Қоғам • 14 Сәуір, 2020

Отбасыңды қорламай, қорған бол!

852 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүкіл адамзат, барлық мемлекет жаһандық пандемиямен шайқасып жатқанда, жабық баспаналарда өмір үшін жеке күрес жүруде. Өйткені карантин, көшедегі қозғалысты шектеу, үйде оқшаулану секілді аса қажет шаралар қаны қарайған қаскөйлер мен зорлықшыларды да даладан үйлеріне қуып тықты. Салдарынан отбасылардағы ойран оқиғалары көбейген. Осынау қиын кезеңнен, тағдыр тезінен рухани құндылықтар құндағына бөленген мерейлі отбасылар аман шықпақ.

Отбасыңды қорламай, қорған бол!

БҰҰ дерегінше, әлемде әрбір бесінші әйел өз отбасында қорлық көреді, соққыға жығылады. Қылмыстың осы түрі Covid-19 пандемиясы кезінде ең жиі кездесетін қылмысқа айналды. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне агрессия көрсету деректері көрші Қытайда үш есе артыпты. Францияның ішкі істер министрі Кристоф Кастанердің айтуынша, адамдар қозғалысын шектеудің қатаң шаралары қабылданғалы отбасылардағы күш қолдану оқиғалары 30% өсті. Тек ресми мәлімет бойынша әрбір үш күн сайын бір француз әйелін өз ері өлтіреді. АҚШ, Ұлыбритания, Кипр, Италия, Испания және басқа да дамыған елдерде «қауырт желілерге» қоңырау шалған зарлы дауыстар саны шамамен үштен бірге ұлғайыпты. Бразилияда отбасында қорлық пен тәлкек көретін нәзік болмыс иелерінің саны 40-50% ұлғайды.

Құқық қорғау ұйымдары отбасындағы дау-жанжалдың Қазақстанда да өрши түскенін тіркеді. Қит етсе, жұдырық ала жүгіретін, ақылын араққа айырбастаған есер ермен жалғыз қалған аналардың және балалардың тағдыры алаңдатады. Сарапшылардың байламынша, күрделі жағдайды шектен тыс стресс, бұрын елеусіз қалдырылған ескі өкпе-реніш, күтпеген қаржылық қиындықтар ушық­тыра түсті. 

Осы орайда таяуда Ақтөбеде қас­күнемнің өз жарын соққыға жығып, бетін тіліп тастауы жұрттың төбе шашын тік тұрғызып, қатты тіксінтті. Бұл жерде жәбірленушілерді ажырасу да құт­қармайды: Ақтөбенің сол 28 жасар тұрғыны күйеуімен 2018 жылы ресми қош айтысыпты. Соған қарамастан зәлім бұрынғы жұбайын оның жұмыс орнына – дүкенге келіп сабаған көрінеді.

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданының Ақтау кентінде 9 сәуірге қараған түні жан түршігерлік оқиға болды. Жанып кеткен үйден үш жанның – анасы мен 2 қыз баланың мүрдесі табылды. Құқық қорғау органдары дереу ол үйдің отағасына – 1986 жылы туған Серік дегенге іздеу жариялап, тауып, қолына кісен салды. Ол бұған дейін де отбасы мүшелеріне ұдайы тізе­сін батырып келіпті. Он жылдай қор­лыққа шыдаған ауыл тұрғыны, мектеп кітап­ханашысы болып істеген әйел ақыры шыдамай, айырылысуға бел буады. Бірақ азаттық емес, ажал тапты.

Осы мақаланы жазу барысында Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлымен әңгімелестім. Ол шариғатқа сәйкес, әйелге қол көтеруге, тіпті елдің көзінше оның намысына тиіп, бала­ғаттауға болмайтынын айтады. Ислам дінінде «әйел – Алланың аманаты» деген қағида бар!

