Сындарлы сәттегі шыңдалған шешім

1 (7)_15Халық бірлігі – мәңгілік құндылық

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын сұхбат

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, Мәжілістің мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы үндеуіне Парламенттің жоғарғы палатасының Төр­ағасы ретінде сіздің көзқара­сыңызды білгіміз келеді.

– Әріптестеріміздің – Мәжіліс депутаттарының бастамасын толықтай қолдаймын. Бұл олар­дың еліміздің келешегіне деген жоғары саяси жауапкершілігін көрсетеді. Парламенттің де, Үкіметтің де алдында Елбасы ұсынған мазмұны бірегей стратегия – Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмысты үйлесімді түрде жалғастыру міндеті тұр.

Халықаралық ахуал шие­ленісіп, әлемдік нарық мың құ­былып тұрған бүгінгі жағдайда ішкі саяси тұрақтылықтың мән-маңызы арта түседі. Тіпті, алпауыт елдің басшысы Обама да таяуда халыққа арнаған үндеуінде бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде қатерлі қай­шылықтар туындағанда жедел және келісілген шешім қабыл­дау үшін АҚШ-тың бүкіл саяси жүйесін «жөндеуге» шақырды. Ал біздің Елбасымыз экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қо­ғам­дағы ынтымақ пен келісім тұжы­рым­дамасын баяғыда-ақ жария етіп қойғаны белгілі. Бүгінде әлем бұл стратегияны «қазақстандық жол» ретінде біледі.

– Әлемді жайлаған дағдарыс Қазақстанға да әсерін тигізуде. Бұл жағдайдан еліміз аз шы­ғынмен шыға ала ма?

– Негізінен, халықаралық аре­на­дағы қайшылықтардан туын­даған дағдарысты біздің еліміз сөзсіз еңсеріп шығатынына мен кәміл сенемін. Осындай сын сәтте Елбасының төңірегіне мыз­ғы­мастай топтасып, жаһандық дең­гейдегі саясатты ұстануымыз біз көздеген табыстың кепілі болып табылады. Дағдарыстар өтеді де кетеді, ал халық бірлігі – мәңгілік құндылық.

Дағдарыс күрделі сы­нақ болғанымен, бұл жаңа мүм­кін­діктердің де уақыты, әрі ол бола­шақта оң шешімдер қабылдау үшін экономикалық дамудағы олқы­лықтарды сыни көзқараспен тал­дауға ықпал етеді. Үкіметте әр­түрлі жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар дағдарысқа қар­сы шаралар жоспарының бары қуантады. Сенат атқарушы билік­тің осы шараларын іске асыру­ға заңнамалық тұрғыда жәрдем беретін болады. Менің ойым­ша, қазіргі жағдайда біз халық­аралық рейтингке қол жеткі­зуді емес, әлеуметтік міндет­те­ме­лерді орындауға, экономика­ны әртараптандыруға, сайып келгенде, Елбасының Ұлт Жоспарынан туындайтын Қазақстанның күш-қуатын нығайтуға бағытталған нақты нәтижелерді басты назарға алуымыз қажет.

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».

Уақтылы ұйғарым

Жуырда ғана Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауларын күзге қалдырмай, жақын арада өткізу керек деген мәжілісмендердің бас­тама көтеріп, үндеу тастағандарын теледидардан көріп, қуанып қалдым. Өйткені, казіргі таңдағы әлемдегі ахуал тұрақсыз, әр мемлекеттегі геосаяси теңсіздік, діни-экстремистік және террорлық жанжалдардың өршуі, шынтуайтына келгенде, біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сол себептен әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескерген Мәжілістегі ойы терең, алысты байқай алатын халық қалаулыларының бұл бастамасын аудан жастары және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мен белсенділері бірауыздан қолдайды.

Мен өзім жетекшілік ететін аудандық жастар орталығының ұжымы мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері үндеу қабылданған күні жиын өткіздік. Онда бұл сайлаудың маңыздылығы мен атқаратын рөлі, оның қоғам үшін пайдасы қаншалықты екені туралы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді. Сол басқосуда жастар бірауыздан екі қолдарын көтеріп, сайлаудың күзге қалмай, көктем ішінде өткенін қалайтындықтарын білдірді. Жастар бұл ретте сайлауға әрқашан қолдау танытып, ерікті түрде жұмыс жасап, қоғамдық-саяси мәні бар жұмысқа бел шеше кірісетіндіктерін де айтып өтті.

