Көрген адамға, келген адамға ауқымы кең, екі күндік фестиваль уақытты кері айналдырып, өткен тарихқа саяхат жасатпақ.
Бұл фестивальде қаз-қатар тігілген он екі қанатты ақшаңқан 60 үй тігіліп, көшпенділер шеруі салтанат құрады. 10 мемлекеттен келген ат құлағында ойнайтын шабандоздар өнердің сан түрін көрсетеді. Ең үздік этномузыканттар даланы дүбірлетіп, көкпар тартылады. Оған қоса аударыспақ, қыз қуу, асауға тұсау салу ойындары өтеді.
Қолөнер шеберлері мен ұсталар ісмерлігін паш етсе, балалар алаңы, алтыбақан, күй тартыс келгендердің көңілін көтереді. Қыран құс пен құмай-тазы сынды бабадан қалған мұраның барлығы осы тойдан табылмақ. Түнгі алау басындағы ойындар да жастарды қызықтыра түсері сөзсіз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, түрлі ұлттық ойындар ойналып, сан-алуан сайыстар ұйымдастырылады.
Сондақ-ақ, тақырыптық секторлар жұмыс істейді. Мәселен, «Алмалы» атты қолөнершілер ауылында шеберлік сабақтары өткізіледі. Көрермендер тек тамашалап қана қоймай, маманның көмегімен саздан құмыра жасап көреді. Ал «Шабыт» музыканттар ауылында байқау өтеді. Көрермендер түрлі аспаптарда ойнап, бақтарын сынайды, ұлттық тағамдардан дәм татып, жасау құпиясымен танысады. Кәсіби бүркітшілер мен палуандардың өнерін тамашалайды. Осылайша, келген көрермендер, меймандар көшпенділер өмірін өз көздерімен көріп, тұрмысымен танысады. Сондай-ақ, көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, сыйлық берілмек.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»