Дәрілік өсімдіктер қорғауды қажет етеді

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бабалардан қалған ізгі қасиеттерді қайта түлетуге, туған жердің табиға­тын көздің қарашығындай сақтауға ша­қырды. Ендігі жерде даланың құнарын, «түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлерімізді» қалпына келтіріп, көлемін ұлғайту, ел игілігіне жарату маңызды екенін аңғартты.
Егемен Қазақстан
02.05.2017 4007
2

Осы орайда, Оңтүстік Қазақ­стан облыстық прокуратурасы дәрілік өсімдіктерді қорғауға қатысты, табиғи дәрумендерге бай өсiмдiктердің аумағын ұлғайту, арнайы егу есебiнен табыс табу бойынша мәселе көтеріп, өңіраралық форум ұйымдастырған болатын.

«Ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» шет ел асуда

Оңтүстікте жоғалып кетуге жақын өсімдіктердің эндемиялық түрлері өседі. Жалпы, еліміз бойынша бір жарым мыңнан астам дәрілік өсімдіктер өсетін болса, оның қырыққа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екен. Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Данияр Мағауиннің мәлімдеуінше, соңғы төрт жылда 63 мың тоннадан астам құнды дәрілік өсімдік – мия тамыры шет елге жөнелтілген. Ал тиісті мекемелер тарапынан берілген рұқсат 20 мың тонна. Яғни, 43 мың тоннадан астам дәрілік өсімдік табиғатқа зиян келтіріле отырып, жиналған. Осы төрт жылда дәрілік өсімдіктерді дайындауға бірде-бір рұқсат берілмеген. Дәрілік өсімдіктер, оның ішінде мия тамыры негізінен ауыл шаруашылығы маңызындағы жерлерден көбінесе түбірімен қопарыла, агротехникалық талаптар сақталмай жиналады. Айта кетелік, мия тамырын косметологияда тері дақтарын кетіру үшін, сонымен қатар терінің қартаюына қарсы қолданады. Ал өнеркәсіпте улы химикаттардың иісін кетіру үшін пайдаланады. Мамандардың мәлімдеуінше, ең бастысы, мия тамыры түрлі аурулардың алдын алуда таптырмайтын «табиғат сыйы». Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көптеген елдері ерте анықтаған. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Деректерге жүгінсек, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады екен. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады. Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да мия тамырларын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мия­ны бүгінде қолдан өсіруге көшкен. Мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады екен. Ал қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін ұдайы қолданған.

Міне, осындай пайдалы өсімдіктер қорғауды қажет етеді. Себебі, көршілес мемлекеттерде мия тамырына деген сұра­ныс артып отырғандықтан елімізде ол жаппай жиналуда. Прокурор Д.Мағауиннің айтуына қарағанда, шет елге шығарушылар лицензия алып, өздеріне тиімді баға қояды да ірі елді мекендерде мия тамырын жинайтын орын құрады. «Ал жинайтын маман­­дар емес, қарапайым тұрғындар. Әрине, олар мия тамырын қалай дұрыс жинау қа­жет­тігін білмейді. Сондықтан барлық істе технологиялар өрескел бұзылады. Бірін­ші­ден, жерді жырту тереңдігі ескеріл­мей­ді, екіншіден, өсімдіктің әрі қарай өсуі үшін тамыр қалдырылмайды. Сондай-ақ, соқаның ізі жабылмайды. Жинау кезін­дегі технологияның бұзылуы салдарынан өсімдік жапа шегумен қатар жер тозады. Бұл мәселелердің заңда реттелмеуі көлең­келі экономика үшін жағдай жасау­да, өйткені, бақылау жоқ. Ата Заңымыз бойынша өсімдік әлемі мемлекеттік меншік­те болғанымен, жинайтындар бюджетке бір тиын да төлемейді. Себебі, бұл заң­мен қаралмаған», – дейді прокурор.

Дәрілік өсімдіктерді сататындар арасында адамтамырдан (жень-шень) да қымбат және Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандарында өсетін мия тамыры үлкен сұранысқа ие. Статистикалық мәліметтер бойынша, құнды тамыр экспорты ұлғая түсуде. Егер 2011 жылы елімізден 4 мың тоннаға жуық тамыр экспортталса, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан шет елге шығарылғаны 14 мың тоннадан астам.