«Жастар – қоғамды алға сүйреуші локомотив болуы керек. Ол үшін оларға барлық жағдай жасалуда», деп Елбасы Н.Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде ерекше тоқталған еді. Сондықтан былтырғы өткен сайлауда да аудан жастары үгіт жұмыстарында белсенді қызмет етсе, биылғы сайлау жұмыстарында да белсенділік танытып қоғамның белсенді топ екендігін тағы дәлелдеуді мақсат етіп отыр. Өйткені, аудан және ауыл жастары бұл сайлаудың маңызы терең, міндеті зор, болашағы жарқын екенін жақсы ұғынады.

 Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,

Маңғыстау аудандық Жастар саясаты орталығының басшысы,

«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы.

Маңғыстау облысы.

Бұл – саяси өре өскендігінің белгісі

Парламент Мәжілісі Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін өзі тарату және барлық деңгейдегі мәслихаттар депу­таттарының мерзі­мі­нен бұрын сайлау­ларын өткізу туралы үндеуін теледидардан тыңдап, газеттерден оқып таныстым. Басында тосындау ес­тіл­генімен, тереңірек бойлап бағам­дағанда, бұл бастаманың өте орынды болғанына, сондай-ақ, дер кезінде қабылданғанына көз жеткіздім. Қазір ырғалып-жырғалатын уақыт емес. Әлемді қаржы дағдарысы буып тұр. Оның салқынын біздің елдің де сезінуі заңдылық. Әлемдік экономикамен интеграцияланған Қазақстан бұдан тысқары қала алмайтыны да ақиқат.

Дегенмен, Қазақстан өзге елдердей «әліптің артын бақпай» бірден дағдарысты еңсерудің кешенді шараларын алуға ден қойды. Қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында 5 институттық реформаны жүзеге асырудың басым бағыттары айқындалып, жүйелі жолдары нақты атап көрсетілсе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында бұл бағдарламаларды жүзеге асыру жүйелене түсті. Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасында Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың тәжірибелік тетіктерін нақтылап берді.

Үндеуде «Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бердік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік» деп атап көрсетілген. Бұл жолы да Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерден шығуға бағытталған кешенді іс-қимыл жоспары бар екенін көріп отырмыз. Осындай тағдырлы сәтте Парламент Мәжілісінің елдің мүддесі тұрғысынан пайдалы жолды ұстанып, өзін өзі тарату және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізуге бастамашы болуы дер кезінде қабылданған шешім, дұрыс таңдау дер едім.

Үндеуде Мәжілістің Ұлт Жос­па­рының заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орында­ғаны, Парламенттің 80-ге жуық заң қа­былдағаны, Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «жол картасы» жасалғаны айтылған. Бұл дегенің – қыруар жұмыс, үлкен табыс екені сөзсіз. Мұның өзі Парламент Мәжілісінің қаншалықты қайтарымды жұмыс істегенінің нақты дәлелі. Шындығында, қазіргідей тарихи кезеңде партиялардың сайлау­шылардың жаңа сенім мандатын алуды ұйғаруы орынды және уақыт талабы да осыны қажет етеді.

Парламент Мәжілісінің үндеуін еліміздегі бірлік пен татулықтың тағылымды көрінісі ретінде бағалаймын. Әркім көрпені өзіне қарай тартпай, ортақ іске жұмылудың қайтарымды болатынын түсінгендік деп білемін. Осындай күрделі кезеңде елдіктің мүддесі тұрғысынан қадам басу осылай болса керек-ті. Шүкір, бұл бағытта еліміздегі ынтымақтың іргетасының беріктігі тағы да айқын аңғарылды.

Әлемдік дағдарыстың салдарын анағұрлым жеңілдетудің барлық тетіктері іске қосылуда. Экономикалық дамудың жолдары қайта қаралып, бюджеттік әлеуетке өзгерістер енгізілуде. Міне, осы тұста Мәжілістің өзін өзі таратуы және мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізіп, жаңа депутаттық корпус жасақтауға бастамашы болуы қазіргі саяси және қоғамдық дамудың ерекшеліктерін түсінушілік деп ойлаймын. «Көп тұрса, су да сасиды» дегендей, дағдарысты жағдайдағы күрделі міндеттерді шешуге жаңа толқын келіп жатса, шығар биігіміз бұрынғыдан да жоғары боларына үлкен үміт артамыз. Мәжілістің бұл бастамасы еліміздегі саяси өренің өскендігінің айқын айғағы, демократиялық ұстанымдардың тұғыр­лы бола түскенінің дәйекті дәлелі.

