• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2017

Павлодарда саяси қуғын-сүргінге ұшырған суретшілер көрмесі ашылды  

345 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы көркемсурет музейінде «Ешқашан  ұмытылмас» тақырыбындағы  көрмеде 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай  суреттер мен құжаттар қойылды.

Әрқайсысы бір тарих, сан алуан тағдыр. Көрмені облыстық көркемсурет музейі, облыстық мемлекеттік мұрағат, П.Васильев атындағы музей-үйі, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейі ұйымдастырған.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, репрессия жылдарында облысымызға 61 ұлттың өкілдерінен тұратын 42 мың адам қоныс аударылыпты. Олардың ішінде  шешендер, ингуштер, балқарлар, латыш, эстон, грек, парсы ұлттарының өкілдері болды. Қазақтың ұлылығы мен дархандығы арқасында қуғынға ұшыраған өзге халық жерімізде тұрақтап қалды. Мысалы, облысқа атақты ғалым-саяхатшы, Арктика зерттеушісі Гернет Евгений, дарынды инженер, кеңес сауда флотының бастауында тұрған Юлий Венске және басқа да репрессияға ұшыраған азаматтар қоныс аударылды. Осы жерде жерленді. Ұрпақтары бізбен бірге осы жерде тұрып жатыр.  Зобалаң тұсындағы қырғында өңіріміздің 6 мыңға жуық адамы сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны болды.

Сарғайған суреттердің көмескі  іздері Жүсіпбек Аймауытов, Павел Васильев, Арын Сүлейменов, Ермұхан Бекмаханов, Қабыш Бердалин, Жұмасейіт Шанин, Зейін Шашкиндей ұлы тұлғаларды еске салады. Аштықтан қырылғандардың санын есептеу мүмкін емес. Музей өкілдері облыста ашаршылық құрбандары жерленген 37 зират бар екенін анықтапты.

 Ал «Ешқашан ұмытылмас» тақырыбындағы 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу көрмесіне кезінде Қазақстанға жер аударылған  суретшілер Абрам Черкасский, Ленонид Брюммер, Елизавета Говорова, Исаак Иткинд, Владимир Эйферт тердің суреттері қойылған. Көрме 20 маусымға дейін жалғасады. Музей қорында жалпы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің 214 шығармасы сақтаулы тұр.

Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан»

Павлодар