• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2017

Кавказ түйіні: үміт пен күдік 

276 рет
көрсетілді

Таулы Қарабаққа байланыс­ты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс қимылдарының тоқт­а­тылғанына ширек ғасырға жуық­тады. Өкінішке қарай, бірнеше мың адамды құрбан еткен, мыңдаған бейбіт тұрғынды босқынға ұшыратқан сол қарулы қақтығыстар соңғы жылдары қайта бой көрсете бастағандай...

Таулы Қарабақ проблемасы дегенде, ең алдымен, Елбасымыздың осы мәселеге қатысты бастамасы ойға оралады. Дәлірек айтқанда, 1992 жылдың 27 тамызында Алматыда Қазақстан Президентінің бастамашы болуымен Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысты реттеу мәселелері бойынша үшжақты келісім басталған еді. Оған Әзербайжанның, Арменияның және Қазақстанның сыртқы істер министрлері қатысты. Келіссөздің бірінші турынан кейін де, келіссөз аяқталған соң да оған қатысушыларды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қабылдап, қазіргі кездегі басты міндет қақтығысты тоқтатудың нақты жолдарын іздестіру екенін атап өткен болатын.

Сол қабылдаулар барысында Әзербайжан мен Арменияның министрлері Қазақстан басшысына қантөгісті тоқтатудағы қайраткерлігі және бітімгершілік қызметі үшін алғыстарын білдірген-ді. Келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған меморандумда екі елдің министрлері Әзербайжан мен Арменияның соғыс қимылдарын 1992 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тоқтатуға дайын екендіктері мәлімделген. Бұл мерзім президенттер – Н. Ә. Назарбаев, Ә.Елшібей және Л.Тер-Петросян арасындағы уағдаластық бойынша келісілді. Арада бір аптадай уақыт өткенде, яғни 3 қыркүйек күні Әзербайжанның Қазақ ауданы мен Арменияның Иджеван ауданы аралығындағы шекарада аталған екі ел президенттерінің, сондай-ақ Қазақстан басшысының арнайы өкілдерінің қатысуымен Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды. 

Елбасымыздың бастамашы болып, бітімгершілік танытуының арқасында орнаған екі ел арасындағы тыныштық ширек ғасырға жуық, нақты айтқанда, өткен жылдың сәуіріне дейін сақталып келді. Рас, әр жылдары қос тараптан да оқ атылған оқиғалар болды, адам өліміне соқтырған жағдайлар да кездесті. Ал өткен жылғы сәуір айының басында төрт күнге созылған Әзербайжан мен Армения әскерлері арасындағы қарулы қақтығыс солардың бәрінен асып түсті. Кейбір ақпараттарға қарағанда, қақтығыс 200-дей адамның өмірін жалмаған. Тараптар бір-біріне қарсы ауыр артиллерия мен танкке қарсы атыс қаруларын да қолданған. Бұдан бөлек, осы жылғы 4 шілдеде Армения әскерлерінің атқан зымырандарынан Әзербайжанның Алханлы елді мекенінде екі жастағы қыз бала мен оның әжесі қаза тапқаны жөнінде ақпарат та тарады. 

Бірқатар сарапшылар Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен шешу мүмкін емес деген пікір айтады. Мұның астарында Әзербайжан мен Арменияны кең көлемдегі қарулы қақтығыстарға «шақыру» жатқанын байқау қиын емес. Себебі, өткен жылғы сәуірдегі қай­ғылы жағдайдан кейін екі тарап та «соғыс қимылдарын қайта бастауға» кетәрі емес екендіктерін ашып айтпаса да, оны өздерінің іс-әрекеттері арқылы сездір­гендей болды. Оның үстіне, осы қақты­ғыста Әзербайжан әскерлерінің армяндар бақылауындағы жерлерінің біршама аумағына қайтадан бақылау орнатуы әзербайжандық қоғамдастықтың өз қарулы күштеріне деген сенімін оятты.

Қарулы күштер демекші, 2006 жылдан ресми Баку өздерінің қарулы күштерін қаржыландыру, қорғаныс салаларын озық үлгідегі қару-жарақ түрлерімен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық бере бастады. Сондай-ақ, қазіргі кезде Баку мен Ереван Таулы Қарабақ жанжалын реттеудегі ЕҚЫҰ-ның Минск тобына деген сенімі азайғанын, топ жұмысы тоқырауға ұшырай бастағанын ашық мәлімдеп отыр. Өйткені, Армения мен Әзербайжан президенттерінің өткен жылғы Вена және Санкт-Петербургтегі жоғары деңгейдегі кездесулері күткендегідей нәтиже бермеді. Осы кездесулерде тараптар өзара ынтымақтастықты бастауға ыңғай танытады деп күтілген еді. Ал мем­лекеттер басшыларының ендігі кезде­суін осы жылдың соңына қарай өткізу қа­рас­тырылып жатқаны жөнінде ақпарат бар. Жалпы, Таулы Қарабақ түйінінің қалай және қашан шешілетінін дөп басып айту қиын. Қос тараптың да қоятын талабы, өзіндік ұстанымы бар. Баку Таулы Қарабақтың өзін өзі басқаруы Әзербайжанның ішінде болуы қажеттігін талап етуде. Ереван Таулы Қарабақ халқы өз тағдырын Әзербайжаннан тыс айқындауы тиіс деп санайды. Ал уақыт болса зымырап өтіп жатыр. Ол біреуіне – тиімді, екіншісіне – тиімсіз. Өйткені, мәселенің ұзаққа созылуы үмітті азайтады, күдікті көбейтеді.  БҰҰ кезінде Таулы Қарабақ мәсе­ле­сін бейбіт жолмен реттеуге байланыс­ты қарарлар да қабылдаған. Халық­аралық қоғамдастық беделді Ұйым­ның құжаттары негізінде осы түйінді проблеманың бейбіт жағдайда шешілуіне үміт артады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»