Жаңадан қашанда жақсылық күтеміз, ілгері күннен үмітіміз үлкен. Сондықтан жаңа парламентшілеріміз мемлекетшіл тұлғалардан болып, елдік мүддені көздеуі тиіс. Әрине, соңғы шешімді Елбасы айтатыны сөзсіз. Дегенмен, уақыт талабынан алға тартылған үндеудің Президенттен де, қалың жұртшылықтан да қолдау табатынына сеніміміз мол. Мұның қоғамдық өміріміздің бүгінгі ақиқаты биігінен қарағанда ұтымды ұсыныс, ұлағатты ұстаным екені даусыз.

Балқия РЫСБАЕВА,

Ойыл аудандық Шығанақ Берсиев атындағы тарихи-өлкетану

музейінің директоры.

Ақтөбе облысы.

Қозғалыста болу – ілгерілеу

Уақыт ағымындағы аса күрделі жағдайда жұ­мыс істеген Қазақстан Пар­ламенті Мәжілісінің бе­сінші шақырылымдағы депутаттары қоғамды алға бастауда айтарлықтай ықпал жасады. Халық қалаулылары Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалады, 80-ге жуық заң қабылданды. Сондай-ақ, Елбасының 5 институттық реформасына қатысты салалық «жол картасы» тиімділігін көрсетуде. Бұл депутаттардың кәсіби тұрғыдағы біліктілігін айқындайды. Соған қарамастан, Мәжіліс өзін өзі тарату жөнінде шешім қабылдағаны мемлекетіміздің биік мұраттарына сәйкес келеді.

Жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте жаңа Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа лептің бастамашылары бо­луы тиіс. Ел халқы қол­дап отырған (96 пайызға жуық) қадам қоғамдық құрылыстың әр буынына қосымша жауапкершілік жүктейді.

Біздің салаға қатысты бір мысал келтірейін. Қазақстанның өңірлік көш­басшы болуы үшін оның мық­ты құрылымдары болуы қажет. Прези­дент, бұл орайда, елімізде 6 макро­өңірлер құрудың арнайы жоспарын ұсынды. Қазірдің өзінде басым бағыттарды қамтитын 11 жоба қолға алынды. Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы көліктік, логистикалық және коммуникациялық архитектураны біріктіреді. Жобаның «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» тармақтары Ақмола облысының аумағынан өтеді. Осыған байланысты 32 шақырымдық автомобиль жолы жаңа санатқа қосылып отыр. Жуық уақытта бұл іс қарқын алып, сапалық жоғары деңгейге көтеріледі. Бағдарламаның тиісті дәрежеде орындалуына біздің қызмет өзінің салмақты үлесін қосатын болады.

Қоғамдық өміріміздегі өзгерістер осындай игі ниеттерге негізделген. Сондықтан, реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін парламенттік сайлауды жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет деп санаймын. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді.

Бекзат БЕКІШЕВ,

Ақмола облыстық жолаушылар

көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Ақмола облысы.

Құптайтын әрі қолдайтын бастама

Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасына саяси партиялар да, қоғамдық ұйымдар да, жалпы қазақстандықтар да қолдау білдіріп жатыр. Өз басым бұл дер шағында көтерілген бастама және өте орынды шешім деп есептеймін. Себебі, жаһандық экономикалық дағдарыс, өзге де геосаяси жағдайлар жаңаша жұмыс істеуді қажет етіп отыр.

Өткен кезеңде Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде өнімді жұмыс істегенін баса айтқым келеді. Соның нәтижесінде депутаттар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалады. Бұған қоса, Елбасының 5 институттық реформасының әрқайсысын іске асыруға байланысты іс-шаралар кешенін жасауға атсалысты. Сондай-ақ, депутаттар барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын Мәжіліс сайлауымен бір күнде өткізуді ұсынып отыр. Құптайтын, қолдайтын мәселе. Өйткені, осы арқылы саяси науқанға жұмсалатын қаржының едәуір бөлігін үнемдеуге болады.

Бүгінде Парламентте үш партияның өкілдері бар. Егер жаңа сайлау бола қалған жағдайда, еліміздегі өзге де саяси партиялардың сайлауға қатысу арқылы өздерінің бақтарын сынауларына мүмкіндік берілмек. Жалпылай алғанда, сайлау билік пен азаматтың қоғам арасындағы байланысты қазіргіден де нығайтып, күрделі де ауқымды мәселелерді бірлесе отырып шешуге өзіндік ықпал етеді. Осының барлығы еліміздегі ішкі саяси бірлік пен келісімнің нығаюына, сөйтіп, кез келген сала бойынша үйлесімді жұмыс істеуге қажетті жағдайлар жасайды.

Ахмет МҰРАДОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан

халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.

