• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2017

Өскеменде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

360 рет
көрсетілді

Бүгін Өскеменде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу бөлімінде ашық есік күні болып, музей ұжымы «Ызғарлы жылдар ел есінде» атты еске алу шарасын өткізді. Шараға келген шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері саяси қуғын-сүргін құрбандарының туыс-туғандарының естеліктерін тыңдады.

«Менің әкем Темірхан қарапайым шаруа адамы болған. «Байдың қызына үйленді» деген айыппен Сібірге, Таймыр түбегіне отбасымен бірге жер аударылды. Менің жолдасым Сейітқали Бәжікенов те әкеммен бірге 10 жыл абақтыда бірге отырды. Болашақ жарыммен сол жақта таныстым. Елге тек 1956 жылы оралдық. Жолдасым егемендік алған тұста ғана ақталды. Ол кісі осыдан 13 жыл бұрын өмірден озды. Біз көрген қиындықты ешкімге бермесін», деді кездесуде сексеннің сеңгіріне шыққан Әсипа Бәжікенова.

Сонымен қатар, бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университетте «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға қаладағы қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тарихшылар, ақсақалдар, жастар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысып, ойларын ортаға салды. Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Ошақбаев дөңгелек үстелге келген жұртшылыққа қала әкімі Қуат Тұмабаевтың атынан алғыс білдірді. Басқосу барысында шығысқазақстандық саяси-қуғын сүргін құрбандарына қатысты соңғы жылдары табылған деректерді жинақтап, кітап шығару, деректі фильм түсіру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген: Есімхан ОРЫНБАЕВ