Бүгін Астанада Алматы қаласының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды 24.kz.
Шара аясында Ұлттық музейде «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты мультимедиялық фотокөрмесі ұйымдастырылды. Суреттерде Алматы және қала маңындағы көрікті жерлер бейнеленген.
Қала әкімдігі бұдан бөлек Астанаға жергілікті мұражайдан 32 тарихи экспонат алып келіп, келушілер назарына ұсынды. Салтанатты шарада барлық қонақтар Алматының тарихы көрсетілген алғашқы мультимедиялық көрмені тамашалады. Көрме желтоқсан айының 5-не дейін жалғасады.
«Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Алматы қаласының экономикасының ҚР экономикасына үлесі 7 пайыз болса, бүгін 20 пайыздан асты. Салықтық табыстың 30 пайызын Алматы қаласы экономикамызға әкеледі. Бұл қуанарлық іс. Алматы мәдениет орталығы ретінде қалыптасып, әрі қарай дамып келе жатыр. Біз үшін Елорда төрінде осындай мультимедиялық көрмені ашу үлкен мәртебе», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.