Қоғамға серпіліс қажет шақ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бас­тама көтерген үндеуі жан-жақты таразыланған шешім деп айта аламын. Бұл, сарапшылардың пікірлерінше, кездейсоқ қабылданған шешім емес. Осы мәселе төңірегіндегі пікір алмасулар сарапшылар арасында, байқаушылар арасында соңғы екі-үш айдың көлемінде белсенді түрде талқыланды. Әлемдегі экономикалық күрделі дағдарыс, оның ел экономикасына ықпалы тұрғысынан келгенде, бұл, шын мәнінде, тіпті де кездейсоқтық емес. Біріншіден, бұл – заңды қалыптасқан жағдай. Екіншіден, дер кезінде көтеріліп отырған маңызды оқиға деп айту керек. Сондықтан бұл бастама қоғамда өте қызу талқыланып жатыр және жан-жақты қолдау табуда.

Жаңа сайлау еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге жаңаша бір серпін береді деп ойлаймын. Тек саяси-партиялық үдерістерге ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық-саяси талқылауларға да жаңаша серпін береді. Сондай-ақ, жаңа идеялардың, жаңа ойлардың көтерілуіне жол ашады. Сайлау қоғамның ішіндегі қордаланған өзекті мәселелерді сараптауға, талдауға мүмкіндік туғызады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа саясатты іс жүзіне асыруына мүмкіндік береді. Сондықтан да біз, сарапшылар сайлау науқаны саяси-қоғамдық өмірдің жаңа бір серпіліс, жаңадан бір жандануына мүмкіндік беретін қазақстандық арманды фактор ретінде қарастырамыз.

Оның үстіне, еліміз жаңа кезеңге, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңіне аяқ басты. Осындай кезде қазақстандық арманды іске асыру жолында жаңа құрамдағы Мәжілістің де ықпалы жоғары болатыны анық. Ендеше, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасының қоғамдағы орны бөлек.

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Президенті жанындағы
Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

Жарқын болашақ жолында

Бесінші сайланған Парла­мент Мәжілісі депутаттарының 13 қаңтардағы, яғни сәрсенбінің сәтті күнгі бастамасы барша қазақстандықтарды елең еткізгені белгілі. Халық қалаулыларының осындай шешіміне тікелей әсер еткен «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Елбасының 2015 жылдың 30 қарашасындағы Жолдауы деп қабылдау керек. Сонымен қатар, оған қамшы болған Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» стратегиялық мақаласы дер едік.

Бұл шешімдерімен депу­таттар өздерінің саяси сауат­тылығын, дәрежесінің биік­тігін көрсете алды. Себебі, тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде Ұлт Жоспарында көрсетілген нақты тапсырмаларды орындауға тың саяси күш жаңа көзқарастағы адамдар керек екенін түсінгенінде. Осы тұрғыдан алғанда бұл үндеу дер кезінде және оңтайлы ұсыныс.

Сондай-ақ, бесінші сайл­анған депутаттар жұмысты жаңа ғана бастап жатқан жоқ. Мерзімдері де тақап қалды. Парламент Мәжілісінің қазіргі құрамы елімізді және қоғамды дамыту үшін көп іс тындырды. Оның жұмыс қорытындысында Ұлт Жоспарын іс жүзіне асыру шеңберінде 2016 жылдың басынан бастап, біз азаматтық қоғамды және бизнесті дамыту үшін үлкен тың мүмкіндіктер ашатын жаңа заңдармен өмір сүре бастадық және олар қоғамның дамуына сүбелі үлес қосуда.

Тарихи мерзімнен бұрын сайлау өткізу Қазақстан халқын ортақ мүдде мен ортақ мақсат үшін біріктіре түседі, экономикамыз үшін және бүкіл еліміз үшін қорғаныс шаралары болып табылатын дағдарысқа қарсы істерді, яғни Ұлт Жоспарын тың күшпен сауатты, әрі дағдарысқа қарсы саясатты дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Ұсыныстың тағы бір ерек­шелігі, ол дағдарысты ескере отырып, Мәжіліс пен мәс­лихаттар сайлауын бірге өткізу. Ол мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтады. Әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламаларды жүзеге асырғалы отырғанда мерзімінен бұрын сайлау өткізу дұрыс және дер кезінде қабылданған шешім болып табылады деп есептеу керек.

Жомарт СИМТИКОВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Сорбонна – Қазақстан» институтының халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы.

АЛМАТЫ.

Уақыт талабынан туындаған

Мұндай қадам мемлекетіміз тәжірибесінде бар. Ол еліміз Конституциясы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Мен Сенатта келіп түсетін заң жобаларымен жұмыс істеуде барлық проблемалы мәселелерді шеше алатын білікті мамандар жеткілікті деп есептеймін. Сондықтан да заң шығарушылық қызметте ешқандай да проблемалар туындамайды деп сендіре аламын.

Ал Мәжілістегі партия фрак­цияларының шешіміне келер болсақ, бұл уақыт талабынан туындап отыр. Сондықтан да төменгі палата депутаттары қабылдаған шешім – өте салиқалы шешім. Экономикадағы және өзге де салалардағы қазіргі қалыптасқан жағдай дер кезінде сайлау өткізу қажет­тігін талап етіп отыр. Сон­дық­тан бұл бағытта ешқандай проб­лема болмайды деп ойлаймын. Мұның барлығы да Қазақстан заңдары мен Конституцияға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Әлемдегі кез келген мемлекет­ті алар болсақ, мұндай тәжірибе бар. Олай болса, мұндай үдеріс ел ішіндегі жағдайға, әлемдегі орын алып отырған өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылып жатады. Сондықтан да мұны объек­тивті үдеріс және уақыт талабынан туындаған бастама деп қабылдаған жөн. Ал жастардың келуі қажет деген пікірге қатыс­ты айтарым, әр нәрседе теңгерім­ділік қажет. Парламентке не­гізінен өзіндік ұстанымы бар тәжірибелі мамандардың келгені орынды. Әрине, алдағы сайлау демократиялық жағдайда өтетініне күмән жоқ, ал қай партияның же­ңіске жететінін сайлау шешеді.

Ақан БИЖАНОВ,

Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму

және ғылым комитетінің төрағасы.

Көңіл таразысы дұрыс дейді

Әлемде болып жатқан ірі оқиғалар Парламент Мәжілісінің депутаттарына Парламент Мә­жілісі мен барлық деңгейдегі мәс­лихаттар депутаттарының сайлауларын мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуін көңіл таразысынан өткізіп, дұрыс шешім қабылдаған екен деп сүйсіндік.

Қазір дүниежүзіндегі ең мықты мемлекеттердің өзі дағдарыс біздің елдің бір бұрауын босата алмады дей алмайды. Қай-қайсысына да оңай тимей, экономикалық соққыларды бәсеңдетудің барлық алғышарттарына кірісіп кетті. Қазақстан да осы лекте.

Мұнай бағасының төмен­деуі дүниежүзіндегі ірі кә­сіп­­орындардың жұмысшылар­ды мыңдап қысқартуына алып келіп жатыр. Мәселен, ірі концерн – «British Petroleum» бірден төрт мың адамын жұмыстан қысқартатынын хабарлады. Қара алтынның нарқы кеткен шығынның орнын жаба алмағандықтан, осындай қадамға барып отыр. Компания 20 млрд. долларға қарызға батқан. Мұндай жағдай өзге де ірі компаниялардың басына түсіп, олар да мұнай өн­діруді азайтып, мыңдаған мамандарын қысқартты.

Әлемдегі орын алып жатқан ауыр жағдайлар Қазақстанды айналып өтеді деп өзімізді өзіміз алдарқатуды қою керек. Ал Мәжі­лістің тарауы дұрыс шешім болды. Енді барлық деңгейдегі сайлауларды дұрыс өткізіп, Парламентке кәсіби, дағдарыспен күресуге білім-білігі жететін азаматтарды тартып, Елбасының мемлекеттік мәселелерді жедел әрі оңтайлы шешуіне көмектесеуіміз керек.

 Амангелді СОПБЕКОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

ШЫМКЕНТ.

Сенімді, серпінді қадам қажет

Соңғы күндері «Елімізде Парламент Мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата ма, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қажет пе, жоқ па?» деген сауалдың төңірегінде толғанғанда, алдымен Қазақстандағы этносаралық ынтымақтың берік болуын ойладым. Бұл тек менің ғана қалауым емес, барша қазақстандықтардың да негізгі ұстанымы – ынтымақ пен бірлік. Әсіресе, Мәжіліс депутат­тарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі үндеуімен танысқан соң, бұл ең дұрыс шешім деген тоқтамға келдім. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бір жыл бұрын: «Біз – өресі биік, рухы берік отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағыт­талған кез келген ұсыныс мен үшін құнды», деп еді. Бәріміз үшін Отанымыз – Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктен ең ізгі, ең қымбат құндылық болмайды.

