Астана қаласы құрылысының қарқыны мен әлеуеті хақында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ақиқатында заманауи талаптарға сай дамыған астаналық құрылыс индустриясы бүгінде қандай да міндеттерді шешуге қабілетті. Оған әлемнің жүзден астам мемлекеттері өздерінің озық технологиялары мен жетістіктерін паш еткен бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі – ЭКСПО-2017 қалашығын қазақстандық құрылысшылардың өз күшімен, өз технологияларымен салғандығы дәлел.
Жақында елордамыздың құрылыс саласында бүкіл ТМД мемлекеттерінің кеңістігінде тұңғыш рет тағы бір әлеуметтік қанатқақты жобаның іс жүзіне асырылғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Бас қаламызда апатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы ірі жобаның алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл маңызды әлеуметтік жобаның алдын ала бекітілген жоспары бойынша, елімізде алғаш рет елордада 2017 жылға дейін 228 көп пәтерлі апатты тұрғын үйлерді бұзып, тұрғындарды жайлы да жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету керек. Қаламыздағы апатты тұрғын үйлердің жалпы көлемі 150 мың шаршы метрден асады. Яғни, бұл бағдарлама аясында мыңдаған отбасын апатты үйлерден жаңа пәтерлерге көшіру қажет. Міне, осы әлеуметтік жобаның алғашқы кезеңі мерзімінен бұрын орындалып, 228 көп пәтерлі тұрғын үйлер бұзылып, оның тұрғындары 7500 жаңа пәтерге ие болды. Жылдар бойы тозығы жеткен апатты үйлерде тұрып келген астаналық тұрғындар заман талаптарына сай салынған қолайлы да жайлы пәтерлерде қоныс тойларын тойлап, егемен елдің ертеңіне деген сенімдерін шыңдай түсті. Бұл жас елорда үшін де, астаналықтар үшін де үлкен қуаныш.
Өткен жылдың аяғында құрылыс компаниялары өкілдерімен болған жиында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесінің маңыздылығына тоқтала келіп, «Мемлекеттік бағдарламалар аясында және жеке инвестициялар арқылы салынатын барлық жобаларды есепке алғанда алдағы бес жылда Астанада 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделініп отыр. Бұл – 100 мыңнан астам пәтер. Жылына елордада орта есеппен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады», деп атап көрсеткен болатын.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған әлеуметтік жобаны жүзеге асырмастан бұрын 2013 жылы бас қаламыздағы тұрғын үй қорына жан-жақты талдау жүргізіліп, арнайы құрылған ведомствоаралық комиссияның шешімімен негізгі құрылыс конструкциялары мен инженерлік желілері әбден тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 1940-1970 жылдары салынған 228 көпқабатты тұрғын үй енгізіліп, бұл үйлер 2018 жылға дейін іс жүзіне асырылатын жобаның бірінші кезеңімен қамтылған болатын. Ескі және апатты жағдайдағы көп қабатты тұрғын үйлерді бұзу және олардың тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету жөніндегі жобаның екінші кезеңі 2018 -2020 жылдары жүзеге асырылмақ.
Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бұл игі жобаның екінші кезеңін іс жүзіне асыруды қолға алмақ. Екінші кезеңнің жоспары бойынша қаламыздағы өткен ғасырдың ортасында салынған 150 көппәтерлі апатты тұрғын үй бұзылып, жалпы аймағы 600 мың шаршы метрді құрайтын 8500 жаңа пәтер салынуға тиіс. Ерекше атап өтерлік бір мәселе, қала әкімдігі осы әлеуметтік қанатқақты жобаны орындау үшін арнайы өкілетті компания құрған болатын. Қазір «Елорда даму» атты бұл компания жобаның екі кезеңіне белгіленген міндеттерді орындауға жұмылған.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Астана тұрғындарының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі бір адамға шаққанда 15 шаршы метрден 25 шаршы метрге дейін өскен екен. Елбасы «Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды», деп атап көрсеткен еді. Ендеше, Елбасының ерекше назарындағы елордадағы құрылыс қарқыны еліміздің әлеуметтік әлеуетін одан әрі де арттыра береріне еш күмән жоқ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»