• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2017

ОҚО әкімінің тікелей эфирдегі сұхбатына 600-ден астам сұрақ түсті

238 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында тікелей эфирде сұхбат берді.Телеарнада өткен «Әкім сағаты» хабарында өңір басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының облыста жүзеге асырылуы бойынша баяндап, аймақ тұрғындарынан келген сауалдарға жауап берді.

Сұхбат басында әкім облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндама жасап, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау сынды негізгі салалар шеңберінде жеке-жеке тоқталды.

«Облыста биыл алғаш рет жібек шаруашылығы қолға алынды. Өңірге бағытталған инвестиция көлемі 1,6 есеге артты. Елбасы Жолдауында атап айтылғандай ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қазірге 50 мың отбасыны біріктірген 468 аул шаруашылығы кооперативтері құрылды. Тасқын судың алдын-алу әрі егістік алқаптарды суландыру мақсатында өзендердің бойынан 16 су қоймасын жүргізу жоспарлануда. Оған 9,3 млдр. теңге қаралып, нәтижесінде 17 мың алқап суландыру көзделуде. Биыл елді мекендерді газдандыру жіне електр энергиясымен қамту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылатын болады», - деді әкім.

Бас-аяғы 1,5 сағатқа созылған жүздесуде арнайы мамандардан құралған «Call-орталықта» телефон, электронды пошта, whatsapp желісі және Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің фейсбуктегі ресми парақшасы арқылы сауалдар келіп, облыс жұртшылығы өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

Тікелей эфир кезінде, сауалдардың басым бөлігі whatsapp желісі арқылы келіп, ондағы негізгі сұрақтар ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, коммуналды шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, туризмді дамыту сынды маңызды салаларға қатысты болды.

Сұрақ жолдаушылардың арасында республикамыздың өзге облыстарынан, хабарласқан көрермендер аймақ басшысымен тікелей бейнесұрақ арқылы дидарласып, толғандырған мәселесінің жауабын алып, ұсыныстарын жолдай алды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бүгінде еліміздің Ақтау қаласында тұрып жатқан А.Жайылғанова ішкі туризмді дамыту жайына алаңдап, өзге облыстар тұрғындарын Оңтүстікке жиі келтіру мәселесін көтерсе, кезінде күнгейден теріскейге көшіп барып, дәл қазіргі таңда онда егін шаруашылығымен айналысып, пайданың көзін тауып жүрген С.Мырзахметов Оңтүстік тұрғындарын Солтүстікке көшіру мәселесіне әкімнің өзі атсалысуын өтінді. Жалпы, бұл күні аймақ басшысымен болған тікелей эфирге өңір тұрғындарынан жалпы саны 600-ден астам сұрақ жолданды. Санаулы уақыт ішінде келіп түскен сұрақтарға мейлінше жауап берген Ж.Түймебаев тұрғындардың мәселесін дер кезінде шешуге атсалысатынын жеткізді.

Айта кету қажет, әкіммен сұхбат барысында жауап беріліп үлгерілмеген сауалдардың жауабы алдағы уақытта облыс әкімінің ресми сайтында жарияланатын болады.