Ынтымақ қана ырысқа бастайды. Қазақстан халқын Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы ынтымақ пен бірлікке шақырып келеді. Тәуелсіз еліміздің келешегіне үлкен үмітпен қараған қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ­станды қуатты елге айналдыру идеясына үнемі қолдау білдіруде ынтымағынан жаңылған емес. Парламент Мәжілісінің депутаттары да елді экономикалық дағдарыстарға ұрындырмаудың маңызын бек түсінеді деп ойлаймын. Мерзімінен бұрын Мә­жі­лістің, оған қоса барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауларын өткізсек, бұл тәуелсіз Қазақстанымызды дағдарыстың шырмауына іліктірмей, қуатты, бақуатты елге айналдыруға жасалатын ең сенімді, ең серпінді қадам болар еді. Сөйтіп, Ұлт Жос­парында айқындалған Бес институттық реформаны жүзеге асыруға Парламент Мәжілісінің жаңарған құрамы да атсалысар еді.

 Юрий КУСТАДИНЧЕВ,

«Возрождение» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты.

Атырау облысы.

Нақты кезеңдегі оңтайлы ұсыныс

Депутаттар елдегі ахуалды нақты бағамдап, Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сай­лау өткізу туралы Елба­сының атына үндеуін жариялады. Күнделікті газет-журналдар мен телеарналардан де­путаттардың ұсынысын халық­тың да қызу қолдап отырғанын байқадық. Елдің бірлігі, ынты­мағы, тұтастығы дәл осы арада көрінді. Мәжі­лісті не үшін тарату керек? Дәл қазір сайлау өткізу қанша­лықты қажет?

Депутаттардың аталған бастамасы Бес инс­титуттық реформаны, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жол­­да­­уын тиімді іске асыру үшін аса қажет деген ойдамыз. Өйткені, қазіргі Мәжіліс өзінің тарихи рөлін толығымен атқарып шықты. Еліміздегі заңнамаға мемлекет тарихында ешқашан болмаған өзгерістер жасалды. Қабылданған заңдар мемлекеттің, экономиканың, қоғамның дамуында түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалыптастырды. Былай айтқанда, үлкен реформалардың негізін қалады. Бұл дегеніңіз, жаңа қазақстандық арманға жетелейді. Яғни, әлемдегі 30 озық елдің қатарына ену негізгі мақсатымыз болса, жаңа қабылданған заңнамалар тікелей соған апарады.

Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезе­ңінде, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құн­дылықтарын бекіту, азаматтық қағидаты негізінде жаңа қазақ­стандық бірегейлікті нығайту және да­мыту үшін елдің жоғары заң шығарушы органының жұмы­сына жаңа сапа қа­жет. Елбасы тапсырмаларын орындау бойынша ел Үкіметімен егіздің сыңарындай жұмыс істеу міндет. Күрделі жағдайда заң үстем­дігін қам­тамасыз ету, ашық үкіметті қалып­тас­­тыру, Қазақстан экономикасының әрі қа­рай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең рефор­малардың тиімділігі үшін Парламент Мәжілісін жаңарту орынды бастама деп біле­мін.

Дәл осы бастама Мемлекет басшысы ұсынып отырған реформалардың орасан зор бағдарламасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, қаржы дағдарысы алқымнан алып тұрған тұста, сайлауды тезірек өткізіп, алдағы уақытта алаңсыз жұмыс істеуге жол ашуымыз керек. Қазіргі қиын-қыстау, тарихи таңдау тұсында билік пен халықтың ойы бір жерден шығуы ел бірлігінің бекемдігін айқын көрсетсе керек.

 Уәлихан ИБРАЕВ,

«Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры.

 ҚЫЗЫЛОРДА.

Өзгерістер өміршеңдігімен ұтымды

Жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан жас мемлекетіміздің саяси аренада беделі биік, мақсаты айқын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел келешегіне кемеңгерлікпен көз тіккен көрегендігі межелі мақсаттарға жету жолымыздағы басты бағыт-бағдарымыз болып отыр.

Біз төрткіл дүниеге өзіндік басқару институты, басқару мәдениетінің ұлт­тық моделі қалыптасқан мемлекет ретін­де танылдық. Бұл игі іске біздің заң шыға­рушы органдарымыздың қосқан үлесі зор, сіңірген еңбегі де елеулі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақы­ры­лымдағы депутаттары да ұлттық заңнамаға кең көлемді өзгерістер енгізіп, Ұлт Жоспарының орындалуына айтулы үлестерін қосты.

Десек те, бүгінгі қоғамдық ахуал жаңа көзқарастар мен тың серпілістерді қажет етеді. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутат­тарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуді дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп ойлаймыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының жаңа құрамын сайлау елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өміріне серпін беретін маңызды бастамалар әкелетініне сенімдіміз.

