болатын. Сондықтан да құрлықта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көптеген мәселелерді қайта қарас­тыру қажеттігі туындады. Осы сам­мит­те қабылданған Хельсинки декларациясында осы мәселелер атап көрсетіліп, ЕҚЫҰ алғаш рет БҰҰ Жарғысының ҮІІІ тарауына сәйкес Ванкуверден Владивостокқа дейінгі еуроатлантикалық кеңістікте ынтымақтастықты дамытуға және әскери-саяси тұрақтылықты қол­дауға жауапты өңірлік ұйым ретінде танылды. Саммитте Ұйымның әлеуеті мен мол мүмкіндігі ескеріліп, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар қызметін құру туралы шешім қабылданды. Ал 1993 жылғы Римде өткен сыртқы істер министр­лерінің кездесуінде Ұйым қыз­ме­тінің тиімділігін арттыруға бағыт­талған бірқатар бастамалар көтері­ліп, нәтижесінде Ұйымның атқа­ратын жұмыс жүйесіндегі орталық саяси рөлі нақтыланды. Жалпы, бұл саммитте қабылданған қорытынды құжатта жаңа қауіп-қатерлердің жедел алдын алуға, жанжалдарды шұғыл реттеуге және бітімгершілік мүмкіндіктерді толық пайдалануға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшылары мен үкі­мет басшыларының 1994 жылы жел­тоқсанда Будапеште өткен кездесуінде негізінен ХХІ ғасырда Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік моделінің қандай болу қажеттігі туралы мәселелер талқыланып, Бу­дапешт декларациясы қабылданды. Өткен кезеңдерге назар аударатын болсақ, сол жылдары Ұйым кеңіс­тігіндегі кейбір аймақтарда әскери қи­мылдардың тұтануы, адам құқы­ғының бұзылуы секілді жағдайлар әлі басылмай тұрған-ды. Кездесуге қатысушылар осындай өзекті проб­лемаларға алаңдаушылық білдіре келіп, оларды Ұйымның қағи­да­лары мен міндеттемелеріне сүйену арқылы шешу қажеттігін таныды. Будапешт саммитінде, сондай-ақ қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілеріне қатысты мінез-құлық кодексі бекітілді. Онда демокра­тиялық қоғамдағы қарулы күш­тер­дің рөлін анықтайтын қағидалар мазмұндалған. Бұл жылдары Ұйым­ның халықаралық қоғамдастықтағы рөлі артып, ол қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуде ауқымды іс-шараларға белсенді араласа бастаған болатын. Қатысушы мемлекеттер осы жағын ескере келіп, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық кеңе­сінің (Ұйым 1995 жылғы 1 қаңтарға дейін осылай аталған) атауын өзгер­тіп, оны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым деп атауды ұйғарды. Ұйым­ның атауы өзгергенмен, оның мәр­тебесі мен институттары, атқаратын қызметтері бұрынғысынша қалатын болды. Сөйтіп, Будапешт самми­тін­де Ұйымды 1995 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап өзінің жарғысымен және құқықтық базасымен Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақта­стық жөніндегі ұйым деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл Ұйым жұмысына жаңа саяси серпін берді және оның институттық дамуына жарқын жол ашты. ХХІ ғасырда қауіпсіздік моделі­нің қандай болу қажеттігі жөніндегі мәселелерді талқылау ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшы­лары­ның 1996 жылғы желтоқсанда Лиссабонда өткен кездесуінде де жалғасты. Кездесуде ХХІ ғасырда Еуропа үшін жалпы және бәрін қам­титын модель туралы декла­рация қабылданып, қару-жарақты бақылау негіздері және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл бой­ын­ша форумның күн тәртібін да­мыту бекітілді. Бұл құжаттарда алда­ғы уақытта ЕҚЫҰ-ның рөлін арттыру арқылы барлық үш өлшем бойынша қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты нығайту шараларына баса назар аудару қажеттігі көрсетілген. Лиссабон декларациясында, сон­дай-ақ Ұйым кеңістігінде қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін қаты­сушы елдердің барлығы өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарау керектігі аталған. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының жоғарғы деңгейдегі бесінші саммиті 1999 жылы Ыстам­бұлда өтті. Онда еуропалық қауіп­сіздік мәселелеріне қатысты қабыл­данған Ыстамбұл хартиясы Ұйым тарихында маңызы ерекше зор құжат ретінде бағаланады. Өйткені, бұл саммитте жоғарыда аталған Еуро­падағы қауіпсіздік моделі ту­ралы пікірталастың қорытындысы шығарылып, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 30 мемлекет Ыстамбұл декларация­сын қабылдады және Еуропадағы бейімделген кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қол қойды. Ұйымға мүше көптеген мемлекеттердің бас­шылары Ыстамбұл кездесуін “соң­ғы жүзжылдықта аса маңызды құ­жаттар бойынша келісімге қол жет­кізген ұлы кездесу” деп атауы сон­дықтан. Ұйымға қатысушы елдердің басшылары осы саммитте сондай-ақ елдердегі халықтардың еркін және достық жағдайда өмір сүріп, Ұйым кеңістігінде өркендеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салатындарын мәлімдеді. Осы мақ­сат-мүддеге қол жеткізу үшін ЕҚЫҰ аясында бірқатар жаңа қадамдар жасау қажет деп шешті. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар арасындағы іс-қимылды жандандыруға бағыт­талған Қауіпсіздік тұғырнамасын қабылдау, бейбітшілікті қолдаудағы Ұйымның рөлін арттыру, көмек сұрауына байланысты жергілікті жерлерде өткізілетін ірі азаматтық операцияларға жедел сараптамалық қолдау көрсететін топ құру, заң үс­темдігі мен құқық тәртібінің сақ­талуына көмек көрсету мақсатында полициялық қызмет саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту, Ұйымның жергілікті жерлердегі операция­ларын жоспарлайтын орталық құру және ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жанынан әзірлеу комитетін құру арқылы Ұйым аясында саяси кон­сультациялар үдерісін нығайту қажет деп табылды. Осылайша Ыстамбұл самми­тін­де қабылданған Еуропадағы қауіп­сіздік хартиясы әскери одақтарды шектеуді саяси жағынан бекітіп бер­ді. Құжатта бұл үдерістер ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемле­кет­тер­дің қауіпсіздігіне зиян келтірмей­тіндігі, хартия ынтымақтастықты нығайтуға негізделген қауіпсіздік тұғырнамасы болып табылатын­ды­ғы атап көрсетілді. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келесі, яғни алтыншы саммиті Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қазақстанда өтуі әбден мүмкін. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жоғарғы деңгейдегі кездесуде қандай мәселелер талқы­лануға ұсынылатынын да атап өтті. “Мен саммитте ЕҚЫҰ-ның жауап­кершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауған­стандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін ұсынатын боламын”,– деді Елбасы осы жайында. Ауғанстан демекші, Ауғанстан ЕҚЫҰ-ға мүше емес. Бірақ, Ұйым­ның жиындарына байқаушы мем­лекет ретінде тұрақты қатысып келеді. Оның үстіне Ұйымға қаты­сушы бірқатар елдердің әскерлері Ауғанстан аумағында осы елдегі қалыптасқан қиын жағдайларды шешіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына қатысуда. Жалпы, бұл елдегі жағдайға әлемдік қоғам­дас­тық қатты алаңдап отыр. Егер Ау­ған­станда тыныштық орнап, тұрақ­тылық қамтамасыз етілсе, Азия мен Еуропадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең күрделі проблемалар шешілуі мүмкін. Өйткені, дүние жүзіне таралатын есірткінің басым бөлігі осы Ауғанстан аумағында өндіріледі. Қазақстан Президентінің халықаралық жиындарда Ауғанстан проблемасына баса назар аударып келе жатқандығы сондықтан. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.