Дөңгелек үстел жұмысына белгілі отандық сарапшылар мен саясаттанушылар қатысты. Олардың қатарында: Айдар Әміребаев – Қолданбалы саясаттану және халықаралық зерттеулер орталығының жетекшісі; Айдос Сарым − саясаттанушы; Рүстем Қадыржанов – ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институты саясаттану бөлімінің этносаяси зерттеулер секторының меңгерушісі; Қанат Нұров − «Аспандау» қорының президенті; Бөріхан Нұрмұхамедов − саясаттанушы; Дәурен Сәкенұлы − «Рейтинг.KZ» зерттеу агенттігінің директоры болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен жандандыру және жүзеге асыру мәселелерін, сонымен қатар, бұл процеске әсер ететін факторлардың алдын алуды талқылады. Сарапшылардың айтуынша, урбанизация мен мәдени жаһандану процестеріне байланысты өзгеріп отыратын қоғам мен қоғамдық сананың дағдылануы әлеуметтік-экономикалық жетістіктің маңызды көрсеткіші болып табылады. Сондай-ақ, қатысушылар ұлттық мәдени код пен ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сананың әртүрлі полюстерін келістіру де өте маңызды шарт екенін атап өтті. Жалпы, пікірталасқа қатысқан мамандар біздің қоғамға қатысты жаңғырту жұмыстары қалай жүзеге асатынын әлі де түбегейлі зерттеу керектігін айтты. Олардың сөзінше, ұлттық бірегейлікке қатысты жаңғырту процесі барысында туындайтын ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге көп көңіл бөлу керек. Атап өтейік, ӘЭСИ пікірталас алаңы Елбасының стратегиялық идеяларын насихаттау мен оларды жүзеге асырудағы тәжірибелерді қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп келеді.
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