«Дінімізде әйелге деген құрметке баса мән берілген. Әйел етіп алғаннан кейін оның жанына, ар-ұжданының тапталмауы­на, ішетін тамағына, киетін киіміне дейін ер-азамат жауапты делінген. Шариғатқа сай әсіресе адамды бетінен ұруға болмайды. «Мұсылманның жүзі Қағбадан абзал» деген сөз бар. Асыл дінімізде ер кісінің әйелі алдында
2 міндеті бар: біріншісі – хуқуқун мәлия. Яғни мал-дәулетке қатысты міндеті. Әйелінің, сонымен бірге балаларының нәпақасын тауып беруі, тамағын тоқ етуі, киіндіруі, күтіп бағуы. Екіншісі – хуқуқун ғайра мәлия. Бұл дүние-мүліктік емес міндеті деген сөз. Оған екі нәрсе жатады: біріншіден, әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуы, екіншіден, әйеліне зиян тигізбеуі», деп түсіндірді Бас мүфтиіміз.

Қазіргідей сындарлы кезеңде Жарат­қан ие басқа салған сынға шыдас бермеген, шаңырағын өз қолымен күй­реткен, отбасын тастап кеткен жанның екі дүниенің қызығын көруі неғайбыл. Баланың көзінше анасын ұрып жатса, ондай әкеге баланың жақсы қарамасы, қартайғанда күтімге алмасы сөзсіз. Ең қорқыныштысы сол, ертең ол жасөскін ер жете келе, ұяда көргенін істеп, таңдап қосылған сыңарын соққыға жығуды әдетке айналдыруы мүмкін.  Сондықтан көкейкесті мәселені тек күңірене айтумен шектелуге болмайды. Пәрменді қимыл, тегеурінді тірлік қажет.

Біріншіден, мемлекетімізде дағ­дарыс орталықтары қызмет атқарып, жәбірленушілерді құтқаруға ықпал етуде. Өзім мүше Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия осы істі қолдап, құптап келеді. Ұлттық комиссияның атсалысуымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алго­ритмі» атты жадынама әзірленді. Онда жәбірленушілер азаптан азат болуы үшін не жасауы, қайда қоңырау шалуы керектігі қадам-қадам бойынша нақты жазылған. Ондай жандарды тыңдайтын және көмек беретін ұйымдардың байланыс телефондары көрсетілген.

Екіншіден, алда Қазақстанда әке институтын нығайтуға бағытталған тың шаралар кешенді түрде қолға алынғаны жөн. Бұл үшін әр ауылда, кент пен қалада «Әкелер кеңесін» құруға болады. Оған жастардан бастап, орта және егде жастағы ерлер, ақсақалдар кірсе, яғни әр ұрпақ өкілі өмірде көрген, көңілге түйген ізгі үлгі, оң тәжірибесін ізін басқан буынға табыстаса игі. Ақ жолдан адасқан азаматтар да осы кеңестерде алқалай отырып, ақыл тыңдап, кеңес алып, ағалық қамқорлық көре алар еді. Мұндай психологиялық қолдау топтары батыста кең қолданылады.

Алдын алу профилактикаға жұмыс істейтін тетіктер қоғамды сауықтыруға және халық арасында адамгершілік құндылықтар мен рухани ұстындарды нығайтуға қуатты серпін бере алады.

Мен Qazaqstan Ardagerleri Қауым­дас­тығы және өз атымнан асқар таудай, асқақ шыңдай айбатты, асыл барша әкелер қауымына жүгінгім келеді.

Қадірлі әкелер! Ұғынысу орнына ұрынысуды, келісу орнына керісуді, кешірім орнына кек сақтауды қою керек. Қазіргі күрделі шақта отбасыңыздың мүшелерін қорламай, қолдаңыз, қорған болыңыз. Ортақ қызығушылық тудырар ер­мек табыңыз. Балаларыңызға әкелік ұла­ғатты тәрбие беруге уақыт бөліңіз. Жа­қын­дарыңыздың рухын көтеріп, мейірім шуағын төгіңіз. Сонда сіздің де жүре­гіңіз жылуға, жаныңыз нұрға, кеу­деңіз жырға бөленбек және көңіл шын желпінеді, айналаға ерекше өң кі­реді, өмірдің сазды, назды ырғағына тербеледі.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутаты,

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі