Талбесік • 17 Мамыр, 2024

Туристер аңсаған алма

66 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сиверс алмасы сирек гүлдейді, ол да бір қас-қағым сәт секілді. Табиғаттың тылсым нұрына шомылған ежелгі жеміс ағашы көктемнің соңғы айында ерекше құлпырады. Сол мөп-мөлдір мезетті дереу суретке түсіріп алмасаңыз, кешігіп қалуыңыз мүмкін. Бар болғаны бір апта, не он күнге созылады. Ал биыл араға жылдар салып қайта жұпар шашты. Оны тамашалауға өңір-өңірден жиналған қауымның қарасы көп.

Туристер аңсаған алма

Суретті түсірген – Ернұр МАНАПҚАН

Әңгіме – Жетісудағы Жоңғар Алатауы мем­лекеттік ұлттық сая­бағы жөнінде. Мұнда жыл сайын алыс-жақын шетелден мың­даған турист келеді. Саябақ қыз­меткерлері осы жылы да был­тырғыдан кем түспейді деп отыр. Әсем табиғат аясында емін-еркін тыныстап, шежіресі сонау динозаврлар дәуірімен шектесетін әйгелі Сиверс алма ағашын тамашалайды. Айтпақшы, биыл алма гүлдері суыққа ұрынбай қы­зылды-жасылды желекке ора­нып тұр. Құдды аппақ әлем­ге тап болғандай күйге түсе­сіз. Бұл әсерді Тополевка орманшы­лығының Көкжота шатқалында «Жоңғар Алатауы» МҰТП-ның ұйымдастыруымен өткен «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалінде сезіндік.

«Жеріміз қызғалдақ және Си­верс алмасымен танымал. Сондықтан қазақ жерін Отаным деп таныған әр азаматтың ел дамуына өз мүмкіндігінше үлес қо­суы – міндет. Осы орайда бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз маңызды деп санаймын және жабайы алма Сиверс алмасы табиғи популяциясының жағдайын бақылауды және барлық жерде қорғалуды қажет етеді. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, еліміздің бренді ретінде мақ­таныш етуге толық хақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қор­ғауды қолға алуымыз керек», дейді рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Меруерт Сүлейменова.

п

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Алма дақылы бұдан мыңдаған ғасыр бұрын Жоңғар Алатауы бөктерінде өсетін жабайы алмадан бастау алған. Жабайы алмалардың ішінде Сиверс алмасының алатын орны бөлек. Себебі тамыр жүйесі күшті дамыған, аурулар мен зиян­кестерге өте төзімді. Қазақ даласы алманың алғашқы отаны екенін растайтын ғаламат ағаштар аталған саябақ аумағындағы 3 800 гектар алқапта жайқалып өсіп тұр. Тіпті, Жапон еліндегі са­ку­раның гүлдеуінен кем түспейді. Осынау тұмса табиғатты қызықтап көрушілер қатары жыл өткен сайы­н артып келеді.

Орманды қалпына келтіру іс-шараларын атқару нәтижесінде жыл сайын Сиверс алмасы көшет­терінің алқабы 30 гектарға көбейіп келеді. Мұндағы ең маңызды іс – туризм және экологиялық ағар­ту жұмыстарын іске асыру. Бүгінде 13 туристік бағыт, 2 экологиялық соқпақ бойынша спорттық-рекреациялық, ғы­лыми-танымдық, жаяу, атты және суда әртүрлі қашықтық пен қиын­дықты жеңу қарастырылған. Ол бағыттар Шумский мұздығы, ең жоғары таулы аймақта орналасқан Жасылкөл көл бағытында жүреді. Одан бөлек су бағыттары Инелі, Тентек, Безымянный Ключ өзен­дері бойынша қатынайды.

н

Сиверс алмасы теңіз деңгейі­нен 700-800 метр биіктіктен бас­тап 1 200 метр биіктікте өседі. Сәйкесінше, оның гүлдеу кезеңі табиғатқа ерекше сұлулық береді. Алманың бүршік атып, гүл жар­ғанын ұзақ тамашалауға болады. Ұлттық саябақ аумағында осындай бірнеше алаң мен арнайы туристік бағыттар бар. Мамандар келушілерге алманың шығу және әлемге таралу тарихын түсіндіріп, тың мағлұмат береді.

