• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Маусым, 2017

Сарапшылар денсаулықты сақтандырған жөн дейді

118 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сараптамалық дөңгелек үстелінің отырысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

 Партия хатшысы Наталья Годунова 1 шілдеден бастап денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйе – міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыруды енгізумен еліміздің әлемдік стандарт­тарға ұмтылып отырғанын алға тарта келе, сөз кезегін сарапшыларға ұсынды. Отырыстың негізгі ұйымдас­тыру­шысы, Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская: «Тәуелсіздік алған­нан бері Қазақстанда денсаулық сақтау жү­йесі айтарлықтай дамыды. Қазір еліміз­де осыдан 10 жыл бұрын мүмкін емес­тей көрінген күрделі операциялардың жа­салуы­на таңғалмайтын болдық. Деген­­мен, денсаулық саласында көп­теген шешімін күтетін мәселелер бар», дей келіп орталық жүргізген әлеу­мет­тік зерттеулер қорытындысын ұсынды. Сарапшы респонденттердің 44 пайызының медициналық қызмет­ке қанағаттанарлық деп баға бергеніне тоқталды. Бір есептен бұл әжептәуір жоға­ры көрсеткіш, алайда бұл ел халқы­ның жартысына жетпейді, сондықтан да салада атқарылар жұмыс салмағы қомақ­ты екенін айтты.  «Стратегия» әлеуметтік саяси зерт­теулер орталығының президенті Гүл­­мира Илеуованың сөзі салмақты шық­ты. Негізінен әлеуметтік зерттеулер­ге негізделіп жасалған баянда­ма­дан не аңғарылды? Алдымен МӘМС жү­йе­сінің енуіне байланысты жүр­гізіл­­ген сауалдамаларды зерттеу бары­сында халықтың бұл мәселеге жете мән бермейтіні анықталған. Мәсе­лен, 2016 жылы МӘМС енгізуді халық­тың 40,9 пайызы қолдаса, 31,5 пайы­зы наразылығын білдірген. Тіпті рес­понденттердің 14,2 пайызы нем­құрай­лы қарап, 13,4 пайызы жауап беруге қиналған көрінеді. Жалпы алған­да, халықтың 70 пайызының ақпа­рат­тандырылу деңгейі төмен дең­гейде, деді сарапшы. «Сіз МӘМС жүйе­сін білуге, түсінуге тырыстыңыз ба?» деген сауалға әрбір оныншы адам қызығушылығы жоқтығын, есесіне жалпы денсаулық сақтау жүйесі­нің жұмысына қатысты негізінен 3 мә­се­ленің андағайлағанын алға тартты. Ол – дәрі-дәрмек бағасының қымбат­тығы, медициналық қызмет үшін бағаның жоғарылығы, медициналық мекемелердегі ұзыннан-ұзақ тұратын кезектер мен медицина қызметкер­лері білік­тілігінің төмен деңгейі екен. Расында, осы үш мәселенің де өзекті екені айқын. Тіпті соңғы 3 жылдың ішінде «Нұр Отан» партиясының рес­пуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөлі­міне түскен 11 мыңнан астам өтіні­шті соның айғағы деуге әбден бол­ады. Бұл бүгінгі медицинадағы жалпы жұрт­шылықтың БАҚ беттерінде қозғайтын, күнделікті бір-бірімен кездескенде айтатын, қанша сөз етілсе де онша өзгермей келе жатқан ең бір осал тұсы екені анық.   Астана қаласындағы Онкологиялық диспансердің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев ел бойынша бірнеше жыл­дың жүзінде жүргізіліп келе жатқан скри­­нингтің маңызына тоқталды. Шыны керек, мемлекет тарапынан қар­жы­лан­дырылатын аурудың алдын алуға не­гіз­делген осы жүйенің қадірін көпшілік біле бермейді. Емханалардың шақырғанына бармай, уақытын созып, тегін қаралып, жыл сайын қатерлі аурулардан сақ­тан деген жақсы жобаға қатысуға мән бер­мейді. Соның өзінде бас дәрігердің айтуын­ша, бұрынғыға қарағанда, қатер­лі ісік ауруларын бастапқы кезінде анық­тауға скринингтің көмегі болуда.  Сараптамашылар отырысына қатыс­қан дәрігерлер қауымы аймақтық ден­сау­лық сақтау мәселесінде ақпарат­­тық тех­но­логияларды енгізу, нәресте өлі­­мін төмен­дету, маман тапшылығы бо­йын­ша ат­қарыл­ар көп істер жайын­дағы ойларымен ортақ­тасты. Соңында ден­саулық сақтау сала­сын жаңғырту мәсе­ле­леріндегі олқы тұс­тарды жою үшін ұсыныстар әзірледі. 

Анар Төлеуханқызы, «Егемен Қазақстан»