Осындай көзқарастың нәтижесінде және қызыл мия тамырын бақылаусыз дайындаудың салдарынан оның жабайы өсетін таралымы жойылып, табиғи экожүйелерге нұқсан келтірілуде. Қажетті талаптар сақталмай жинала берсе, болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына соғатынын айтушылар аз емес. Бос жатқан жерлердегі неше түрлi емдiк және дәрiлiк өсiмдiктер, оның ішінде мия өсiмдiгi соңғы бiрнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, шет елге сатылып келеді.

Тамырдан табыс табуда көршіден кейін қалып отырмыз


Өңіраралық форумда сөз алғандардың барлығы мемлекеттік орман қорын қоспағанда, дәрілік жабайы өсетін шикізат кездесетін аумақтарда оны дайындау қолданыстағы заң­дарда реттелмегенін айтты. Яғни, қазіргі кезде мемлекеттік орман қорының аумағынан тысқары жерлердегі дәрілік өсімдіктерді жинайтын қажетті агротехникалық құралдардың тапшылығы мен оларды ұқыптылықпен жинап алу талаптары сақталмай жүргізіліп келеді. Мамандар егер осы жұмыс дұрыс жолға қойылса, миллион гектарлап егiн екпей-ақ, Қазақ­стан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болатынын айтуда. Міне осы қызыл мия тамырынан табыс табу жөнінен көрші Өзбекстаннан кейін қалыппыз. Форум барысында жеке тәжірибесімен бөліскен шымкенттік кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Евгений Хванның айтуынша, мияны ауылшаруашылық дақылы деп танып, алқаптарда өсіретін Австралиядан үлгі алған Өзбекстан өңдеу зауыттарын көптеп ашып, экспортқа дайын өнімдерін шығаруда. Сондай-ақ, көрші елде мия өсіру және экологиялық тиімділік табысты пайдаланылады. Мия – тамаша қорек, яғни бұл өсімдік тұзды жақсы көреді. Сондықтан да ол өсірілген жерде тұзсыздану жүреді. Көрші ел тәжірибе арқылы 5 жыл мия тамырын өсіру тұзданған жерлерге жан бітіретінін, мақта өсіру үшін жарамды ететінін дәлелдеді. Қазақстанда мия бизнесінің 90 пайыздан астамы шикізат экспорты, ал өңделген өнім үлесі өте аз. Мия тамырын дайындаумен еліміздің өңірлеріндегі 30-дан астам кәсіпорын мен компания айналысады. Оның ішінде екі-үшеуі ғана өңдеумен айналысса, қалғаны құрғақ тамырды экспортқа шығарады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Өзбекстанда мия тамырын өңдейтін 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның көпшілігі Қытай, АҚШ, Жапония және басқа елдердің инвестициясына салынған. Ал мия экспортының 70 пайыздан астамы өңделген өнім үлесінде», – дейді Е.Хван.

Неге өсімдік әлемі туралы заң жоқ?

Форумға қатысушылар құқықтық-норматив­тік базаның және өсімдікті дайындаудағы бақылаудың жоқтығы бұл салаға инвестиция тартуға, өңдеуші кәсіпорындар құруға кедергі келтіріп отыр деген ортақ пікірге келді. Бұл мәселені шешу үшін дәрілік өсімдіктерді пайдалануды реттеу саласында уәкілетті органды анықтау, оларды пайдаланудың ережесін жасау қажет. Сондай-ақ, өсімдік әлемі туралы заң қабылдау көптеген мәселенің шешімін табуына ықпал етер еді. Таңғаларлығы, елімізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заң бар да, өсімдік әлемі жеке құжатпен ережеленбеген. Бұл орайда, форумға арнайы келіп қатысқан Мәжіліс депутаты Роман Ким «Өсімдік әлемі туралы» заң тұжырымдамасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде жатқанын айтты. Сондай-ақ, депутат құнды өсімдіктер заңнамалармен қор­ғалмағандықтан жазасыз кез келген адам айналысып жатқанына өкініш білдіре келе, еліміздегі үш миллион гектар жердің 29 мыңы, яғни 10 пайызы ғана бақыланатынын айтып өтті. Өңіраралық форум қорытындысы бойын­ша, қатысушылар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар енгізілген қарар қабыл­данды. Бұл құжат орталық мемлекеттік орган­дарға жіберілмек. Әрине, форумды ұйым­дастырушылар талап-тілектерінің Мәжіліс депутаттарына жететіне сенімді және мия тамыры мен басқа да дәрілік өсімдіктер заңмен қорғалатынынан үмітті.


Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»








СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.02.2019

Елбасы Сауд Арабиясының Королімен телефон арқылы сөйлесті

20.02.2019

Елбасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады

20.02.2019

Жас журналистер клубы құрылды

20.02.2019

Алексей Луценко тағы да топ жарды

20.02.2019

«Амурға» әліміз жетпеді

20.02.2019

Асанәлі Әшімов: «Театрды ашудағы мақсатым – талантты жастарды қолдау»

20.02.2019

Бақыт Сұлтанов автобус паркін жаңарту жоспарлары туралы айтып берді

20.02.2019

Қарағанды облысында 2 күнде 41 жол-көлік оқиғасы тіркелді

20.02.2019

Бейсенбі күні Қостанай облысы мен СҚО-да дауылды ескерту жарияланды

20.02.2019

Тілсіз жаудан зардап шеккен отбасыға тәртіп сақшылары көмектесті

20.02.2019

Ақмола облысының 5 ауданында «Еnglish for jastar» жобасы жалғасатын болады

20.02.2019

Бурабайда қысқы президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтті

20.02.2019

Көкшетауда «Бояулар құпиясы» жас суретшілер байқауы өткізілді

20.02.2019

Еліміз Иранға 42 тонна сиыр етін экспорттайды

20.02.2019

Қарағандыда жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша брифинг өтті

20.02.2019

Алматыда ережесіз жекпе-жектен жарыс өтеді

20.02.2019

Ақтөбе облысында «Агрогектар» жобасы жүзеге асырылуда

20.02.2019

Қырғыз Республикасынан кіргізілетін өнімдерге шектеу қойылмақ

20.02.2019

Мемлекеттік қызметшілер декларациясын тапсыру мерзімі 31 наурызда аяқталады

20.02.2019

Астанада кәсіпкерлер мен инноваторларды біріктіретін алаң ашылады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Elorda: kósheler, avtobýstar, aıaldamalar

Astana jyl sanap ósip keledi. Bir kezderi oblys ortalyǵy bolǵan shaǵyn ǵana qala az ýaqyttyń ishinde elimizdegi iri shaharlardyń qataryna qosyldy. Munyń bári qarqyndy júrgizilgen qurylys jumystarynyń nátıjesinde júzege asyp otyr. Ras, qazir 2000 jyldardyń basyndaǵydaı ekpin joq. Degenmen áli de bolsa jańa ǵımarattar men turǵyn úıler turǵyzý isinde alǵa basý bar. Bas qala, jańadan turǵyzylyp jatqan elorda bolǵandyqtan, qurylys jumystarynyń jalǵasa beretinine kúmán joq.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Oqıǵalar uǵymdy bolsa ıgi

Tildiń túıtkili qansha aıtsaq ta tarqamaıtyn boldy. Burynǵydaı eshkim zorlamasa da, eshkim tizege salmasa da, ana tilimizde sóıleıik dep urandap jatsaq ta, halqymyzdyń qalada turatyn negizgi bóligi únemi orys tilin qoldanýǵa beıil turatyny qynjyltady. Úlkender túgili qazaqsha oqıtyn balalarymyzdyń ózi orysshany tez qabyldaıdy. Qazaqsha oılanǵansha oryssha jyp etkizip jaýap bere qoıady. Eshkimdi kinálamaı, eshkimdi qaralamaı osynyń sebebin taǵy bir izdep kórelikshi...

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу