• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2017

Аналарды ардақтаған аудан

258 рет
көрсетілді

Таяуда Барқытбел бау­ы­рындағы бара­қат­­ты елдің батыр да дана ана­ларға деген айрықша құр­метінің куәсі бол­дық. Аудан­да ана­лар­ға арналған алып еск­ерткіштер мен сая­бақтар бой көте­ріп­ті. Үш жылдан бе­­рі үздік тәр­бие үл­гі­сін көрсеткен ана­­лар­ға арналған төс­белг­і тапсырылып келеді екен.

Аудан әкімі Ділдәбек Тәжі­баевтың айтуынша, «Тар­бағатайдың алтын анасы» аталатын төсбелгі осыған дейін елге еңбегі сіңген ұл-қыз тәрбиелеген елуге жуық анаға тапсырылыпты. «Аналарға қандай құр­мет көрсетсек те жара­сады. Тарбағатай ауданында бұрынғы Ақсуат өңірінің жұрты Мұрын анадан, ал Ақжар өңірі Мақта анадан тарайтыны бел­гілі. Ел қадірлеген екі анамызға ескерткіш қойып, аллея ашып, ма­ңайын жасыл желекке ай­­­нал­дырдық. Қос анаға құр­­метіміздің жалғасы іспетті «Тарбағатайдың алтын анасы» атты төс­бел­гі жасаттық. Бұл төс­бел­гі ауданға ерекше ең­бек сіңірген, иманды ұл, иба­лы қыз тәрбиелеген, ең­­бегімен ел құрметіне бө­лен­ген аналарға беріледі.

Елбасымыз жақында жа­рық көрген мақаласында атап өткендей, туған жерге ту тігіп, перзенттік па­рыз­бен өскен, өнген же­ріне қол ұшын созып жүрген белгілі азаматтар аз емес. Өзгелерге үлгі-өнеге болсын деп осындай азаматтардың ана­ла­рына құрмет көр­се­ту­деміз. Мәселен, жер­ле­сіміз Семейдегі Қазақ ин­нова­циялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева ауданға 23 грант бөлді. Бұл гранттарды біз әлеу­меттік жағдайы төмен от­ба­сылардың балаларына бөліп бердік. Туған жердің түтінінің түзу ұшуына ті­лек­ші осындай адамдарға құр­метіміз арта береді», дейді аудан басшысы.

Аталған төсбелгіге ие болған аналардың бірі Ақ­суаттың іргесіндегі Екпін ауылында тұратын 6 бала тәрбиелеп, 17 немере, 33 шөбере сүйіп отырған тыл ардагері, «Күміс алқа» ие­­гері – Жамал Хасенова. 1932 жылы дүниеге келген кейуана балалық шағы өгіз мініп, жер жыртумен, тұқым себумен өткенін еске алады. «Өгіз дегенің ол уақта ат қой, қарағым. Ая­ғымыздан су кешіп жү­ріп еңбек еттік. Бір түйір бидайды бөліп жедік. Ашар­шылықты да көрдік. Бәрін көрдік. Аллаға тәубе, қазір молшылық заман ғой, бәрі молынан болсын», дейді қария.

Немере-шөбересінің қы­­зығына бөленіп отырған Жамал Хасенова мектепте 30 жылға жуық еден жуу­шы болып еңбек етіпті. Сек­сен алты жасқа келсе де санасы сергек, тың. Екпін ауылының әкімі Бейбіт Сербатыров Жамал апаның былайғы жұрт көп біле бермейтін ерекше қасиетін айтты. Апамыз жас кезінде пеш салушы болыпты. Мек­тептен қолы қалт еткенде ауылдастарының пе­шін салып береді екен. Ж.Хасеновамен 41 жыл бірге тұрған үлкен келіні Күләш Исина кейуананың қолынан келмейтіні жоқ ісмер екенін, барлық не­мере-шөберелерін өз қо­лымен аяқтандырып, бү­гінде ауылдың батагөй қа­риясына айналып отыр­ғанын айтты.

Аналарды ардақтаудың жарқын үлгісін көр­сетіп отырған тар­баға­тай­лық­тардың ізгі тәжі­рибесі жү­рек жылытады.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы