Мен аталған мақаланы мұқият оқып шықтым. Онда ұлтымыздың жаһандық ықпалдастықта жұтылып кетпей, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалудың өте маңызды мәселелері көтерілген. Қару ұстап, ел тыныштығы күзетінде жүрген азамат ретінде айтарым, ұлттық құндылығымыз, яғни оның ең бастылары – тіліміз бен діліміз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мемлекетіміз үшін ең басты мәселе.
Уақыт алға жылжып жатыр. Бұл – өмір заңдылығы. Осындай кезеңде басқа өзгерістермен қатар, Елбасы айрықша назар салып айтқандай, рухани жаңғырудың қажет екендігі сөзсіз. Сондықтан да ұлт, халық болғаннан кейін алдына мақсат қойғаны абзал. Бұл туралы Президенттің ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайды деп айтқан ойларымен әбден келісесің. Ұлтымыздың рухын бойымызға әбден сіңіруіміз керектігі де әрқайсымыз үшін керек нәрсе. Мұны еліміздің айбыны – Ұлттық ұланда ел үшін, жер үшін деп қызмет атқарып жүрген әр азаматымыз жүрек түпкірімен терең түсінеді әрі «Ұлттық» деген басымды негіздемесі бар біздің әскер құрамы Елбасының бұл рухани жолындағы жаңғыру идеяларын жүзеге асыруда тыңғылықты жұмыстар атқарады деп нық сеніммен айта аламын.
Түйіндеп айтқанда, бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған жарқын іс.
Қайрат АҚТАНОВ, генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы