Пікір • 18 Мамыр, 2024

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді

67 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықтың көші-қоны мен қылмыстық атқару жүйесі салаларындағы өзекті мәселелерді реттеуге арналған жаңа заңның көтерер жүгі ауыр, мақсаты салмақты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді

Фото: gov.kz

Көші-қонға қатысты заң жобасын талқылаған кезде жұмыс тобында мен де болдым. Бір топ депутат шетелдегі қандастарымыздың елге келуі үшін олардың өз шаруа қожа­лықтарына арнайы конкурстан тыс жер телімін беру туралы бастама­ны көтердік. Жаңа норма шеттегі қан­дастарымыздың елге оралуына ықпал ететін тиімді шешім болғаны рас.

Екіншіден, заңда мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қа­был­данған талап бар. Бұдан былай елімізге азаматтық алуға кел­ген әр адамға қазақ тілін А1, яғни базалық деңгейде білу талабы қойы­лады. Бұл – әлемнің көптеген елінде бар тә­жірибе. Соны­мен қатар олардан Ата заңымыздың негіздеріне және Қазақс­тан тарихына қатысты 25 сұрақ­тан тұратын тест алынады. Соған дұрыс жауап берген және мемлекеттік тілі­міз­ді базалық деңгейде білген шетел­дікке азаматтық беру мәселесі қаралмақ.

Құжат – мемлекеттік тілдің мәрте­бесін көтеретін заң. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі болуына көңіл бөліп келеді. Қабылданып отыр­ған заң талаптары да осы бағытта қолға алынған орынды бас­тама. Соңғы санаққа көз жүгіртсек, елімізде тұратын халықтың 70 пайы­зы – қазақ ұлты болса, әр деңгейде мемлекеттік тілді білетіндер қатары 92–93 пайызды құрайды. Ендеше, сырттан келетін шетелдіктер қазақ тілін білсе, бұл олардың осы қоғамнан өз орнын табуына септігін тигізбек.

 

Болат КЕРІМБЕК,

Мәжіліс депутаты