Мерзімінен бұрын сайлау өткізу: шетелдік сарапшылар не дейді?

Сырт көз – сыншы

Парламенттегі үш партиялық фракциялар өкілдерінің мерзімінен бұрын Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізу жөніндегі бастамасы Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндіргенін «Егемен Қазақстанның» беттерінде күнде жарияланып жатқан пікірлерден оқып отырсыздар, ардақты ағайын. Бұл бастама, сонымен бірге, халықаралық қоғамдастықтың да назарын аударып отыр. Бүгін біз шетел сарапшыларының осы ұсынысқа орай білдірген пікірлерінің топтамасын ұсынбақпыз. Мұның өзі Қазақстанның жүргізетін саясаты әлемдік ауқымда да үлкен маңызға ие екенінің тағы бір дәлелі.

Ариэль КОЭН:

Энергетика, табиғи ресурстар мен геосаясат

орталығының директоры (АҚШ):

Мерзімінен бұрын сайлаудан жасқанудың қажеті жоқ

Қазақстанда мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауын өткізу бастамасын америкалық сарапшылар да құп көреді. Вашингтондағы Жаһандық қауіпсіздік институтына қарасты Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариэль Коэннің пікірінше, кезектен тыс сайлаудан жасқанудың қажеті жоқ. Себебі, әлемде мұнай бағасы құлдырап, қаржы дағдарысының салқыны сезіліп тұрған қазіргі шақта бұл бастама экономикалық қиындықтарды оңай еңсеріп, елдегі тұрақтылықты сақтап қалудың тиімді жолы болып табылмақ. Сарапшы бұған дейін де еліміздегі сайлауларға байқаушы ретінде қатысып қайтқан. Еліміздің экономикалық жетістіктерін бір кісідей білетін ол, қолға алған реформалардың табысты жалғаса беретініне сенім білдіреді.

«Әлемде жүріп жатқан дағдарыс ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Мұнай мен табиғи байлықтардың бағасы құлдырап, тіпті, Ресей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Бразилия сияқты елдерге кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның жаңа Парламент құрамын жасақтап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы нағыз қолдауға тұрарлық. Қазақстан онсыз да жаһанның көптеген мемлекеттерімен салыстырғанда өзіндік өрлеу қарқынымен танылып келеді. Меніңше, ол осы бағытынан жаңылмай, алдағы онжылдықтарда әлі талай биіктерге жететініне бек сенімдімін», – дейді А.Коэн.

Генрих ЦЕРТИК,

Бундестаг депутаты (Германия):

Бұл шешімді неміс депутаттары да қолдайды

Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу жайлы ұсынысын олардың германиялық әріптестері де қолдап отыр. Бундестаг депутаты Генрих Цертиктің ойынша, қазақстандық әріптестері дұрыс шешім қабылдады. Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы Президент реформаларын жүзеге асыруға және Қазақстанның дамуына үлес қосады.

«Мен қазақстандық әріптестерімнің шешіміне сенемін. Бұл дәл уақытында, ойластырыла шешілген. Қазақстанда Ұлт Жоспары қабылданды, елдеріңіз осы реформаны орындау жолымен жүріп келеді. Әлемде тұрақсыздық орын алып жатқанда, осындай бағытта алға қарай жылжу өте дұрыс шешім. Ал жаңа Мәжіліс Президент алған қойған тапсырмаларды орындауға жаңа күшпен кіріседі».

Алессандро ЛУНДИНИ,

Италия жоғары геосаяси зерттеу институтының

ғылыми қызметкері:  

Жұмыла көтерген жүк жеңіл болары сөзсіз

«Жаһандық дағдарыс жайлаған қазіргі кезде шұғыл әрекет ету керек. Сондықтан, халықтың депутаттық мандатқа жаңа сенімі керек. Осы ретте Мәжіліс депутаттарын сайлау қисынды», – дейді италиялық геосаясаттанушы-сарапшы Алессандро Лундини. Италиялық маманның айтуынша, сайлау өткен жағдайда Қазақстан дағдарысты айтарлықтай ауыртпашылықсыз өткере алады.

«Қазір Қазақстан үшін басты мақсат – жақында ғана айтылған реформаларды жүзеге асыру. Оны жүзеге асыру бірнеше жылды қамтитындықтан, экономика мен институттық жүйені сол уақыт аралығында қайта жандандыруы тиіс. Сонда Қазақстан тұрақтылықты сақтап қала алды деп есептейміз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін партиялар халықтың сенімін алуы керек. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болары сөзсіз», – дейді италиялық сарапшы.

 Дэвид М.ВАЛЕРА,

экономикалық сарапшы (АҚШ):

Парламент ұсынысы дер кезінде жасалып отыр

Қазақстанда парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екендігі туралы хабар Нью-Йорктің іскерлік орталарында да қызу талқылануда. Экономикалық сарапшылар бұл ұсынысты дер кезінде жасалған және өте дұрыс шешім деп санайды. Еліміздегі бұл мәселенің өрбу барысы әлемнің жетекші компанияларының кеңселері орналасқан атақты Рокфеллер-орталығының да назарынан тыс қалған жоқ.

Мәселен, америкалық экономикалық сарапшы Дэвид М.Валераның пікірінше, жаңа міндеттерді Парламенттің жаңартылған, білікті мамандардан тұратын, халық мүддесін ойлайтын құрамы көмегімен жүзеге асыруға ұмтылу өте түсінікті. «Бұл мәселеде барша қазақстандықтардың ең дұрыс, ең тиімді және ең ақырғы шешім қабылдай алатын Президент Назарбаевтың не айтатынын күтіп отырғаны да белгілі. Қазақстан экономикасының ахуалына мұнай бағасының деңгейі мен Ресейге қарсы санкциялар да тікелей ықпал етеді. Ал егер соңғы онжылдықтар ішінде сіздердің Президенттеріңіздің талай-талай қиын жағдайлардан елді аман-есен алып шыққанын ескерер болсақ, біз бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Мен, сондай-ақ, Қазақстанның жақында өте күрделі сынақтардан   абыроймен өтіп, ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болғанын атап өткім келеді. Бұл – біздің ел үшін үлкен жеңіс. Сондықтан, ел экономикасының қайта жақсаруы аз ғана уақытты талап ететін мәселе деп сеніммен айта аламын», – дейді нью-йорктік экономикалық сарапшы.

Ли ЦЗЫГО,

Қытай халықаралық мәселелерді

зерттеу институтының Еуразия бөлімі

директорының орынбасары:

Реформаларды жүзеге асырудың маңызды сатысы

«Қазақстан реформаларды жүзеге асырудың маңызды сатысына өтті. Парламент Мәжілісінің депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау мемлекеттің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, елдегі реформалардың сәтті жүзеге асуына әсер етеді», – дейді Қытай халықаралық мәселелер зерттеу институтының сарапшысы Ли Цзыго. Оның айтуынша, 2016 жыл әлем елдері үшін ауыр сынақ кезеңі болғалы тұр. Ірі мемлекеттер арасындағы саяси шиеленіс және экономикалық мәселелер жағдайды ушықтыра түсіп отыр.

«Егер халықаралық жағдай жақын уақытта түзелмесе, күзге қарай бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Осы факторларды ескере отырып, Мәжіліс депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау дұрыс қадам. Бұл елдегі тұрақтылықты сақтап, алда болатын кез келген жағдайға дайын тұруға мүмкіндік туғызады. Сайлаудан кейін жаңа құрам елдің дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», – дейді Ли Цзыго.

1 пікір жазылған
  • Аласа
    17 қаңтар 2016 at 03:16
    Пікір жазу

    маған Ариэл Коэннің пікірі ұнады! Нағыз талдау және сайлаудың дұрыстығын көрсетіп береді!

  • Пікір жазу

    *

    *

    20 + сегіз =

    PDF нұсқаға жазылу
    Газеттің PDF нұсқасына жазылсаңыз күнделікті нөмірді э-поштаңызға жіберіп отырамыз.
    Атыңыз
    Э-поштаңыз
    Мұрағат
    қаңтар 2016
    ДсСсСрБсЖмСнЖк
    « Жел Ақп »
     123
    45678910
    11121314151617
    18192021222324
    25262728293031
    QR-код

    Осыған ұқсас