• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2017

«Smart zholy» – цифрлы экономикаға жол тартты 

347 рет
көрсетілді

«Smart Zholy» жобасының жеңімпаздары елімізде цифрлы экономика құруға атсалыспақ. Қазақстанның келешегін мобильді, цифрлы экономикамен байланыстыратын жастар қазіргі күні бұл бағытта тынымсыз ізденіп, тіпті кейбір стартаптарын іске қосып үлгірген. Бұл туралы «Smart Zholy» бағдарламасының қорытынды таныстырылымында айтылды.

«Smart Zholy» бағдарламасын Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті ­– Елбасының қоры биыл наурыз айында жариялаған болатын. Аталмыш жоба аясында IT саласындағы отандық программистерге халықаралық компаниялармен бірлесіп бірегей инновациялық өнім әзірлеуге және сервис құруға мүмкіндік берілді. Бағдарлама қазақстандық стартаптардың сапасы мен олардың болашағына, әсіресе, жастар жобасына қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.

«Smart Zholy»  Оңтүстік Азиядағы «Echelon Asia Summit» жетекші стартап-алаңымен бірлесіп жасалған. Жобаның басты ерекшелігі – конкурстық негізде іріктеліп алынған жеңімпаздардың әлемнің жетекші технологиялық хабының бірі – Сингапурге жолдама алуында болды. Яғни, қазақстандық үздік программистер шетелдегі ірі компанияларда тәжірибеден өте жүріп өз жобаларын жүзеге асырды.

«Smart Zholy» жобасының негізгі мақсаты − жастардың стартаптарын тек қана Қазақстанға емес, ғаламдық нарыққа шығару, Мемлекет басшысының Жолдауында қозғалған экономиканы жедел жаңғырту және цифрлы экономиканы құру міндетін орындай отырып, елімізді технологиялық саласын жетілдіру болатын. Жоба екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезең Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында өткізілді. Екінші кезең елімізді тұтас қамтыды. 10 команда жеңімпаз деп аталды.

Сингапур елінде біздің мамандар ең атақты деген екі компанияда ­- ­ (əлемдегі ең үлкен порттың бірі) PSA портының жəне Parkway Pantai медицина орталығында болған. Қазақстандық программистер компанияның IT-мен байланысты бизнес мүмкіндіктерін жетілдіруге көмектескен. Ал бүгінде олар тәжірибелерін өз идеяларын жүзеге асыру жолында қолдануда. Шетелді мойындатқан жобаларын қазақстандық компанияларға ұсынып, тіпті кейбірінен арнайы тапсырыс та алып үлгірген. Яғни, телекоммуникация, логистика, қаржы және денсаулық сақтау саласындағы ірі корпорациялардың өтінімдері бойынша жобалар әзірледі.

Динара Бітікова,

«Егемен Қазақстан»