• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2017

Елбасы салған даңғыл жол

260 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен партия делегациясы Жапонияға барды. Сапардың басты мақсаты – халықаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту және елдің басты саяси күші Либералды-демократиялық партиямен тығыз қарым-қатынас орнату. Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің Жапонияға жасаған сапарының нәтижесінде қол жеткен әріптестікті одан әрі күшейтіп, оның аясын кеңейту.

Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың негізі осыдан ширек ғасыр бұрын қаланып, Елбасының 1994 жылы Күншығыс еліне жасаған алғашқы сапары кезінде беки түсті. Содан бері екі ел басшыларының бір­неше рет жоғары деңгейде өт­кен кездесулері қазақ пен жапон халқының достығы мен әріп­тес­тігіне тың серпін берді.

Екіжақты ынтымақтастықты ны­ғайту үдерісін үздіксіз жүр­гізу нәтижесінде Қа­зақ­стан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 16 жылдың ішінде айтар­лықтай өскен. Яғни, 2001-2017 жылдар ара­лығында аталған көрсеткіш 6 есеге артып, 1,1 млрд АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ, Жапонияның Қазақстанға сал­ған инвестициясы да жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 6,2 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Соның нәтижесінде бүгінде елі­міздегі 74 кәсіпорын тікелей жапон капи­та­лының қатысуымен жұмыс істеуде. Олар негізінен мұнай, газ, металлургия, қар­жы, тау кен өндірісі, автомобильдер сату, электрбайланыс, түрлі құрал-жаб­дық­тар сату, ағаш бұйымдарын дайындау және логистика салаларын қамтиды.

Бүгінде Жапония әлемде ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) және өнеркәсіптік өндіріс көлемі жөні­нен 3-орын алады. Эконо­ми­калық көрсеткіштер бойынша әлемдік алпауыттар қатарын­да саналатын бұл мемлекет «Үл­кен жетілік» пен Азия-Ты­нық мұхиты экономикалық ынты­мақтастығының (АТЭС) мүшесі екені де белгілі.

Осындай экономикалық ал­пауыт мемлекетпен ынтымақ­тас­тықтың ны­ғаюына екі елдің мемлекет басшылары жә­не партия төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэнің жеке дос­тық қарым-қатынасы игі әсерін тигізіп ке­леді. Екі басшының осыған дейінгі бір­неше мәрте кездесуі, соның ішінде Елба­сының 2016 жылы Жапонияға жасаған тарихи сапары ресми Астана мен Токио арасындағы әріптестіктің жаңа бағыт-бағдарын айқындап берді.

«Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Елбасының тап­сыр­масы бойынша Жапонияға жасаған сапары барысында осы елдің Премьер-министрі және негізгі саяси күш болып саналатын би­леуші Либе­ралды-демократиялық пар­тия­ның төрағасы Синдзо Абэмен кездесті.

Кездесуде Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед Жапония Премьер-ми­нистріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елді экономикалық және саяси жаң­ғыр­ту жөніндегі жаңа бас­та­ма­ларын жан-жақты ай­тып берді. Одан бөлек, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі мен Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруын жүзеге асыру­дың негізгі бағыттары жөнін­де мағ­лұмат берді. Партия Төраға­сы­­ның бірінші орынбасары жа­пон инвестициясы мен озық тех­ноло­гиясын тарту мәселесіне ерек­ше көңіл бөлгенін атап өткен жөн.

Өз кезегінде Синдзо Абэ Қазақ­стан мен Жапонияның ын­ты­мақтастығын одан әрі кү­шей­тудің маңызына назар ау­да­рып, өзінің 2015 жылы қазан айын­да Ас­танаға келген сапары жағымды әсер қалдырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қа­­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­­қа сол кез­дегі қонақжайлылығы үшін зор алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ жоғары дең­гей­де жеті рет кезде­сіп, екіжақты қаты­нас­­ты нығай­ту жөнінде абсолютті рекорд жа­са­ғанын айрықша атап көрсету­ге болады.

«Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс алғаш дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері, яғни 1992 жылдың қаңтарынан бастап сер­пін­ді әрі еш кедергісіз дамып келеді. Біз­дің ынтымақтастығымыз ядролық қару­сыз­дандыру және оны тарат­пау мақ­сатындағы халық­аралық арена­дағы бірлескен іс-әрекетімізбен ғана шек­тел­мейді. Соңғы жылдары Қазақстан нары­ғында табиғи ресурстарды барлау және өндіру ісінде, өндірістік салада жапо­ния­лық компаниялар да табысты еңбек етуде», – деді Синдзо Абэ қазақ­стандық жур­налистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, С.Абэ Қазақстан­ның тың бастамаларын әрдайым қолдайтынын жеткізді және Қазақстан Президентінің 2016 жылы Жапонияға жасаған ресми сапарының нәтижесін жоға­ры бағалап, екі елдің ынты­мақ­тас­тығы партиялық деңгейге көте­рілгеніне ризашылығын біл­дірді. Жапон Үкіметінің бас­­шы­сы Ас­танада өтетін ЭКСПО-2017 халық­аралық көр­ме­с­іне де ерекше назар қойып, оған жа­пониялық делегация өзі­нің сенімді серігі, Парламент депу­таты Такео Кавамура бастап баратынын айтты. Одан бөлек, С.Абэ 2025 жылғы ЭКСПО-ны өткізуге үміткерлердің қатарында Жапонияның Осака қаласының да бар екенін, соған орай Қазақ­станның өздерін қолдауын өтінді.

Кездесу кезінде Корея Халықтық-Де­мократиялық Рес­пуб­ликасының әре­кеті де назар­дан тыс қалған жоқ. Бұл рет­те С.Абэ Қазақстанның ұстанымы Жапо­нияның көзқарасымен сәйкес екеніне зор ризашылығын жеткізіп, сол үшін Ел­басымызға ерекше ілтипатын білдірді.

Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхам­мед Жапонияның Либералды-демо­кратиялық пар­тия­сының Бас хатшысы Тосихиро Никаймен кездесті. Онда тарап­­тар екі партия арасындағы әріп­тес­­тікті нығайту мәселесін талқы­лады. «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірін­ші орынбасары алдағы уақытта партия­аралық ынтымақтастықтың одан әрі жан­данатынына сенім білдіріп, Никай мыр­заны Қазақстанға шақырды.

«Мемлекет басшысының бар­лық бастамасын, соның ішін­де Үшінші жаң­ғы­руды жүзеге асыруда «Нұр Отан» пар­тия­сына ерекше міндеттер жүктелген. Сондықтан да бізге Жапонияның ғажайып экономикалық табыс­тарының бастауында тұрған Либералды-демократиялық пар­тия­ның тәжірибесі аса маңызды», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жапония Парламентінің екі пала­та­сында да басымдыққа ие Либералды-демо­кратиялық партияның қазіргі таңда 1 млн-нан астам мүшесі бар. Тосихиро Никай Қазақ­стан Жапонияның стратегиялық әріп­тесі және Орталық Азияның ең табыс­ты мемлекеті екенін айтты. Одан бө­лек, жапон саясаткері біздің елдің таби­ғи бай­лығы мен Жапо­нияның техноло­гия­лық мүмкін­дігі негізінде бұдан да тығыз бай­ланыс орнатуға болатынын назарға алды.

Кездесуде халықаралық дең­гейдегі екіжақты қарым-қатынастың тиімділігі жөнінде, әсіресе, ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінде екі елдің көзқарастары ортақ еке­ніне ерекше мән берілді. Бұ­дан басқа Тосихиро Никай Қазақ­стан­ның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретінде Корея Халықтық-Демо­кра­тиялық Рес­пуб­ликасының ядролық және ракеталық бағдарламасын айып­тау­ға белсенді қатысып келе жат­қаны үшін алғысын жеткізді.

Тағы бір ерекше назар аударар жайт, Жапонияда соңғы 23 жыл бойы Қазақ­стан­мен байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Жапония Парла­ментінің Қазақстанмен достық лигасы жемісті жұмыс істеуде. Ол Жа­пония Парламентіндегі 40 бел­гілі депутаттың, палата же­тек­шілері мен елдегі ірі саяси партия басшыларының басын біріктіретін беделді ұйым. Достық лигасы Қазақстан Президентінің 1994 жылы Жапонияға жасаған алғашқы сапары нәтижесінде құрылған лига содан бері екі елдің жақындасуына үлкен үлес қосып келеді. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары аталған Лиганың төрағасы Такео Кава­мурамен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед жапон тарапының біздің елге көрсеткен қолдауы мен жергілікті депутаттардың өзара тиімді әріптестікті дамы­туға қосқан үлестері үшін риза­шы­лығын жеткізді.

Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы жапо­ния­лық белгілі «NEC» компаниясының базасындағы Ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар орталығының жұмысымен танысты. Бұл ком­панияның жобалары ғарыш­тан бастап мұхиттың түбіне дейінгі әртүрлі саланы қамти­ды. Бүгінде компания ғалым­дарының негізгі жұмысы арнайы видеокамералар арқылы адам мен нысанды анықтап, лаңкестік шабуылдардың алдын алуға қабілетті жасанды ақыл-ой жүйе­сін жасауға ба­ғыт­талған. Мұн­дай технологиялар қазірдің өзінде АҚШ, Бразилия, Сингапур сияқ­ты елдердің ірі әуе­жай­ларын­да тиімді қол­данылуда. Осылайша жапондар бар әлем­ді алаңдатып отырған лаңкестікпен күрестің озық үлгісін көрсетіп отыр.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «NEC» компа­ниясының вице-президенті, халықаралық жобалардың кураторы Такаюки Мори­тамен кездесуінде Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруын жүзеге асы­руға жапониялық жетекші транс­ұлттық компаниялардың атсалысу мәселесін талқылады.

Күншығыс еліне сапарын қоры­тын­дылаған «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірін­ші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхам­мед: «Тәуелсіздік жыл­дары Қазақстан мен Жапония арасында өза­ра сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген достық қарым-қатынас орна­ды. Осы жылдар ішінде Елба­сы­мыз төрт рет ресми сапар­мен Жапонияға келіп, бұл ел­дің саяси және іскер қауым­дас­тығы арасында аса зор бедел мен құрметке ие болды. Нұрсұлтан Әбішұлы Жапония Императорымен кездесіп, ең жоғары мемлекеттік награда – Үлкен лентадағы Хри­зантема орденімен марапатталды. Жа­пон­дардың ұлттық символы сана­латын хризантема гүлінің жаңа түрінің де біздің Президентіміздің атымен аталуы да жапондардың Елбасына деген шынайы құр­метінің белгісі. Хризантемаға өзге мемлекет басшысының атын беру Жапония тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға. Екі ел арасындағы «Стратегиялық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту» туралы тарихи шартқа қол қойылған. Біздің сапарымыздың мақсаты да «Нұр Отан» партиясы мен осы елдің премьер-министрі төрағалық ететін Жапонияның 70 жылға жуық билік құрып келе жатқан Либералды-демократиялық пар­тия­сы арасындағы ынтымақ­тастықты одан әрі күшейтіп, аясын кеңейту», – деді.

Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұ­рын Жапонияға жасаған сапарында Ел­ба­сымыз салған әріп­тестіктің даңғыл жо­лы пар­тия­аралық диалог арқылы сапа­­лық жаңа биікке көтерілді. Үне­мі Батысқа еліктей бермей нұротан­дық­тар­дың Күншығысқа қарап бой түзеуі әбден құптарлық бастама.

Еламан МАҚСОТҰЛЫ, журналист