Ауылдағы жас ұрпақ жеңісті жақындатуға үлес қосқан ақеспелік майдангерлерді біле ме екен деген ой мазалайды. Өзіміз көздерін көрген Айман Игіліков, Тойман Сатанов, Бақтияр Кәрібаев, Жаңабай Қодашев, Ысқақ Кенжалиев, Қапаш Қарақұлов, Өмір Нұрпейісов, Манау Нұрпейісов, Кенжеғара Демесінов, Оралбай Досжанов, Жайлаубай Досжанов, т.б. майдангерлер еске түсіп отыр. Олардың ішінде Қапаш Қарақұлов ағаның орны бөлек болатын. Ол қаланың адамы секілді костюм-шалбар, ақ көйлек киіп, мойнында қара галстукпен, сақал-мұртын қырынып, таза, ұқыпты жүретін. Есептеп отырсам, 1923 жылы туған Қапаш аға 1970-жылдары елудің ішінде екен ғой. Ауылдың айтқышбектері соғыс туралы небір қызықты әңгімелерді айтып отыратын. Бірақ Қапаш аға оған араласпайтын. Бір жағынан ауыл басшысы ретінде бос әңгімеден бойын аулақ ұстаса, екінші жағынан балық шаруашылығы саласының білікті маманы ретінде жұмыстан қолы да тимейтін. Қапаш аға соғыс жылдары ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарын кеудесіне таққан. Ол майдан туралы ештеңе айтпаса да, ерліктері туралы деректер Ресей Қорғаныс министрлігінің архивінде сақтаулы тұр. Қапаш Қарақұлов 1940 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, колхозда есепші болып жұмыс істейді. Майданға 1942 жылы мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен аттанады. Әскери дайындықты Чкалов қаласындағы 242-қосалқы атқыштар полкінде өтеді. Одан кейін 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкіндегі 120 мм минометтік батареяның көздеушісі болып әскери қызметін жалғастырады. Табиғи мергендігі арқасында қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүктелерін талай рет жалғыз снарядпен жояды. Қапаш аға қызмет атқарған әскери бөлім 1942 жылдың 19 қазанынан Батыс майданының құрамына беріліп, 1,5-2 млн кеңес жауынгері қаза тапқан Ржев қырғынының қақ ортасында болады. 1943 жылдың 1 қаңтарынан әлгі бөлім Волхов майданының құрамында Ленинград қаласын қорғау үшін қиян-кескі күрестер жүргізеді. Ал сол жылдың қараша айынан бастап 379-дивизия 2-ші Прибалтика майданының қарамағына беріледі. Ленинград қаласы 870 күнге созылған блокададан 1944 жылы 27 қаңтар күні толығымен босатылады. Қапаш аға қызмет атқарған минометті батарея шабуыл барысында қойылған әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындайды. 1944 жылдың желтоқсанында аталған батарея 245-атқыштар дивизиясының 904-атқыштар полкіне беріледі де, Бірінші Украина майданының құрамында жолын жалғастырып, Жеңіс күнін Германияның Дрезден қаласында қарсы алады. Бұл кезде Қапаш ағамыздың жасы 22-де еді. Соғыстан кейін оның әскери бөлімі Белоруссия аумағына тұрақтап, тек 1947 жылдың наурызында ғана ол туған ауылына аман-сау оралады. Елге жетісімен еңбек майданына араласады. Есепші, қойма меңгерушісі, нұсқаушы секілді жұмыстарды атқарып, 1953 жылы Дондағы Ростов қаласындағы балық шаруашылығы техникумының курсын бітіреді. 1954-1976 жылдары Ұялы балық зауытында, Қамыстыбас балық өңдеу зауытында, Үшкөл, Аван, Ақеспе балық зауыт- тары мен балық өңдеу мекемелерінде басшылық қызметтерде істеді. 1976-1988 жылдары Қызылорда балық зауытында инженер-технолог болды. Бұл жылдар Арал өңірінде балық шаруашылығының қарқындап дамыған кезі-тін. Бұл табысқа Қапаш ағаның қосқан өзіндік үлесі болды. Ол екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері», т.б. медальдармен наградталды. Қапаш аға 1988 жылы 65 жасында дүниеден озды. Ол құдай берген жеті баланың әкесі еді. XIX ғасырдағы Бұланбай, Бисенбі аталарының бойындағы ізгі қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Қарақұл атаға, одан Қапаш ағаның өзіне, одан Жеткерген, Жетес, Елдес, Алмат, Қайрат (Ауған соғысына қатысқан) бауырларымызға және Айсәуле, Қарлығаш қыздарына дарыған. Олар әулеттің дәстүрін абыройлы жалғастырып отыр. Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы