Қоғам • 07 Наурыз, 2022

Мамандыққа адалдық 

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алып дала төсінде ат ойнатқан арғы аталарымыз «адам ұрпағымен мың жасайды» деп еді. Алайда «әлемнің жарығын сыйлаған» ана мен оны аман-есен босандырып алған адам ғана толғақтың машақатын, ұрпақ сүюдің махаббатын сезінеді. Арқа төсінде қаншама ананың алғысын арқалап, нешеме сәбидің кіндігін кескен мұндай асыл адамның, кәсіби маманның бірі акушер-гинеколог, PhD докторы Жанна Әмірбекова дер едік.

Мамандыққа адалдық 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Арқан керіп әйел босандыру дәс­түрі келмеске кетті десек те, тәубе, етегінен бала саулаған аяу­лы аналар бар арамызда. Солай бола тұр­ғанымен, ажалмен арпалы­сып, «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» ана мен нәрестенің өмірін аман алып қалу – оңай іс емес. Бұл жауапты міндет, ең алдымен, акушер-гинеколог маманына жүктелетіні белгілі. Жанна Әмірбекова болса, сол аса жауапты қызметті осымен он жылдың көлемінде абыроймен атқарып келеді.

,

Шыбын жаны шүберекке түйі­ліп, толғағы қысқан әйел мен сәби­­дің жанын сақтап қалу қашан да қиын. Ал жаһанды жайлаған COVID-19 індеті кезінде жағдай тіпті күрделене түскені айтпаса да анық. Бұл маманның кәсіби шебер­лігі сыналатын қиын-қыстау кезең десе де болады.

– Коронавирус індеті қоғам­ның қай саласына болсын кері әсерін тигізгенін жақсы білеміз. Әсіресе босанатын жүкті әйелдер қауымы үшін оңай болған жоқ. Асқынған жағдайлармен де бетпе-бет келіп жаттық. Бұл ретте еліміздің Ден­сау­лық сақтау министрлігінің қадағалауымен арнайы сарапшылар тобы құрылған болатын. Бұл топ осы індетті емдеу жолдарының протоколын әзірлеумен айналысты. Мен – сол протоколды әзірлеген авторлардың бірімін, – деді PhD докторы.

Бүгінде Қарағанды қаласында еңбек етіп жүрген білікті маман – анығында қазіргі Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы Табысты ауылының тумасы. 2003 жылы жұлдызы жанып, арманы орындалып Қарағанды медицина университетіне оқуға қабылданады. Кейін осы білім ордасында магис­тратурада, докторантурада оқып, шеберлігін шыңдады. Бір адамға жетерлік білімі, оқыған-тоқығаны бола тұрса да ана мен баланың амандығын ойлаған жас маман мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Ел аумағындағы ғылыми орталық­тарда тәжірибе жинақтап, дәріс тың­дады. Тіпті ел аумағы былай тұрсын, Франция, Малайзия, Ресей, Нидерланды, Түркия мемлекет­теріне арнайы сапарлап, ойын өріс­тетті, біліктілігін жетілдірді.

Қазіргі таңда өзі білім алған университет қабырғасында акушерлік, гинекология және перинатология кафедрасының меңгерушісі. Шәкірт тәрбиелеп, жиған тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандарды оқытып жатқан жайы бар. Бұған қоса Қарағанды қаласындағы №2 перинаталды орталығында акушер-гинеколог маман ретінде еңбек етіп келеді. Саналы ұрпаққа сапалы білім беріп қана қой­май, жүкті әйелдердің де алғысы­на бөленіп жүр. Мәселен, былтыр сәуірде Жанбота (есімі өзгертіл­ді) есімді азаматша жолдасымен бірге қабылдауына жазылады. Аталған әйел 5 жыл көлемінде бедеулік диагнозымен есепте тұрыпты. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Әртүрлі жерде ем қабылдаған көрінеді. Бірақ соған сай нәтиже болмаған.

– Бұл істе, ең бастысы – дұрыс диаг­ноз қою. Пациенттің хал-жағ­дайын зерттеп-зерделей келе ана­лық бездері дұрыс жұмыс істе­мейтінін анықтап, өз қолыммен операция жасадым. Кейін арада азды-көп­ті уақыт өткенде сол ота өз нәти­жесін берді. Әйелдің бойына табиғи жолмен, өздігінен бала бітті. Бір қызығы, бір емес, бірден егіз балаға жүкті болды. Биыл қаң­тарда 34 аптада баланың суы ерте кетіп, табиғи жолмен босандырып алдым. Өмірге бір ұл, бір қыз кел­ді. Сәбилер уақытынан бұрын дү­ниеге келген соң бір айға жуық уа­қыт бақылауымызда болып, кейін аман-есен үйіне шығарып салдық. Ал­ғы­сын жаудырған ата-ананың, туған-туыстарының қуанышында шек жоқ, – деді Ж.Әмірбекова.

Ана – тіршіліктің көзі, өмірдің өзі. Нәрестенің кіндігі кесілген сәтте жаңа өмірдің түндігі түріледі. Ал сол кіндікті кесіп, түндікті түріп жүрген Жанна Әмірбекова сын­ды ісіне адал, антына берік маман­дар. Ендеше, отандастарымыз өзге­ден бұрын осындай адамдарды үлгі тұтып, медицина саласы маман­дарының еңбегін бағалай білуге тиіс. Бүгінгі қоғам талабы да – осы.