«Сиверс алмасы – біздің бай­лығымыз. Сиверс алмасының өзі дәміне, түсіне қарай 40 түрге бөлінеді. Бұл ағаштың гүлдеу кезеңі сәуір айының 20-сы мен мамыр айының 20-сы аралығында болады. Былтыр ауа райы қолайсыз болуына байланысты бұл байқау жоғарғы дәрежеде өтпей қалды. Биыл алма ағаштар әдемі болып гүлдеп тұр», дейді ғылым бө­лімінің аға ғылыми қызметкері Саят Игембаев.

Ұлттық саябақ қызметкерлері жабайы алма ағашын қорғап, сақтап қана қоймай, оның қорын да молайтумен айналысады. Ал­маның дәнінен көшет өсіріп, бір жылда Сиверс алмасының алқабын ұлғайтқан. Мұнан бөлек алдағы уақытта алманың басқа да түрлерін өсіру жоспарланып отыр.

«Жылда осы уақытта Сиверс алмасының гүлдеуі фестивалін же­тісулықтар жоғары деңгейде өткізеді. «Жоңғар Алатауы» МҰТП-ның территориясы – 356 мың гектар, соның 4 мыңға жуық аумағын осы Сиверс алмасы алып жатыр. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте Көкжота шатқалы орналасқан. Алма ағаштардың орташа жасы 50-ден асады, 100 жылдық ағаштар да бар. Биіктігі 6-8 метр болады. Жылда Сиверс алмасының ареалын қалпына келтіру үшін ағаш отырғызылады. Табиғаты керемет, туристерге бар­лық жағдай жасалған», дейді демалушы Қуаныш Ожаров.

1793 жылы орыс ботанигі Иоганн Сиверс Үржар өзенінің аң­ғарларындағы орман ішінде өс­кен жабайы алмаға бірінші болып сипаттама жазған. Орыс ботанигі К.Ледебур 1844 жылы Тарбағатайда болған кезінде осы Сиверс алмасына толық си­паттама берген. 1929 жылы орыс­тың ғалымы Н.Вавилов Ор­талық Азияға экспедицияға шығу барысында Қазақстанның оң­түс­тік шығысын жабайы алма мен өріктің орталығы деген болжам айтты. Кейін бұл болжам академик Аймақ Жанғалиевтің, сон­дай-ақ оның көптеген шетелдік әріптестерінің көпжылдық ең­бе­гінің нәтижесімен Қазақстан «жабайы алмасы» (Сиверс алмасы) біздің ғаламшардағы алма өсімдігінің атасы екенін дәлелдеп, растады.

Қызыл кітапқа енгеннен кейін орманды қалпына келтіру мақсатында ғылыми-танымдық бағытта жұмыс жүргізіледі.  Ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Нұрғожанованың айтуынша, Сиверс алмасының ең көп мөлшері Жоңғар Ала­тауының солтүстік беткейінде ор­наласқандықтан, мұнда зерттеу, қалпына келтіру жұмысы атқарылады. Тұқымбақта алма ағаш­тарды өсіріп, көшеттерін гектарлап, климаттық жағдайын ес­керіп отырғызады.

Күншығыс елінде көктем мезгілін жапондықтар ерекше құрметпен қарсы алады. Мыңдаған қызғылт, күлгін, ақ түске боялған сакураның гүлдеуін Жапонияда жалпы жұрт болып ұлттық мереке ретінде тойлайды. Бұл мейрамды жапондықтар «Ханами» деп атайды. Жапон шиесінің гүлдеуінің шарықтау шегі 22 нау­рызда болып, көктем иісіне толы керемет кезең бір аптаға созылады. Сиверс алмасының гүлдеуі фестивалі де келешекте жапон еліндегідей мыңдаған турист тамашалайтын көрініс болатынына сенеміз.

 

Жетісу облысы