Бұл бастамалар мемлекеттік даму мен қоғам өмірінің барлық саласын реформалауға арналған бағдарлама ретінде өзектілігі артып отырған Ұлт Жоспарының жүйелі жүргізілуіне, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауындағы міндеттердің орындалып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын нығайту және дамытуға бағытталған жаңа мақсаттардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қазіргі кезеңдегі қыспаққа алған қаржылық қиыншы­лықтардан шығудың тиімді жолдарын таңдауға және ел бірлігін ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін жұмылдыруға бағытталған тың идеялар мен жаңа бастамалардың өмірге келуі елдің ертеңге деген сенімін бұрынғыдан да нығайта түсері анық.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

кәсіпкер, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты,

Жалпыұлттық «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері.

 Қарағанды облысы.

Маңызды саяси оқиғаның бірі

Парламент Мәжілісіндегі партиялар фракциясының Мәжіліс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі үндеуіне Қазақстанның қатардағы азаматы ретінде де, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілі ретінде де қолдау білдіремін. Депутаттардың бұл бас­тамасына еліміздегі көзі қарақты азаматтар мен азаматшалардың да үн қосатыны анық. Онымен те­лерадио хабарлары арқылы, күнделікті жарық көріп жатқан газеттердегі мақалалар арқылы жә­не агенттіктердің ақпараттары бо­йынша хабардар болып отырмыз.

Қазіргі уақыт еліміз үшін тарихи кезең болғалы отыр. Өйт­кені, әлемдік экономикалық дағ­­­да­рыспен қатар, геосаяси жағдайлар да ушыға түсуде. Қақ­тығыстар мен кикілжіңдер жиі көрініс бере бастағаны шынымен де алаңдатады. Сондықтан, еліміз кез келген сын-қатердің алдын алуға әзір болуы тиіс. Әсі­ресе, жаһандық экономикалық дағ­дарысты еңсеруге байланысты. Ал ол үшін жаңа күш, жаңаша серпіліс қажет.

Бүгінде жұмыс істеп жат­қан Мәжіліс өзінің мис­­сия­сын ойдағыдай атқарды деп айтуға болады. Себебі, бе­сінші шақырылымның депутаттары Президенттің 5 инс­титуттық реформасын іске асыруға бағытталған қажетті заң­дарды қабылдады. Сонымен бірге, әлемдік экономикалық дағ­дарысты еңсеруге негізделген іс-жоспарлары бекітілді. Енді, міне, заман ағымына қарай жаңа­­ша жұмыс істеп, жаңа белес­терді бағындыру үшін күш жұмыл­дыр­мақпыз. Осылайша, біз әлемдік қо­ғамдастыққа Қазақстанның дамушы ел екенін дәлелдейтін боламыз.

Азат ШӘУЕЕВ,

«Мемлекеттік тілді дамыту қоры»

үкіметтік емес ұйымының

директоры.

Үндеу үдесі – үнемдеу

Парламент – еліміздегі ең жо­ғары заң шығарушы орган. Сон­дықтан, Парламент құрамының жаңарып отыруы заңдылық болуы тиіс. Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік халық партиялары фракцияларының өкілдері төменгі палатаны тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнін­де үндеу жолдады. Мұндай саяси қадам­дарға демократиялық үрдістері кемелденген қоғамы бар елдер ғана бара алады.

Біздің Парламентіміз Тәуел­сіздікті нығайтуға қажетті заң­намалық жобаларды дер кезінде қабылдап келе жатқанымен ерек­шеленеді. Сондықтан, жоғары заң шығарушы органның қоғамды жетілдіруге қосқан өзіндік үлесі бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Десе де, біз бір орында тоқтап, тұрып қалмауымыз тиіс. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу – мемлекетіміздің мерейін арттыру жолында еңбек ететін жаңа құрамы бар Парламент жасақтаудың бірден-бір жолы.

Сарапшылар, еліміздің түр­лі салаларында қызмет етіп жүр­­ген азаматтары қазіргідей қаржылық қыспақтар күшейіп, әлемдік ахуалдың өзі орнықсыз болып тұрған кезде сайлауды өткізіп алудың уақыт пен қар­жы үнемдеуде және Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүйелі түрде орындауға жол ашатынын айтып жатыр. Мәселен, Ор­талық телекоммуникациялар қыз­метінде өткен брифингті қарап отырсақ, әлеуметтік зерттеу құры­лымдарының жүргізген сауалдамасы нәтижесінде халықтың қай саладағы топтары болсын, Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауының мер­зімі­нен бұрын өтуін қолдауы 95 пайыз­дың төңірегінен табылып отыр. Әлеуметтік сауалдамалардан бөлек, түрлі ұйымдар мен мекемелер де өз мәлімдемелерімен бұл үндеудің өз көкейлерінен шыққанын жеткізуде.

 Бағдан ҚАЙЫРЖАНОВ,

Семей қаласындағы

физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры.

Шығыс Қазақстан облысы.

Жауапкершілік жүктеген бастама

Қазақстан – айтулы халық­аралық ұйымдарға мүше болып және әлемдік маңызы бар мәселелерді көтерген жиындарға қатысып, ондағы келелі мәсе­леге өз үнін қоса білген, сон­дай-ақ, ірі басқосуларға бас­тама болып, өз төрінде өткізе алған, әлемдегі алып елдермен әлеуметтік-экономикалық тұрғы­да тығыз байланысқа түскен ел. Бұл жағдайлардың Қазақстан үшін берері көп. Демек, әлем ел­дерінде болып жатқан әртүрлі ахуалдардың Қазақстанға азды-көпті әсері болатыны да заңды. Осы мәселелерді ескере отырып, Елбасымыз 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын бекіткен болатын. Барынша елеп-екшеліп, пысықталған жоспардың қазіргі таңда практикалық кезе­ңі басталды. Ел тағдыры, ел тұр­мысы үшін маңызды тарихи құжатты жүзеге асыру да оңай шаруа емес. Сондықтан, еліміздің 2012 жылы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары бірнеше заңнамаларды қабылдап үлгерді. Алайда, артынша мәжілісмендер Мемлекет басшысына қазіргі Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігіне үндеу жолдады. Бұл – жаңа реформаларға қатысты жаңаша іс жүргізіп, кәсіби тұрғыда заман талабына жауап бере алатын азаматтарды ортаға тартып, елге қызмет етуге мүмкіндік беру деген сөз. Бұл – экономикалық дағдарыс кезеңінде дағдармай ертеңге сеніммен қадам басу үшін жасалған сауатты, байыпты қадам. Бұл – алды-артын бағамдай қараған бүгінгі мәжілісмендердің дер кезінде әрекет етіп, шешім қабылдай алған жауапкершілігінің көрінісі. Мәжіліс депутаттарының бұған дейінгі атқарған қызметіне алғыс айтып, Елбасы мен халық­қа жасаған үндеуіне қолдау біл­діремін.

Пәния САРМУРЗИНА,

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының

орынбасары.

АҚТАУ.

Айдары
Басты мақалалар
1 пікір жазылған
  • Арғымақ
    17 қаңтар 2016 at 03:09
    Пікір жазу

    Мұндай пікірлермен қалай келіспейсің? Жан-жақты талқылауға түскен ұсыныстың қолдау тапқаны дұрыс!

  • Пікір жазу

    *

    *

    он үш − 4 =

    PDF нұсқаға жазылу
    Газеттің PDF нұсқасына жазылсаңыз күнделікті нөмірді э-поштаңызға жіберіп отырамыз.
    Атыңыз
    Э-поштаңыз
    Мұрағат
    қаңтар 2016
    ДсСсСрБсЖмСнЖк
    « Жел Ақп »
     123
    45678910
    11121314151617
    18192021222324
    25262728293031
    QR-код

    Осыған ұқсас

    • sot

      Тергеуге түскен тергеуші

      Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы штаб-бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ардақ Қоразбаевтың анасынан редакциямызға хат келді. Онда баласының бір жылда тергеген жүздеген істерінің ішінде бір қылмыстық іс бойынша қыспаққа түскендігін...
    • kollazh-bilim

      Мәселенің мәселесі

      халықтық істің бірі кадр дайындау болып табылады ХХІ ғасырдағы елдік істе өзгеге есеңді жібермейтін, есіктен кірсең төрге оздыратын, қарымыңды танытып, талантыңды тәнті ететін – терең білім, зеректерге қанат болған...
    • sagintaev-4

      Бақытжан Сағынтаев Ұзынағаш ісін бақылауға алуды тапсырды

      “Қазіргі уақытта БАҚ-тарда қылмыстар туралы көп айтылып жатыр. Қылмыскерлердің Алматы облысында ұсталғаны белгілі болды, тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл халықты алаңдатып отырғандықтан, бұл жайында бізге мәлімет берсеңіз” деді Үкімет...
    • img_3285

      Астанада Бейбітшілік саммиті өтеді

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Бас Ассамблеясының кеше аяқталған 71-ші сессиясы аясында жалпы дебаттарға қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, бірқатар көпжақты шараларға қатысып, екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан...